Бабалар жолы – бақыттың жолы

    Қарағанды жастарының бастамасымен, облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қолдауымен, «Шұбаркөл-Көмір» АҚ демеуімен туғанына 350 жыл толған Қаздауысты Қазыбек би мұрасы және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ел арасында терең насихаттау мақсатында жолға шыққан «Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым» Халықаралық автокеруенінің 12 күнге созылған тарихи сапары мәресіне жетті. Мәресіне ғана емес, мақсатына жетті. Асқақ рух, орасан олжамен оралдық қазыналы Қарағандыға.

    Соңымызда 5500 шақырым жол қалды. Мәселе бекітілген бағыттағы жолды жүріп өтуде емес, тарихи сапардың түпкі мақсатында екендігін барлық керуен мүшелері түсініп, арқалаған аманатымыздың жауапкершілігінің зор екендігін мойындауында болды. Бабалар ізінен ізгілік танып, Қазыбек баба жолынан болашақтың нұрлы келбетін көрдік. Сондықтан да, сапарнамамызға «Бабалар жолы – бақыттың жол» деген айдар таққанды жөн көрдік. Патша көңілдеріңіз бізбен бірге сапарласын!

   Бұған дейін ажарлы Арқа төсіндегі, киелі Сыр өңіріндегі сапарымыздан сыр шерткен болатынбыз. Ендігі сапар қойнауына сыр бүккен ежелгі Сығанақ қаласының орнынан бастау алып, көк күмбезді Түркістан, Төле би бабамыздың мәңгілік мекені Тәшкент, Әйтеке бабаның жамбасы жерге тиген Науаи, шырайлы Шымкент, тарихи Тараз, базарлы Балқаш, Алаштың алтын бесігі Ақтоғай, қамыс-қоғасы күй Қыздарбектің, Әбікеннің күйін шерткен Ақсу-Аюлыда жалғасады.

Сыры – жұмбақ, нұры – қымбат

Сығанақта

Ақмешіттен аттанған сәтте Рух атты арғымақтың жалына жармасқанбыз. Өйткені, Қазақ мемлекетінің бір кездегі астанасы Қызылордадан шығарып салған жастар бізді ерекше рух құшағына бөлеген. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев мырзаның өзі біздің сапардың тарихи салмағы мен маңызына ерекше тоқталып, көршілес екі облыстың ортақ мүддесі туралы ордалы ой қозғаған еді. Ел ағасы, жер иесінің сол пікірімен қанаттанған біздер Жаңақорған ауданының аумағындағы ежелгі Сығанақ қаласының орнына құстай ұшып жеткенбіз. Қысқасын айтқанда, астаналар еліндеміз. Қазақ мемлекетінің алғашқы астаналарының бірі Ақмешіттен аттанған керуен Қазақ хандығының тұңғыш астанасы Сығанаққа ат басын тіреді. Алдымызда – тұтас түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан. Оған осы төңіректе алты Алаштың баласына ордалы орталық болған көне Шірік, Рабат, Сауран қалаларын қосыңыз… Жалпы, бабалар рухы осы мекендерді мәңгілікке мекендеп қалғандай көрінді маған. Неге десеңіз, біз ежелгі Сығанақ қаласының топырағына табанымыз тиген сәтте азынай соққа жел азаттық аңсаған бабаларымыздың деміндей әсер етті. Жергілікті тарихшылар көне Сығанақтың сырын тербеп, ескі қала орнының оғыздан қалған олжасын, қыпшақтан қылған қыруар тарихын айтып жатыр. Біз үшін тарихшылардың айтқаны емес, ежелгі Сығанақтың әр тасы сөйлеп, өз құпиясын өзі ашып тұрғандай көрінгені маңызды болған секілді. Дегенмен, ресми тарих – құнды. Біз тоқтаған Сығанақтың тарихы былай деп сыр төгеді.

