Қазақи бекзат болмыс

Өмірге уақыт өлшемімен көз жүгіртсек, өткен ғасырдың 1973-ші жылы біраз тұрғыластарымыз үшін ерекше есте қалатын белесті кезең болды. Сол жылғы 20 наурызда Жезқазған облысы жаңадан құрылып, оған жан-жақтан кадрлар тартыла бастаған қарбалас шақ… Маған да түскен екі шақырудан егде тартқан әке-шешемді сылтауратып, бас тартқан едім. Үшінші жолы 1975 жылғы көктемде облыстық партия комитетінің лекторлар тобын ұсынғанда келісім бермеске лаж қалмады…

Жезқазғанға барған бетте мені уақытша, пәтер бергенше «Қазақмыстың» қонақ үйіне орналастырды. Сонда мені арнайы іздеп келіп, бірінші болып құттықтаған ауылдасым Бейбіт Нұржанов болатын. Еңбек жолын жаңадан құрылған «Айыртас» совхозында автоклуб меңгерушісі, селолық Советтің секретары, комсомол ұйымының жетекшісі болып бастап, аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне шақырылды. 1970 жылы Ақтоғай аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен Мәскеу қаласындағы Кәсіподақтардың Бүкілодақтық Жоғарғы мектебіне түсіп, оны 1974 жылы еңбек жөніндегі экономист мамандығы бойынша ойдағыдай бітірген бетте ауылға келгені жадымда. Сонда құттықтап, ендігі жоспар қалай дегенімде, жаңа облыс шешеді ғой, сонда бара жатырмын деген. Сәттілік тілеп тарастық. Шамалы уақытта оның облыстық кәсіподақтар советіне жауапты қызметке орналасқанын ағасы Ғаниден естідік. Содан былай Бекеңмен ауыл азаматы ретінде жиі хабарласып тұрдық.

Бекең 1974 жылы орналасқан облыстық кәсіподақ советінде тоғыз жыл қызмет атқарды, бастапқыда ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, тұрғын үй-коммуналдық бөлім меңгерушісі, одан облыстық жеміс-жидек қызметкерлері кәсіподағының төрағасы болып сайланды. 1983-2000 жылдары облыстық туризм және саяхат комитетінің төрағасы болып, оннан астам елге сапар шекті. Сонымен қатар, ол біраз уақыт Жезқазған облыстық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары ретінде экономикалық талдауға бейімділігі арқасында жаңа саланы да еркін меңгеріп кетті. Сол жылдары ұйымдастырушылық қабілеті барынша ашылып, ел аузына қайраткер аты ілікті. Бейбіт Біләлұлы 2000 жылы «Қазақмыс» ЖШС Көмір департаменті кәсіподағы төрағасының орынбасары болып сайланып, 2007-2013 жылдары «Қарағандытүстімет» өндірістік бірлестігінің кәсіподақ комитетін басқарды. Оның көп жылғы еңбегі лайықты бағаланып, ІІ-ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілері, медальдер мен көптеген грамоталармен марапатталған болатын.

Оның еліміздің, өңірлердің ағымдағы жағдайын үнемі жіті қадағалап, сала-саладағы кәсіпорындар мен қызметкерлердің материалдық-әлеуметтік жай-күйін бақайшағына дейін талдап отыратын әдеті мен қабілеті 90-жылдардағы созылмалы дағдарыс, нарыққа көшудің қиыншылықтары тұсында барынша жетіліп, өзінің уәлі сөзімен де, тиянақты шешімімен де бұқараны ұтқыр басқаратын көшбасшы бола білгендігін дәлелдеді. Әсіресе, кәсіпорындардың біразы жабылып, жұмыссыздық жайлаған, еңбекақыны уақытылы берудің өзі қиындық тудырған қайшылықтарға толы аумалы-төкпелі кезеңдерде қисынды уәж бен бұлжытпас дәлел тауып, мүдделері алшақ тараптардың өзін ортақ пікірге тоқайластыратын мәмлегерлік қасиеті жарқырай көрінді.

Қазақта «біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» деген мақал бар. Бекеңнің қоғам алдында атқарған еңбегі ел есінде, тарих еншісінде. Менің пайымдауымша, оның бейнесін толығырақ сипаттайтын басты қасиеті – қазақи адалдыққа, әділдікке, тазалыққа қаныққан ұлттық намыс. Руға, жерге бөлінгенді жаны жақамайтын. Жалпы, өтірік пен мақтанға, кесір мен кердеңге қаны қас. Ондай әдетке үйір адамдармен араласпайтын, амалсыз бірге бола қалса, күлтектеу-бипаздаусыз бет-жүзіне қарамай, бірден тойтарып тастайтын.

