ҚарқаралыРуханият

Қарқаралы қаласындағы Мәдениет үйіне Шолпан Жандарбекованың есімі берілмек

Күрең күзде тағы бір жағымды жаңалық жетті, Есілдің жағасынан. КСРО халық әртісі қазақ руханиятындағы алыптар тобының белді өкілі, Шолпан ЖАНДАРБЕКОВАНЫҢ есімі туған жері Қарқаралы қаласындағы Мәдениет үйіне берілмек. Бұл – қайталанбас өнер иесіне биылғы 100 жылдық мерейтойында көрсетілген үлкен құрмет.

Шолпан Жандарбекова – қайталанбас актриса, көптеген шәкірт тәрбиелеген еңбегі ерен бірегей тұлға. Қоғамдық жұмыстарға да өте белсенді араласып, соңғы тынысы қалғанша сахнадан қол үзбек тұрмақ, түрлі рөл сомдап, өнерге адал болды. Бірнеше фильмге де түсті. Қазақ қыздарының образдар галереясын жасап, 200­ден астам болмысы бөлек рөлдер сомдаған.
Жыл басынан бері біртуар тұлғаның өнегелі өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында түрлі шаралар өткізілуде.

– Шолпан апайымыздың 100 жылдығына орай жайлы естеліктер мен мақалалардан тұратын «Шолпан­-жұлдыз» кітабын құрастырдым. Кейін осы бастаманың жалғасы ретінде Қарқаралы аудандық мәдениет үйіне біртуар әртістің есімін беру туралы ұсынысымды сол кездегі аудан әкімі Елдар Дүйсетаевқа, аудан жұртшылығына ұсындым. Олар бірауыздан қолдап, облыстық мәслихат пен республикалық ономастикалық комиссия мақұлдады. Енді, осы бастаманы құптаған Үкіметтің №758 қаулысы шығып, қуанып отырмыз, – деді та- рихшы Ерғазы Қадашұлы.

Басқа материалдар

Back to top button