Сығанақ, Сунақ – ортағасырлық қала орны. Қызылорда облысы Төменарық тау жыныстары стансасының солтүстік-батыс жағында 10 км жерде орналасқан.

Қаланы 1867 ж. П.И. Лерх, 1906 – 07 ж. И.А. Кастанье, 1947 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекші А.Н. Бернштам) зерттеген. Қала туралы алғашқы дерек X ғасырдағы парсы шығармасы “Худуд әл-Әлемде” кездеседі. Ертедегі Сығанақ қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Сығанаққа көшпелі елдер мал, ет, тері, жүн, т.б. әкеліп, өздеріне қажетті заттарын алған. Сол кездегі тарихшылар Сығанақты “Қыпшақ даласының гаваны” деп атаған. Шыңғыс хан шапқыншылығынан бұрын Сығанақ Хорезмшах Текештің қол астында болған. 1219-1920 ж. Сығанақты Жошы әскері басып алып, қарсылық көрсеткендерді қырғынға ұшыратты. Осы кезден бастап қала Жошы ұлысының (Алтын Орда) құрамында болды. XII ғасырдың 2-жартысында қала қайта жандана бастады. Жошы ұрпақтары кезінде Сығанақ Ақ Орданың орталығы болып, онда теңге соғылған. XV ғасырдың 80-жылдары қаланы қазақ ханы Бұрындық биледі, ал маңы қазақ тайпаларының қысқы қоныстарына айналды. Осы кезден бастап Сығанақ пен оның төңірегі біржола қазақ хандығына қарады және негізгі саяси, экономикалық орталықтардың бірі саналды. XV-XVIII ғасырларда қала бұрынғысынша сауда және қолөнер орталығы болды. XVII-XVIII ғасырларда бірнеше рет жоңғар шапқыншылығына ұшырады. Осы шапқыншылықтар және басқа да әр түрлі себептерден қала бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатты. 1801 жылғы “Сібірдің сызба кітабында” да Қазақстанның Сырдария алабындағы қалалардың бірі деп көрсетілген. Қаланың қазіргі орны 10 га жерді алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Жан-жағында көптеген үйінділер, ертеде су жүргізілген құрылыс іздері сақталған. Археологиялық қазба барысында табылған заттарға қарағанда Сығанақ VI-XVIII ғасырларда өмір сүрген.

Міне, осындай тарихы тым тереңдегі Сығанақ қаласының орнында тұрып, қайран Қазыбек бабамыз Сырдың бойын ен жайлап, Арқаға аңсар көңілмен аттанғанда толғанбай өтті дерсің бе деген ойдың құшағында шырмалдық. Бәлкім, бабамыздың «Алтын ұяң – Отан қымбат» деп басталатын тарихи толғамы осы топырақта айтылуы мүмкін ғой.

Керуенбасымыз Мирас Құттыбайға: «Ризамыз саған! Көрсетпегенің жоқ-ау!» деген қалжыңы аралас ризашылығымызды білдіріп, атқа қондық. Керуен құрамындағы көшбасшымыз, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков тікелей өз демеушілігімен Арқа жастарын Сыр бойына саяхатқа бастап келемін деп еді. Сол сапарда Сығанақ шет қалмаса екен деген ниетпен. Өйткені, Сығанақ қаласының орнында шағыл құмға көмілген тас қабырға ғана емес, ұлтымыздың тарихы жатыр екен…

Түркінің төрі – Түркістанда

Күн көкжиекке еңкейіп, айнала қызыл шапаққа бөленген шақта тұтас түркі әлемінің киесі де, иесі болған Түркістанға табан тіредік. Қазыбек бабамыздың мәңгілік мекені болған қастерлі мекен қақпасында бізді Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, ұлт жанашыры, белгілі кәсіпкер Баймахан Сүлейменов қарсы алды. Қазақы дархандық, даладай кең пейіл алдымыздан шықты. Даладай дархандықпен жайылған кең дастарқан басында отырып, кеңдікті, елдікті ту еткен бауырлардың ынтымақ-бірлігін таныдық. Кәсіпкер һәм депутат мырзаның жанында қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Жанболат есімді жігіт жүрді. Жақсының жанында жүрген жайсаң жігіттің тегін сұрауға дәтіміз бармады. Көңілінен көшелілік, пейілінен парасат аңғарған соң, тегін сұрап не қылайық дедік, білем…