Бекең хакім Абайдың «Досы көппен сыйлас, досы азбен сырлас» деген аманат-батадай сөздерін берік ұстанатын. Өзім деген жанға өзегін жұлып беруге әзір тұрушы еді. Алаң мәселелерді қиыннан қиыстырып, оны шешудің ең оңтайлы, барынша төте жолын тауып кететін қасиеті айрықша ерекшелендіретін. Кішкене деген қуанышты көпшіліктің тойына айналдырып жіберетін. Бекең араласқан шаруаға алаңсыз сенетіндіктен, өз тойымызға өзіміз талай рет кешігіп келіп жүрдік. Маңайындағы бауырларын, әсіресе, қыз балаларды, ерекше қамқорлығына алып, олардың оқуға түсуін, білім алуын, дұрыс жұмысқа орналасуын ыждаһаттылықпен қадағалап отырумен қатар, олардың отау көтеріп, тату-тәтті тұруларын, ұжымдары жарасып, араласып жүруін үлкен шеберлікпен басқарып отыратын. Осыған орай, қамқор ағаларының алдында жастардың бәрі тік тұрып, айтқанын екі еткізбей орындап, хабарлап отыруды әдетке айналдырған.

Ұлттық мүддеге қатысты теледидар, радио арқылы берілген орынсыз, жаңсақ пікірді естісе, немесе баспасөзде жарияланған мақаладағы қисынсыз, дәлелсіз ойларды оқыса, әйтпесе, жиналыс, талқылауларда ел мен ұлт мүддесіне кереғар пікірлер айтылса, астарлы теріс ниет байқалса, бірден шамданып, айтар сөзін бүкпесіз айтып қалатын. Сондықтан болу керек, теледидардан шетелдік кинофильм, түрлі шоу атаулыны мүлде көрмейтін. Көретіні, тыңдайтыны – ұлттық арналардағы жаңалық пен қазақи ән-күйлер ғана. Әдемі тенор дауысы бар Бекең өнер десе, ішкен асын жерге қоюшы еді. Үйіндегі отырыстардың көбісін домбыра, пианиномен қоса, өзінің жиі қолға алатын аспабы – аккордеонды аңыратып, көпшілік қосылып айтатын әндермен жалғастырғанын жиі көретінбіз. Әсіресе, өнердегі жолын Ақтоғайдың әйгілі «Тоқырауын толқындарынан» бастаған балдыздары – республикаға танымал Нұрлан, қос Айгүл, Амантай, жиені Хамит, інісі Бағдатпен бастары қосылса, таңды таңға ұрып ән салудан жалықпайтын. Бұл оның рухани болмысының бір қыры ғана. Оның және бір ерекше қасиеті – ас атаулыға, оның ішінде кәдуілгі ауызсуға мейлінше талғампаз, кірпияздығы. Қай жерде тұрмасын, мейлі, ауыл, мейлі қала болсын, маңайдағы бұлақтарды аралап жүріп, таңдағанынан қысы-жазы таза су тасудан жалықпайтын. Дастарқанынан қазақтың ұлттық тағамдары үзілмейтін. Балаларына, немерелеріне қырқынан шыққан бетте ауыздарына қазы-қарта сорғызып отырғанын талай көрдік. Дүкендегі азық-түліктің өзін қайда, қашан шыққанын мұқият тексермей алмайтын.

Әдетте, азаматтың патриоттық сезімі отаншылдығымен өлшенеді. Бекеңнің елшілдігінің бастауында ауылшылдығы тұратын. Қолында әлемнің кез келген түпкіріндегі санаториі мен туристік жолдамалардың неше атасы тұрса да, жыл сайын жазғы демалыстарын бала-шағасымен ауылда, Қызыларай баурайындағы бауырларының жайлауында өткізіп, ауыл дәмін татып, қымыз ішіп, қарақат, бүлдірген, сарымсақ теруді жақсы көретін. Жолға шыққанда жақсы мылтықтарын ала шыққанмен, салынып аң қуып, құс атқанын көрген емеспін. Анда-санда нысана атқанда, мерген еді.

Бекеңнің табиғи тектілігі мен бекзаттығына сай өзіне ғана жарасатын мінезінде адалдық, кеңдік, бауырмалдық, мәрттік, жомарттық басым болатын. Жұбайы Қазкенді отау құрғаннан бастап «Бота» деп атап кетті. Жақындар бас қосқан жерде жұрт олардан «Асыл жарым» сүйікті әндерін қосылып айтып беруді өтінетін. Мамандығы заңгер Қазкен Жұмашқызы 35 жыл облыстық прокуратурада жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Екеуі сайдың тасындай екі қыз, бір ұл өсіріп, тәрбиеледі, оларды ұзатып, үйлендірді, жеті немере сүйді. Қызық-қуанышына бөленді.

