Ардагерлерге – құрмет

Қарағанды тарихи-өлкетану мұражайында Чернобыль атом электр стансасындағы апатты залалсыздандыруға қатысқан азаматтар туралы құнды һәм тарихи жәдігерлер жинақталған экспозиция жұма күні салтанатты түрде ашылды. Мұнда осы апаттың зардабын жоюға қатысқан қарағандылықтар туралы деректер, олар қолданған бірқатар құралдар, тілші қауымы жазған кітап, альбом, фотосуреттер, ордендер жинақталған.
Чернобыль апатына биыл – 32 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға залалсыздандыруға қатысқан қарағандылықтар, мектеп оқушылары, студенттер қатысты. Шақырылған қонақтар оқушылармен естеліктерімен бөлісті. Есте сақтау, құрмет көрсету мақсатында қолға алынған экспозицияның ашылуы үшін алғыс айтысты.
Көп алдында сөз алған Иван Константинович Науменко 1986 жылы офицер ретінде, өзінің ротасымен Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан. Иван Константинович бүгінде 71 жаста. Ол кезде небары отыздың ортасынан енді асқан кезі екен.
– Өзімнің иық тіресе, азаматтық парызымызды бірге атқарған қатарластарыма қарап, осылай тілек айтып тұрамын деп әсте ойламаппын. Ол кезде басты міндет бізде – барлық талапты бұлжытпай орындап, жауапты болу еді, – дейді Иван Константинович.
Жәдігерлерді ашу салтанатынан соң жиналғандар ондағы деректермен танысты. Тамашалаушыларға апаттың зардабын жоюға қатысушы ардагерлер Мейрамбек Байкенов пен Иван Науменко әңгімелеп берді.
Украинадағы Чернобыль атом электр стансасында 1986 жыл сәуір айында АЭС-тің 4-энергоблогында апат болды. Апаттан Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оқшауланды. Апатты залалсыздандыруға Қазақстан азаматтары да тартылды. Соның ішінде, Қарағанды облысынан 7 мың қарағандылық аттаныпты. Қазіргі таңда оның 570-і Қарағанды аймағында тұрады. Кейінгі жылдары қатарлары сиреп барады.
Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз қалып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апаттан төрт мыңдай адам қаза тапты деп хабарлады. Бірақ, ядролық энергия нысандарына қарсылық танытушылар 100 мың адам құрбан болды деген мәліметті айтады.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.