…Түркістанға таң шапағымен рух келген. Қарағандыдан рух жоқшысы, мәдениет майталманы, облыс әкімінің кеңесшісі Рымбала Омарбекова бастаған ресми делегация келді. Құрамында ардагер аға Тілеубек Зейнешов, белгілі тіл жанашыры Бақытқали Мұсабеков, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекова, Қарқаралы аудандық «Қарқаралы» газетінің бас редакторы Рымбек Смағұлов және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері бар. Бір сөзбен түйіндесек, Қазыбек баба ұрпақтары Арқа жерінен баба аманатын арқалап келгендей. Аманат пен ақиқат қауышты түркі әлемінің бесігінде! Аманаты – белгілі, ақиқаты – Қазыбек бабаның мәңгілік бесігі.

Рух бесігіндегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі алаңындағы салтанатты митингіде Қарағанды облысы әкімінің ыстық ықыласқа толы сәлемін жеткізген Рымбала Кенжебалақызының сөзі тұла бойымызға қан жүгіртіп, Қазыбек баба рухына тағзым еткелі келген Арқа жұртының риясыз пейілін танытқан. Сол серпін бізді бабамыздың мәңгілік қонысына асықтарды. Кесенеге келіп, баба рухына құран бағыштадық. Қабіртасын құшақтап, құлшылық етік. «Кіші Мекке» атанған қасиетті мекендегі мінәжатымыз мұнымен шектелген жоқ. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәжіліс залында өткен қала жастарымен кездесудегі толғанысты тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Балмаржан Нарбекова тізгінін ұстаған жарқын жүздесу барысында бабалар жолындағы керуеннің келбетті келешекке сапарлаған тарихи сапарына байсалды баға, лайықты құрмет көрсетілді. Жиын барысында керуен мүшесі, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков қоғамдағы жастар проблемасы мен оның бірлесіп шешу жолдарына қатысты ой-пікірлерімен бөліссе, Бақытқали Мұсабеков ағамыз ұлы тарих алдындағы ұрпақ жауапкершілігі жөнінде салмақты сөз қозғады. Сондай-ақ, ҚХА Қарағанды облыстық хатшылығының меңгерушісі Ерлан Құсайынов мырзаның бабалар көксеген ұлы мұрат бірлік жөніндегі тұщымды тұжырымдары жиналған жастарды бейжай қалдырмады.

Жиыннан кейін дүбір де, рух та саябырлаған жоқ. Қали Байжанов атындағы Қарағанды облыстық концерттік бірлестігі «Арқа сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Аққу» халықтық би ансамблінің «Ұлы Дала үні» атты концерттік бірлестігі мерекелік концерт беріп, жолдан шалдыққан көңілімізге шаттық сыйлады. Біз ғана емес, Түркістан жұртшылығы теңдессіз ықыласпен қабылдады. Керуен құрамындағы Дана Мақшонованың «Бұлбұлы», Медет Осатаевтың «Сайра, бұлбұлы» Арқа бұлбұлдарының үнін Қаратауға жеткізіп жатса, белгілі қобызшы Байқара Сәдуақасов жетекшілік ететін «Арқа сазы» ансамблі қасиетті Қаратауды Арқа сазына бөледі. Айтып-айтпай не керек, Жақан Кемаловтың орындауындағы Мәдидің әні «Қаракесек» Арқа өнерінің дара кесек екенін танытты. Қаздауысты Қазыбек баба ұрпақтарының тарихи керуені кең даланы кернейлету үшін ғана емес, келешекті кемел ету үшін жолға шыққаны осы жолы дәлелденді.

