Жаңалықтар

Ғасыр жүгін арқалаған ғұмыр

Сарыарқаның сайын даласында самсаған сәулетті ғимараттар мен өндіріс ошақтарына зер салсаңыз, олардың әрқайсысының артында мыңдаған адамның маңдай тері мен табанды еңбегі жатқанын аңғарасыз. Сол еңбек майданында ерекше із қалдырған, өз ғұмырын туған өлкенің өркендеуіне арнаған азаматтардың бірі һәм бірегейі, құрыш білекті құрылысшы, іскер ұйымдастырушы – Қабдығали Кенежанұлы Кенежанов. Оның өнегелі өмір жолы – тұтас бір дәуірдің айнасы, ел дамуының шежіресі.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қабдығали Кенежанұлы – 1936 жылы 8 мамырда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының Қаратал ауылында, қазіргі Шабанбай би ауылында дүниеге келген. Бұл – ел өміріндегі күрделі кезеңдердің бірі болатын. Соғыс алдындағы ауыр жағдай, соғыстан кейінгі тұрмыстық қиындықтар ауыл балаларының ерте есейіп, еңбекке араласуына себеп болды.

Осындай жауапты кезеңде, еңбектің қайнаған ортасында өскен Қабдығали Кенежанұлы жастайынан еңбекке бейім, төзімді, жауапкершілігі жоғары болып қалыптасады. Ауылдағы қарапайым тіршілік, үлкендердің өнегесі оның мінезін шыңдап, болашақта қиындыққа мойымайтын қайсар азамат болып қалыптасуына негіз қалады.

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, ол техникалық пәндерге ерекше қызығушылық танытып, нақты ғылымдарға бейімділігін көрсетті. Бұл қасиет оның болашақ мамандық таңдауына тікелей әсер еткені анық.
1955 жылы орта мектепті аяқтаған соң, Қабдығали Кенежанұлы Балқаш тау-металлургия техникумына оқуға түседі. Ол кезде Балқаш өңірі еліміздің индустрия­лық дамуының маңызды орталықтарының бірі болатын. Сондықтан, бұл оқу орны жас мамандарды өндірістің алдыңғы шебіне дайындайтын беделді білім ордаларының бірі саналды.

«Кен технигі» мамандығын игеру барысында ол тек теориялық біліммен шектелмей, өндірістік тәжірибеден өтіп, нақты еңбек жағдайымен таныса бастайды. Бұл оның кәсіби тұрғыда ерте қалыптасуына мүмкіндік бергенін атап айту керек.

Техникумдағы оқу жылдары оның бойындағы тәртіп, жауапкершілік, ұқыптылық сияқты қасиеттерді одан әрі жетілдіре түсті.

Суретте: кейіпкер мен автор. Алматы қаласы, 2012 жыл

1958 жылы оқуын аяқтаған жас маман еңбек жолын Жезқазған кен басқармасының шахтасында тау-кен шеберінің көмекшісі болып бастады. Бұл – нағыз еңбек мектебі еді. Өндірістегі әр күн оның тәжірибесін арттырып, кәсіби тұрғыда шыңдай түсті.

Алайда, көп ұзамай оның ұйымдастырушылық қабілеті мен білімін бағалаған басшылық оны педагогикалық қызметке шақырды.

Осылайша, 1958-1961 жылдары Қарағанды облыстық білім басқармасына қарасты №13 қолөнер училищесінде өндірістік оқыту шебері болып еңбек етті. Бұл жерде ол жас жұмысшыларды даярлап, оларға кәсіби білім бере отырып, еңбекке деген жауапкершілік пен тәртіпті де үйретті.
1961-1963 жылдары №8 қолөнер училищесінде осы қызметін жалғастырып, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Бұл қызмет оның ұйымдастырушылық қабілетін айқындап, басқарушылық тәжірибесін қалыптастырды.

Ал, 1963 жылдан бастап, Қабдығали Кенежанұлы құрылыс саласына түбегейлі бет бұрады. Бұл кезең Қазақстанның индустриялық дамуы қарқын алған уақыт еді. Жаңа қалалар салынып, ауылдарда әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатқан шақ болатын.