Осындай шуақты шақтарды сиретуге Бекеңнің ойда жоқта дімкәстене бастауы себеп болды. Оның алып жүрегі төтелеп келіп, дендей бастаған дертпен сегіз ай арпалысты. Оңтүстік Кореяға үш рет барып, ота жасатып, емделді. Елге оралып, алуан ем-дом қабылдады. Жанына сырқат қанша батқанмен сыр бермеді. Өкінішке қарай, Бекеңнің қайраттанған соңғы ерлігі осы болды. Маңайындағы бауырлары мен балаларының күндіз-түнгі бағу-қағуына қарамастан аурудың асқынғанын сезіп жатқан Бекең айналасын жұбатып, сабырға шақырып, өзінің ақырғы мекенінің орнын сүйікті Ғани ағасының жанында болғанын қалайтынын айтып, соңғы сапарға қалай аттандыру керектігін айтып өтті. Марқұмның айтқаны толықтай орындалып, таяуда бейіті де қаланып, ескерткіш те орнатылды.

***

Армансыз жан болмайды ғой. Кейінгі кезде Бекең әйгілі ақын бабасы Шоңның Нұржаны, өз әкесі Нұржанның Біләлі жайында деректер жинап, мұрасын жинақтап бастырсам деген оймен елден естіген, баспасөзде жарық көрген біраз материалды жинастырып жүрген болатын.

Осындайда халқымыздың тектіден текті туады деген қағидасы ойға оралады. Суырыпсалма ақындығымен, қайталанбас шешендігімен елді аузына қаратқан, әнші-композиторлығымен тамсандырған Нұржан Шоңұлының өзімен түйдей құрдас Әлихан Нұрмұхамедұлымен бала күнінен бірге өскен, сыйласып өткені тарихқа мәлім. Ол кісінің Қазақ ССР-інің 10 жылдығын өлеңмен ашқандығын екінің бірі біле бермейді. Ақынның біраз мұрасы Мемлекеттік мұрағатта сақталғаны белгілі. Бекеңнің жездесі, еліміздің журналист қауымының біразының ұстазы Әбілфайыз Ыдырысовтың өзі қайынбаба деп құрметпен атаған Нұржан ақын туралы көлемді мақаласы біраз баспасөз бетінде жарияланды. Биыл Нұржан Шоңұлының Алшынбек қажы қайтыс болғанда елге естіртіп, айтқан бәйіті табылды. Оны Шабанбай би ауылының имамы Айдаржан Балтабайұлына тапсырған белгілі спортшы балуан Жұмабай Жандығұлов. Бұл төте жазумен баяндалған қолжазба оның елге танымал Қалижан әкесінің мұрағатында сақталып келген. Оны аймаққа белгілі адвокат, кезінде Ақтоғайдың бас имамы болған Қоқым Алшынбекұлы ақсақал 76 жасында қағазға түсіріп, Қалижанға аманат дәптер ретінде табыстап кеткен екен. Бекең Айдаржанның қолжазбаны кириллицаға түсірген алғашқы бөлігін көріп, оқып үлгерді. Сол тұстағы ауру дендеген Бекеңнің қуанышқа бөленген, қалған бөлігі қашан бітер екен деп тағатсызданған сәттеріне куә болдық.

Бекеңнің өз әкесі көкірегі көмбе, көзі ашық Біләл Нұржанұлының шығармашылық мұрасы да толық жинақталмаған. Бұл жайында Нұржан әулетіне жиен, өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін Шығыс Қазақстан өңірінде облыстық деңгейде басшы қызмет атқарған Дүйсембек Исабековтің Біләл нағашысы қайтқанда жұрағатына көңіл айту үшін Қызыларайға келгендігі, сондағы 270 ауыз өлеңмен жазылған әсерлерін оқығанда көзіміз жетті. Өлеңдер соңындағы ескертуінде «Білекеңнің магнитофонға жазылған күшті-күшті күйлері бар, соларды жарыққа шығару қажет» деп жазылған. Білекең өзі Қызыларайда колхоз басқармасы, ферма меңгерушісі болып жүрген 50-60 жылдары аудандық «Қызыл ту» газетіне үзбей мақала жазып жүрген. Бекең осылардың барлығының басын құрап, жинақ шығарсам ба деп жоспарлап жүрген еді. Әттең, үлгермеді… Қайран Бекең! Өзің еске түскен сайын сезімнің мың бір пернесі жүректі сыздатады, көңілді толқытады.

Қайырбек СӘДУАҚАСОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.