Айтқандай-ақ, сапымызға Тұран тұғыры – Түркістанда қосылған саңлақ спортшы, Олимпиада чемпионы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиевтің қала жастарының алдында ел болашағы саналатын өскелең буынға жүктелер жауапкершіліктің салмағы жайындағы жалынды сөзі де осы Түркістан топырағында ақтарылған. Кең көсілген батыр ұлдың байыпты сөзі түркістандық жастардың ыстық ықыласымен қауышты.

…«Жол ақысы жүрсе бітеді» демекші, біз жолға қамдандық. Қарағандыдан келіп, түркі әлемінің төрінде төркініміздей қауышқан ресми делегация – Арқаға, біз Тәшкентке аттандық.

Төле би жатқан

жердеміз,

Әйтеке жатқан

елдеміз

Керуеніміздің Халықаралық автокеруен атануына мұрындық болған себепкер болған – облыс әкімі Ерлан Жақанұлы. Көршілес Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігімен мәміле жасасып, керуеннің үш биді бөле-жармай, бір сапарда үш кемеңгер тұлғаның басына бірден тәу етуімізді қош көргені сапарымыздың салмағын арттыра түскені белгілі. Жасыратыны жоқ, бір сапарда қазақтың үш биінің басына тәу еткен тұңғыш керуен біз екенбіз.

…Кедендік бақылау бекетіндеміз. Көңіл – алаң. Көршіміздің бізге деген қабағы қату болмаса да, кедені кеңдік жасамайды дегенді естігенбіз. Өлкемізді танып тұрса да, сөмкемізді қатты тексереді дейді-мыс. Ұялы телефонымыздың жадындағы күдік тудырар хабарламаларды тазалап, түйсігіміз қисынымызды мазалап аттадық шекараны. Абырой болғанда, бізді қарсы алған ағайынның басшысы, Өзбекстандағы қазақ мәдениеті орталығы төрағасының орынбасары Шерәлі Садықов ағамыз отставкадағы полиция полковнигі болып шықты. Кідірткен жоқ. Кібіртіктеген жоқпыз. Керуен бастаған көліктің алдында отырған Шерағаң сұқ саусағымен-ақ сұсымызды танытып, мысымызды ешкімге бастырмады. Бес саусағын көрсетсе, немесе сол бес саусағы жұдырық болып жұмыла қалса, не болар екен деп, біз отырдық…

Ешқайда аялдамастан, Төле би бабамыз жатқан төрге оздық. Кесене ауласында Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев бастаған ресми топ қарсы алып, сол жерде Өзбекстандағы қазақ диаспорасы өкілдерімен кездестік. Төле би бабамыздың рухына тағзым жасап, құран бағышталды. Жанарымызға жас іркіліп, жан дүниеміз тебіренді. Қасиетті бабаның қабіртасын құшақтап, құлшылық жасадық.

Елші ағамыз Ерік Өтенбаевтың елдік мұратты көздеген пікірлері мен екі елдің достық қарым-қатынасы жайындағы еңселі ойлары қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке билерінің көксеген мұратын жаңғыртқандай әсер етті. Елші көсіліп, біз шешіліп… Мауқымызды басып, жадырап қалдық.

Ертесіне ертелетіп Науаи облысын бетке алғанбыз. Көшбасшымыз – Шерәлі аға. Әр қала, әр елді мекеннің шекрасынан шығар сәтте бақылау бекеттері орналасқан екен. Олардың біріне де тоқтап, уақыт жоғалтып жатқан біз жоқ. Шерағаңның сұқ саусағының арқасында. Өзбек ағайындар біздің керуен, біздің көшке таңырқай қарайды. Біз тақымдаған сүліктей қара «Джип» көлігін Өзбекстаннан көре алмай кеттік-ау. Өйткені, мұнда жанармай тапшы екен. Шындығын айтайын, Шерағаңның арқасында «АИ-80» маркалы жанармайды зордың күшімен тауып жүрдік.

