Атау мәні атүсті болмасын

Кеншілер шаһарында қоғамдық пікір өршіп тұр. Қарағанды қаласының қоғамдық кеңесі осындағы көше атауларын қайта атауға байланысты көптің пікірін тыңдауды өткізгелі желдей еседі. Тұрғындардың басым көпшілігі қазақы атауға қарсы болмағанмен, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демей ме? Кері тартқандар да табылды. Бірақ, облыс орталығындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын қазақыландыруға бейілді көбі. Содан бері редакциямызға «халық ақыны Маясар ЖАПАҚОВҚА бір көше берілсе?» деген хат та келіп түсті. Біз бәрін жиып-теріп патша көңілді оқырманның ортасына салғанды жөн көрдік…
Жаңа айдар тағуға ұсынылған 18 көше Қазыбек би атындағы және Ок­тябрь аудандарына тиесілі. Дені қал­тарыс­тағы елеусіз көшелер десек те, атауларын естігенде еріксіз күлесіз. 3-я Кочегарка, Насыпная, Отвальная, Паравозная, Пахотная, Революционная, Батарейная, Болотная, Грейдерная, Коминтерн, Мануфактурная, Пионер­ская, Рабкоровская, Совхозная, Социа­лис­тическая, Торпедная, Портовс­кая, Пикетная. «Айналайын-ау, Болотная деген көше бар ма?» дегендер де шықты.
Аталған көшелер Майқұдық пен При­шахтинскіде көрінеді. Қара­ғандыдағы «Одақтар үйінде» (Дом союзов) өткен қоғамдық тыңдауға жиылған жүз қаралы адамның арасынан асса онға жуығы қол көтермеген, жаңаша атау беру мәселесінде. Өйткені, өзге ұлт өкілдерінің уәжі – «алдымен сол көшедегі тұрғындардың пікіріне құлақ асайық дегенге сайса, кейбірі одан басқа да мәселелер бар, текке ақша шашудың қажеті қанша?» деп сылтаурайды. Жоғарыда «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деуіміздің мәні содан. Мұндай кертартпалыққа баққандарға сол жерде орынды жауаптар да айтылды. Мәселен, Ресейде Мәскеу қаласындағы большевиктер орнатқан 600 көше атауын демократтар билікке келген соң, тұрғындарға құлақ аспай-ақ, бір-ақ күнде алмастырып тастаған. Тұрғындар пікірін тыңдау – қазақтар мен орыс тілді ағайын арасына жік салу екенін алға тартқандар да болды. Алайда, заң бойынша, сол көше тұрғындарының пікіріне құлақ асу керек екен. Осыны ескерген әлеуметтік желілерде белсенді блогер Айсұлтан Жақып есімді Майқұдықтың тұрғыны біраз тұрғындардан сауалнама жүргізіп, аталған атауларды өзгерту жайында пікірлерін ғаламторда (youtobe) жариялап та үлгерді. Ондағылардың түгелі дерлік қарсы емеспіз дейді. Расында, Болотная, Грейдерная сияқты көшелер кімнің көкейіне қона қойсын?! Қысқасы, екінші жартыжылдыққа қалдырылған мәселе оң шешімін тауып қалар деген үміттеміз.
Ертоқымын бауырына алып тулап отырғандар – осындағы Социалис­тическая көшесінің тұрғын­дары. «Бұл көшені әлемнің әр түпкірінен жер аударылып келген біздің аталарымыз тұрғызған. Сонда олардың аты тарихтан біржола өшкені ме?» депті. Құдды сол көшенің атауы қалса, ата-бабаларының аты өшпейтіндей? Шағымдарына қол қойғандардың арасында біздің қара­көз қандастар есімі де жүр. Егемен Қазақстанда өмір сүріп, күлі көкке ұш­қан социалистік қоғамды көксегенін түсінбедік. Ата-бабаларының атын өшір­мейміз десе, басқа да амал-шарғы құрып қалғандай, егемен елдің, мем­лекеттің идеологиясына сызат түсіріп несі бар?
Әңгіменің басында халық ақыны Маясар Жапақов есіміне көше беру туралы бастама көтерілгенін айттық. Осы бастаманы біз де қолдап отырмыз. Кезінде Көшен, Қайып, Болман, Нұрлыбек сынды белгілі айтыскерлермен сөз сайыстырған Маясар ақын осы аймақтың тумасы, біріншіден. Оның үстіне, соғыс жылдарында (1943 жылы) алғаш рет Ғабит Мүсіреповтер Қарағандыда ұйым­дастырған айтыста бірінші орын алған айтыскер – осы М.Жапақов. Басқа қала емес, Қарағандыда. Сөйткен Маясар ақын есімі қаланың бір бұрышын алып жатса, жарасымды-ақ. Және әлгі көшелердің қуыста қалған елеусізіне емес, арасындағы әндемді біреуіне лайықталса деген ұсыныс бар. Қалай десек те, соғыс жылдарында елдің рухын ту еткен ат төбеліндей айтыскердің бірі ғой. Ескермей қалмайық, ендеше.

Жәнібек Әлиман

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.