ЖаңалықтарРесми

Қазақстан шетелдік мамандар мен инвесторларға қатысты ережелерді өзгертуде

Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының көші-қон саясатын жетілдіру жөніндегі Жарлығын іске асыру аясында жаңа тәсілдерді енгізуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева түсіндіріп өтті.

Сурет ЖИ

Оның айтуынша, көші-қон саясаты енді тек әкімшілік функция ретінде емес, экономикалық дамуды қамтамасыз ететін және ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияның маңызды құралы ретінде қарастырылмақ.

«Біз күрделі әрі шектеуі көп жүйеден ашық және икемді модельге көшіп отырмыз», – деді Аида Балаева.

Сервиске бағытталған жаңа жүйе

Реформаның негізгі мақсаты – ел экономикасына қажет мамандар үшін ашық әрі болжамды жүйе құру. Шетелдік маман немесе инвестор елге еркін кіріп, кәсіби қызметін тиімді жүзеге асырып, қоғамға жеңіл бейімделуі тиіс.

Бұл бағытта мемлекеттік қызметтер «сервиске бағытталған мемлекет» қағидатына көшіріледі. Барлық негізгі рәсімдер бір терезе қағидаты арқылы және цифрлық форматта көрсетіледі.

«Жұмысқа рұқсат алу, мәртебе рәсімдеу және өзге де процестер бір жүйе ішінде жүзеге асуы керек, әртүрлі органдарға қайта-қайта жүгіну қажеттілігі болмауы тиіс», – деді министр.

Бюрократияны азайту және тиімділік

Екінші бағыт – әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жеделдету. Өтініштерді қарау мерзімдері қысқартылып, цифрлық бақылау тетіктері енгізіледі.

Бұл өз кезегінде азаматтар мен мемлекет үшін уақыт пен ресурстар шығынын азайтады.

«Алтын виза» және адам капиталы

Үшінші бағыт – адам капиталын мақсатты түрде тарту. Осы ретте «Алтын виза» тетігі енгізілуде. Ол инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға тұрақты әрі болжамды жағдайлар ұсынуға бағытталған.

Мысалы, өндіріс немесе инфрақұрылым саласына инвестиция салған шетелдік азаматтар елде тұрақты тұрып, қызметін жүргізе алады. Ал инженерия, IT және медицина саласының мамандары үшін жұмысқа орналасу және легализация рәсімдері жеңілдетіледі.

Кәсіби біліктілікті тану

Төртінші бағыт – еңбек нарығының икемділігін арттыру. Әсіресе тапшылық бар және жоғары технологиялық салаларда кәсіби біліктілікті тану рәсімдері жеңілдетіледі. Бұл процесс бірнеше айдан қысқа мерзімдерге дейін қысқарады, бірақ сапа мен қауіпсіздік талаптары сақталады.

Стратегиялық мақсат

Аида Балаеваның айтуынша, бұл реформалар Қазақстанның жаһандық деңгейде инвестиция, технология және адам капиталы үшін бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

«Барлық өзгерістер институционалдық тұрақтылықты күшейту және цифрлық бақылауды арттыру арқылы жүзеге асады. Реттеу жүйесі неғұрлым нақты әрі технологиялық сипатқа ие болады», – деді ол.

Жалпы алғанда, жаңа саясат Қазақстан экономикасын білімге негізделген даму моделіне көшіру және сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button