Сонымен, Шерағаңның сұқ саусағы шошайып, біздің екі саусағымыз бүгіліп, Науаи облысы, Нұрата ауданына асығып келеміз. Екі саусағымыздың бүгілетін себебі – Қазыбек би, Төле би бабаларымыздың басында болдық. Баба түгендеп келеміз ғой. Мұраты – елдің бірлігі, мемлекеттің тұтастығы болған үш кемеңгердің басына тәу етіп, тағзым жасап, сағынған елге қарай бет түзесек деген ой ғой біздікі. Үшінші саусақ бүгілуіне де санаулы сәт қалды. Науаи Тәшкенттен 600 шақырым қашықтықта жатыр екен. Қызылқұммен, Қарақалпақпен шектесетін шет аймағы. Өзбек ағайындардың еңбекқорлығына тәнті болып келеміз. Құдай-ау, бос жатқан жер жоқ. Ауыл арасы тығыз орналасқан екен. Сол тығыз қоныстанған ауылдар арасында бақша егілмеген, көк желекке оранбаған бір сүйем жер жоқ-ау. Жүлгеленген жүгері, теңгиген қарбыз, сілекей шұбыртар қауын, ақ мамықтай мақта… Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың отандас шаруаларға жерді игеру, Жер-Ананың игілігін тұтыну жөніндегі талабының мәні мен маңызын сонда түсінгендейміз.

…Нұрата қонысындағы Әйтеке бабаның күмбезді кесенесіне де келіп жеттік. Кезінде бульдозермен күреп тастағалы жатқан жерінде, жергілікті Қожалар трактордың алдына жатып, аман алып қалған Әйтеке бидің мәңгілік қонысы. Күмбез кейін қазақ руханиятының көрнекті өкілі, классик жазушы Әбіш Кекілбай мен Қызылорда облысының қазіргі әкімі Қырымбек Көшербаевтың ықпалымен жаңартылып, тұтас кешен болып жабдықталған екен. Кешен аумағына мешіті, қонақ үйі, Әйтеке баба мұражайы кіреді. Аудан әкімі, кесене шырақшысы айтқан әңгімеге сүйенсек, бұл ауданның Нұрата атануының себебі де тікелей қазақтың Әйтеке биінің қасиетімен байланысты екен.

Санамыз жаңғырып, сапымыз сән құрып, Нұрата мешітіне ат шалдырдық. Бұл мешітте Әмір Темір, Ұлықбек, Жалаңтөс баһадүр намаз оқыған екен. Керуен мүшелері де ырым етіп, тура осы мешітте сәждеге маңдайларын тигізді.

Елбасының Мәңгілік Ел идеясының түп-төркіні қайдан басталатынын бұрын да түйсініп жүр едік. Жүрегімізге жөргектелген Ұлы Дала ұландарының арман-мақсаты осы жолы нақтылана түсті. Елбасы мұраты – Ел мұраты екеніне көзіміз айқын жетті. Сапарымыздың мақсаты да осы болатын.

Бәзбіреулер керуен сапарына кеткен қаржыны есептеп, біздің тарихи сапарымыздың маңызын жоққа шығарып жатқанын әлеуметтік желі арқылы біліп келеміз. Бабалар жолында бақытқа, болашаққа бастар сүрлеу жатқанын олар қайдан білсін?! Олардың пиғылы осы керуен құрамына кіра алмағандықтан болған қызғаныштың қызыл иті екенін де түсіндік. «…Керуен көшеді» дедік те, бағытымыз – Мәңгілік Елдің жұмақ мекені екенін бағамдап, Ұлы Даланы дүбірлетіп елдік мұратпен елді бетке алдық.