1963-1970 жылдары ол Балқаш қаласы мен Қарағанды облысының түрлі аймақтарындағы құрылыс нысандарында еңбек етті. Ақтоғай аудандық құрылыс басқармасында Қаратал ауылында аға прораб ретінде көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды.

Қабдығали Кенежанұлының басшылығымен Қаратал, Жәмші, Қызыларай ауылдарында мектеп, интернат, қазандық және трактор жөндеу шеберханалары салынды. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға зор үлес қосты.

Сонымен қатар, Шет ауданындағы «Путь коммунизма» совхозында 3000 бас ірі қараға арналған ферма, Ақадыр кентінде аурухана, Бидайық құс фабрикасы сияқты ірі жобалар іске асырылды. Бұл жұмыстар оның кәсіби шеберлігімен қатар, үлкен жобаларды басқару қабілетін де айқындады.

Кейін 1971-1982 жылдары Қабдығали Кенежанұлы «Прибалқашстрой» тресінде жауапты қызметтер атқарып, кәсіби тұрғыдан қалыптасып, тәжірибесін толықтырды.

Кәсіби мансабында аға прорабтан бастап, басқарма бастығына дейінгі барлық сатыдан өтті. Әсіресе, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы және бас инженер қызметтерінде құрылыс сапасын арттыруға, жоспарлы жұмыстарды тиімді ұйымдастыруға ерекше мән бергенін атап айтқан жөн.

Осы жылдары оның басшылығымен Балқаш қаласының №19 және №32 шағын аудандарында көпқабатты тұрғын үйлер салынып, қала тұрғындарының баспана мәселесін шешуге сүбелі үлес қосылды.

1982 жылы Қабдығали Кенежанұлы «Жәйремтяжстрой» тресіне ауыстырылды. Мұнда ол №1 көшпелі құрылыс ұйымында бас инженер, кейін №2 көшпелі құрылыс ұйымында бас инженер және басшы қызметтерін атқарды.

Бұл кезеңде құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда болды. Барлық нысандар жоғары талаптарға сай, белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс еді. Қабдығали Кенежанұлы осы талаптарды орындауда ерекше табандылық пен іскерлік танытқан білікті маман болды.

Оның басшылығымен Жәйрем өңірінде «Үшқатын» кен орны, кен байыту фаб­рикасы, түрлі инженерлік жүйелер іске қосылып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынды.

Кейін трест басшысының орынбасары ретінде Ақтоғай, Шет, Ақадыр, Жаңаарқа аудандарындағы құрылыс жұмыстарына жетекшілік етті.
1993 жылы «Жәйремтяжстрой» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Ел экономикасы өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатқан қиын уақытта өндірістің тоқтап қалмауына да елеулі үлес қосты.
Уақыт өте келе 1995 жылы «Үй құрылысы комбинатының» бастығы ретінде тұрғын үй құрылысына басшылық жасады.

1995-1996 жылдары «Балқашқұрылыс» АҚ-да, ал, 1996-1997 жылдары «Дәурен» кооперативінде қызмет атқарып, жаңа экономикалық жағдайға бейімделген құрылыс саласының дамуына атсалысты.
Қабдығали Кенежанұлының қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Атап айтсақ, 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1967 жылы Құрмет грамотасымен, 1974 жылы «Социалистік жарыс жеңімпазы» белгісімен және 1990 жылы Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қабдығали Кенежанұлы кәсіби маман әрі жоғары адамгершілік иесі болды. Әділдігімен, қарапайымдылығымен, талапшылдығымен ерекшеленді.

Асыл жарымен бірге 5 бала тәрбиелеп өсіріп, үлкен әулетке айналды.
Тағылымға толы ғұмыр кешіп, 78 жасында дүниеден өткен Қабдығали Кенежанұлының өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі.
Оның еңбегімен салынған ғимараттар, дамуына үлес қосқан елдімекендер – бүгінгі күннің шынайы жетістігі.
Қабдығали Кенежанұлы Кенежанов­тың есімі өз заманының биік тұлғасы, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат ретінде халық жадында мәңгі сақталады.

Ардақты ағасын сағынышпен еске алушы Әділ ШАЯХМЕТОВ,
генерал-лейтенант,
Ұлттық қауіпсіздік органдарының Құрметті қызметкері

Басқа материалдар

Back to top button