Ресми

Арқаның Абаданы

Елдің бағына туған ердің қазасы – жалған дүниедегі ең ауыр қаза. Ел күңіреніп, ағайын-туыс күйзеліп қалады. Бақиға озғанына 40 күн толып отырған Қабылсаят Әбішев нағыз ел үшін туған ер еді. Оның қоғамдағы орны, ортадағы беделі, телегей-теңіз білімі, биік парасат, көшелі кісілігі естелікке айналды. Қандай ауыр?!

Қазтуған жыраудың:

Бөрі, бөрі, бөр болар,

Бөрі баласы дүр болар.

Әр бөрінің баласы,

Алты болар, бес болар.

Абданымен жүргенде,

Осалы оның кем болар.

Абданынан айрылса,

Әр қайсысы оның да,

Әрбір итке жем болар, – деген жыр жолдары ойыма оралып отыр. Шынымен-ақ, Қабылсаят Арқаның Абаданы еді. Тектілік туған топырағынан дарыған. Кешегі Алаш көсемдерінің алтын бесігі Ақтоғайда туып, исі қазаққа қадірі артқан асыл азаматтың қазасы Арқа жұртына Қазтуған жырындағы «Абаданынан айырылса…» деген күйді кештіріп отыр.

«Бағы кемшін болды» деп айта алмаспыз, бірақ, түпкі мұратына жетті ме? Иә, республикалық деңгейде лауазымды қызметтер атқарды. Сенат депутаты, ҚР Президентінің Парламент Мәжілісіндегі өкілі, ҚР Көші-қон агентігінің төрағасы… Осының бәрі ауылдан шыққан қазақтың қарадомалағы үшін осал қызметтер емес еді. Алайда, Қабылсаяттың биік мақсат, аяулы арманы – Ұлт көсемі Әлихан бабасы айтқандай, «Ұлтқа қызмет ету» болатын-ды. Мақсатшыл еді. Архивтерде көп отырып, ұлт тарихын зерттеді. Қаншама заң жобаларын дайындау бойынша жұмыс тобында болып, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне сүбелі үлес қосты. Әлі де талай жоспарлары бар еді. Алланың төтеннен келген әмірі сол жоспарларының жолын кесті.

Бауырмал жігіт еді. Өз заманындағы азаматтардың ішіндегі көңілі де, жүрегі де таза, білімді, ізденімпаз азамат болатын. Өзі маған бауыр. Аталас туыспыз. Қалқаман, Жоламан, Еламан дейтін үш шалдың баласынан тараймыз. Мен – Жоламаннан, ол – Еламаннан. Еламан әкесі Нұра бойында өткен қалмақтармен соғыста 28 жасында желкесінен садақ оғы тиіп, қайтыс болды. Еламанның бала-шағасын Жоламан әкеміз бауырына салып, өсірді. Осыдан төрт жыл бұрын Еламан әкеміздің сүйегі қазіргі жатқан жеріне әкелініп, жерленіп, тастан белгі қойылды. Аты сол жерде қалған еді. Осының бәрінің іздеушісі Қабылсаят болатын.

Алғыр, ізденімпаз болуына түрткі болған – туған жері. Өскен ортасы, төңірегіндегі ауылдың ақсақалдары еді. Сарыарқаның биігі – Қызыларай тауларындағы Ақсораңның етегінде Шабанбай би ауылында дүниеге келді. Мектепті жақсы оқып, үлкен ордалы үйде өскен Қабылсаятты ел бірден оқуға барады деп жүрген. Ал, оған сол заманның талабы бойынша оқуды бітірген бетте қой бағу міндеттелді. Шопан болып, қой бағу сол кездің ұраны еді. Бұл кәсіптегі ұстазы – сол кездегі Ақтоғай ауданына белгілі озат шопан Мақсұтбек Бабашев. Ол – менің замандасым.

1973 жылы Жезқазған облысы ашылып, қазан айында алғаш облыстың ауылшаруашылық күніне арналған үлкен той өтті. Сол тойда облыстық партия комитетінің мүшесі Мақсұтбек Бабашев Ақтоғай ауданы шопандарының атынан сөз сөйлеп «Жап-жақсы мектепті бітірген баланы маған шопан қылып берді. Үш жыл шопан болып істеп, одан кейін үш жыл әскерге баруы керек. Сонда бұл бала қай уақытта отбасын құрады? Қай уақытта білім алады? Әлде, Ақтоғайда балалардың бәрі тек шопан болсын деген заң бар ма? Облыстық партия комитеті осы мәселені шешуі керек. Жастарға – обал» деп марқұм осы мәселені айтып еді. Содан кейін ауданда шопан бригадаларын құру тиылды.

Далада қой бағып жүретін Мақсұтбектің саптамалы етігінің оң жақ қонышында үнемі «Жұлдыз» журналы жүретін. Дүние жүзінің жаңалықтарынан хабардар ол «әй, «Голос Американы» тыңдатайын ба?» деп қалжыңдайтын. Өте білімді еді. Қабылсаят өмірден өткеннен кейін осы оқиғалар ойыма орала берді. Бір ойым – «сол кезде үш жыл қой баққан Қабылсаят төбенің басында «Мақсұтбектің мектебін» де бітірді ме екен?» дейді.