Шекара бекетінен бізді шығарып салған сәттегі үш күнгі жолбасшымыз Шерәлі ағаның жанарындағы мөлдір жасты қандастарымыздың елге – ата жұртқа деген сағынышы деп ұқтық. Сағыныш, неткен аяулы, неткен мөлдір едің?!

Шырайлы Шымкент,

тарихи Тараз

Шымқалаға түн ортасы ауғанда келіп кірдік. Дүбіріміз – ерен. Сапарымыздың сәтті болуын тілеп, бізді Түркістаннан шығарып салған Қойшыбай Ниязбеков ағамыз даладай пейілімен, дархан дастарқанымен қарсы алды.

Ертелетіп, қала қақпасындағы Бәйдібек баба ескерткішіне гүл шоғын қойып, баба рухына тағзым еттік. Керуенді ерекше салтанапен қарсы алған қала жұртшылығының ыстық ықыласына марқайып, көне Таразды бетке алдық. Қазақ хандығының ордасы тігіліп, уығы қадалған қасиетті мекен ғой, толқып келеміз. Жолдағы түрленген Түлкібасты, ер Баукем (Бауыржан Момышұлы) туған Жуалыны өрлей өтіп, қасиетті Таразға да келіп жеттік.

Қала кіреберісіндегі Керей мен Жәнібек хандарға орнатылған ескерткіш алаңындағы халық нөпірі – қалың. Салтанат салмағы жиылған халық қарасының қалыңдығында емес, алаңды кернеген рухтың асқақтығында. Қауыштық. Табыстық. Балқантау базарлығын жеткіздік. Ұлытау ұлылығын паш еттік. Қаратау теңселе тебіреніп қарсы алып жатыр.

Түстен кейін «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының мәжіліс залында облыстың белсенді жастарымен кездесіп, көне қаланың тарихи һәм көрікті жерлеріне саяхат жасадық. Ойымыз да, бойымыз да – азат елдің ұрпағымыз ғой. Әсеріміз де ғажап болып, Қарағанды облысының шекарасына қадам бастық. Шаршағанымыз білінер емес. Он бір күн бойы бірге жүріп, бір үйдің баласындай біте-қайнасып кеткен пейіліміз елге жақындап, тарқасар күніміз жақындағанын жақсы көріп келе жатқан жоқ. Әсерлі әзіліміз, қазақы қалжыңымыз да жарасып, ара-тұра керуен дәрігері Үмкен апайға қан қысымымызды өлшетіп алатынымыз болмаса, көңілде анау айтқандай алаң жоқ.

Шығанаққа келдік. Жамбыл-Қарағанды облыстарының шекарасы. Көңіліміз пәс бола қалсын. Егіндібұлақтан шыққаннан Қызылорда облысының шекарасына жеткенше бізге жолбасшы болған Қарағанды облысы жол-патрульдік полициясының инспекторлары Володя мен Дастан күтіп алу керек еді. Тура Дастан мен Володядай шебер жолбасшыны кезіктіре алмай, екеуін сағынып келе жатқанбыз. Алдымыздан олар шықпады. Әжептәуір қапа болдық. Әйтеуір, ел шетіне іліккеніміз көңілге медет.

Базарлы Балқаш, ажарлы Ақтоғай, алтын бесік

Ақсу-Аюлы

Биыл Балқаш қаласының 80 жылдығы. Ымырт үйіріле қалаға келіп, Ағыбай батыр ескерткіші маңында тарихи керуенді тағатсыздана күткен балқаштықтарды қаланың мерейтойымен құттықтап, ақсақалдардың батасын алдық. Қала әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылыққызы бастаған қала жұртшылығы керуен сапарының маңыздылығына тоқталып, алдағы жолымызға сәттілік тіледі.