Шабанбай би ауылындағы ақсақалдар білімді болатын. Кейіннен келген Есенбай Тақанов ақсақал шежірелі кісі еді. Көбісі Алаштың аймаңдай ұлдары – Әлихан, Әлімхан, Жақыптарды көріп өскендер. Бірге ат айдаушысы болып, құдандалы-нағашылы-жиенді болған жандар. Сондықтан, Қабылсаят көрген тәрбиенің негізі тереңде жатыр. Ойланған адамға Шабанбай би ауылы мен Желтаудың арасы 40-ақ шақырым жер. Жері тұнып тұрған дарындылардың ортасынан шыққан Қабылсаят деп жүруші едім.

Елін сүйді, туған жерін қадірледі. Астанада үлкен қызметте жүрсе де, жұмысбастылығына қарамай, еліне елеңдеп жүретін қасиетіне сүйсінуші едік. Ауылда біреу қайтса міндетті түрде «аға» десіп, алып-барып жүретін.

1997 жылы Алматыда Сенаттың депутаты болып жүргенде хабарласты. «Аға, біздің Сахи ағамыз 70-ке толыпты. Алматы тойлап еді, Ақтоғайда ешкім үндемеді. Білмей қалдыңыздар ма?» деді. Дереу бізге әкеліп жеткіз дедім. Жанына өзінің жақсы көретін жолдасы Ілия Жақановты қоса ертетінін айтты. Ілияның «Ақтоғайға жолым түспей, Күләш пен Манарбектің ауылына әлі бір барған жоқпын» деп жүрген кезі екен. Қонақ қылып, дәм беріп, шығарып салдық.

Елге келгенде Қасымхан Қаленов «Сахиға кіріп шық» деп айтқан еді. Алматыға жол түскенде Жеңіс Қашқыновқа Сахидың мекен-жайын табуды тапсырдым. Сөйтіп, Сахидың үйіне бардық. Кейіннен Қараталдан Сахиға арнап шеберхана аштырдым. Осының бәрінің басы-қасында ұйымдастырушы болып Қабылсаят жүретін.

Әзкеңнің балаларының бәрі – бауырмал, ақкөңіл. Дегенмен, Қабылсаяттың орны ерекше.

Асыл жары Әлиямен отбасын құрғанына куә болғанбыз. Әлия келініміз де – ажары келіскен, Қабылсаяттың өзіне барынша лайық жан.

Қызмет бабымен Жезқазған облысында жүргенде басшылықтағылар «Ақтоғай ауданына әкім болып барасың, партия деген енді жоқ, Үкіметтің жаңа басқару тәртібіне көшіп жатырмыз» деді. Елге келіп, алдымен үш бабамызға құран оқытайық деп шештім. Қабылсаятқа Арыстарға қатысты құжаттарды жинастыруды тапсырдым. Ол кезде бауырым университетте істейді. Арыстар ұрпақтарының бәрін іздестіріп, үйлерін аралады. Бәрін ұйымдастырған өзі. Өміріндегі осындай үлкен белестері көп-тін. Әсіресе, Алаш жөнінде жасынан ізденіп тапқан қағаздарының бәрінің көшірмесін маған әкеліп беретін.

Биылғы 1 қаңтарда Алматыдан шөберелерім келіп, мәре-сәре болып, Бауыржанмен нарды ойнап отырғам. Түске қарай, сағат 12:30- дар шамасында Қабылсаят қоңырау шалды. «Аға, Жаңа жылмен құттықтайын деп едім. Зейнеткерлікке шықтым, енді қолым бос. Аурудан тегіс айықтым. Жүрек, өкпе де таза. Он бес күн үйде отырамын да өзіңізге келемін. Жиған-тергенімнің барлығы үйде шашылып жатыр. Бәрін ретке келтіріп, қолға алайын деп отырмын» деді. Сөйтіп біз амандықпен қоштасқанбыз.

Арада бір ай өтіп, ауыл жаққа немерелерге кетіп қалғам. Ойымда ештеңе жоқ. Бауыржаннан суыт хабарды естідім. Ол кезде Қарағандыдан Астанаға жүрер жол жабық. Топырақ сала алмадым…

…Қызмет бабымен Алматыға жол түскенде достарымның үйінде жиі қонақ болатынмын. Ол кезде Қабылсаят: «Өзбекәлі Жәнібековпен қалжыңдасып жүресіз, Қаратай Тұрысовтың үйінен шықпайсыз, Фариза жармасып мына жақтан шығады. Біздің үйден дәм ішпейсіз» дейтін.

Мендегінің бәрінің куәсі – өзі еді. Біз бауыр болып кеткенбіз. Марқайып жүріп «Аға, Сіз үшін қуанамын» дейтін. Қайтейін, бауырым ойламаған жерден, ерте кетті. Опасыз дүние.

Арқа жұрты тағы бір Абаданынан айырылып, аңырап қалды…

Сағадат ДҮЙСЕБЕКОВ,

Қарағанды облысының,

Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы,

дербес зейнеткер.

Басқа материалдар

Back to top button