Таң шапағымен Ақтоғайды бетке алғанбыз. Алаш рухының алтын бесігі Ақтоғай. Тоқырауын! Он екі күндік сапарда бірінші рет әкім көрдік. Рас, өзіміздің облыс аумағындағы аудан, қалалардың әкімдері Балқантауда өтіп жатқан өтіп жатқан баба тойында болды да, бірыңғай әкімдердің орынбасарлары қарсы алған бізді. Олқысынып жатқан біз жоқ, ыстық ықылас, риясыз пейілге риза болып аттанғанбыз. Одан кейін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы өзі қарсы алған. Содан кейін көріп тұрған әкіміміз – осы Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова.

Керуеніміз аудан орталығынан бұрын Талдыбейіттегі Әлихан Бөкейхан әулетінің зиратына және Әлекеңнің кіндік қаны тамған Желтаудағы Бөкейхан қыстағына тоқтады. Жергілікті шежіреші Тұңғышбай Мұқанов тарихи жерлердің қасиеті туралы әңгімелеп, біз Алаш көсемі Әлихан бабамыздың рухына дұға бағыштадық. Аудан орталығындағы «Алаш» алаңында да рухты әңгіме жалғасып, «Тоқырауын толқыны» ансамблінің концертін тамашаладық.

Түс ауа Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыға ат шалдырдық. Бұл жерде де бізді аудан әкімі Марат Жандәулетов бастаған зиялы қауым қарсы алды. Аудан өнерпаздарының мерекелік концерті, ақсақалдардың ақжарма тілек-батасы бізге Қазыбек бабаның елдегі тойы тарқамағандығын сездірді.

Сонымен, «Жеті жарғыдан – Ата заңға» деген ұранмен Ұлы Дала төсін дүбірге бөлеп, Қазыбек би мұрасын жаңғыртып, Елбасы мұратын дәріптеген тарихи керуен сапары 30 тамыз – Конституция күнінде облыс орталығындағы баба ескерткіші алдында түйінделді. Түйінделген жоқ, бір тыныстауға аялдағандай… Өйткені, Қазақ елінің азат ұлдары мен қыздары Мәңгілік Елге сапарлап жатыр. «Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым» Халықаралық керуені – сол мәңгілік сапардың бір парасы ғана.

♦ ♦ ♦

Керуен мүшелері бір-бірінен ажырағысы жоқ. Бірін-бірі іздейді, сағынады. Мәдениет майталманы, Егіндібұлақ селосы Мәдениет үйінің директоры Раушан Жылтыбаева апайдың биязы басталып, байсалды түйінделетін әңгімесін, Дана Мақшонова мен Медет Осатаевтың әнін, Мадияр Сүлейменовтің күйін, тарихшы Нұртас Смағұловтың тағылымды тәмсілін, талантты ақындар Мирас Асан мен Бек Ықыласовтың жалынды жырларын аңсаймыз. Тізгіншілер Бердіғали Сейдіғалиев, Бекзат Әбдіғалиев, Әнуарбек Исламғалиев, Жалғас Жұмабаев, Архат Разыбеков, Жанболат Райымбеков, Аманжан Баубеков сынды һас шеберлердің жер апшысын қуырған жылдамдығының өзі неге тұрады?! Осы тізгіншілердің арқасында 5500 шақырым жолды бес қадамдай көрмедік. Керісінше берекелі еттік.

Біз – әлі сапардамыз. Бабалар жолы – бақыттың жолы, болашақтың бағдары. Ал, біз болсақ, бір керуенді аяқтап, өмір сапарындағы пенде сүрлеуін шиырлауға кірістік…

Ерсін МҰСАБЕК

Суреттерді түсірген Максим РОЖИН.

One thought on “Бабалар жолы – бақыттың жолы

  1. Ерсін аға, тереңнен толғап, шын ниетіңізбен, адал көңіліңізбен кәсіби журналистік стилмен жазған мақалаңызды оқып қатты қуанып отырмын. Бабалар рухы сізді қолдап жүрсін.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.