Аптап соңы – ақ жауын
Биыл елімізде соңғы 55 жылда болмаған ыстық тіркелді. Қытымыр қыстан аман-есен шығып, көктемені қарсы алып, жазға жайдары пейілмен енген жұртымыз, міне маусымнан 40 күн шіліңгір шілдеге жылыстауда. Онан арғысы шыбынсыз жаз – сарша тамыз. Ә деген беттен алқымнан алған аптап бұқара жұртты жаздың қандай боларына еріксіз болжам жасатардай. Парықтап көрелік.
«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мемлекеттік метеорологиялық қызметі 2023 жылдың жазына арналған болжамына сәйкес, биыл 45 градусқа дейін ыстық пен нөсер жауын қатарласып келмек.
Синоптиктер жазда аймақтардың басым бөлігінде температуралық фон қалыптан жоғары болып, тек солтүстік аймақтарда – климаттық норма шегінде сақталатынын хабарлауда. Ал, республиканың оңтүстік-батыс жартысында жекелеген күндері термометр бағаны 40-45 градусқа дейін жетуі ықтимал. Аптап ыстық толассыз нөсермен, шатырлаған найзағаймен әрі күрт көтерілер құйын желмен алмасады. Жаздың алғашқы айы – маусым сартап ыстығымен келе жатқаны әзірден белгілі. Орташа ауа температурасы республиканың бірқатар өңірінде қалыбынан 1-2 градусқа, елдің солтүстігі мен шығысында нормаға жақын болады. Бұл ретте Қазақстан аумағында плюс 18-23 градус, елдің оңтүстігі мен батысында плюс 24-28 градус, республиканың шығыс тарабындағы таулы аудандарда плюс 7-17 градус қалыпты болып саналады.
Шілдеде республика аумағында бір айдағы орташа ауа температурасы нормаға жуық. Елдің оңтүстік өңірлерінде – нормадан 1 градусқа жоғары. Тамылжыған тамыз да синоптиктер болжамы бойынша, елдің көп бөлігінде ыстығымен ат басын тіремек. Ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болжанады. Жауын-шашынға келетін болсақ, жалпы жазда республиканың көп бөлігінде құрғақшылық болады.
Аспан айналып жерге түсер аптап ыстықтан қалай қорғану керек? Дәрігерлер ыстық ауа райында адамдарға күн астында жүрмей, жолға шықпай сақтанған дұрыс деп кеңес береді. Аптап ыстықта сағат таңғы 10.00-ге дейінгі немесе кешкі 17.00-ден кейінгі уақытта далаға шыққан абзалырақ. Себебі, ең жоғары температура 11.00 мен 17.00 аралығында болады. Осы уақытта далаға шығу қажет болса, ашық реңкті жеңіл матадан тігілген, кеңірек киім киген ыңғайлы. Күн астында екі сағаттан астам уақыт қалмау маңызды. Әйтпегенде күн өту қаупі де жоқ емес.
– Ыстықта көп жүрген адамның көзі қарауытып, басы айналуы, жүрегі айнуы мүмкін. Жүрек соғысы жиілеп, терісі боп-боз болып кетсе, күн өткеннің белгісі. Ал, күнге күйгенде тері қызара бастайды. Ондай кезде көлеңкелі жерге барып немесе жақын маңдағы ғимаратқа кіріп демала тұру керек. Көп су ішкен де пайдалы. Аптап ыстықта су мен аса тәтті емес жеміс шырынын ішуге болады. Шай ішкіңіз келсе, біраз суығанын күткен жөн. Мұндай күндері қуырылған, ыстық тамақтан, ішімдіктен, қою шай мен кофеден, газдалған сусындардан бас тарта тұрған дұрыс. Жеміс-жидек, салқын сорпа, майлы емес ет пен балық жеуге болады. Көлікпен жүрсеңіз, салқындатылған сусындар алып жүріңіз. Дене ысып, жағдайыңыз нашарласа, көлеңкеге тоқтап, демалып алыңыз. Автокөліктен шығып, далада жүре тұрыңыз, сол уақытта көлігіңіздің барлық терезелерін ашып қойыңыз. Өзіңізді жақсы сезінгеннен кейін ғана көлікке қайта отырыңыз. Балаларды ешқашан жабық көлікте қалдырмау керек. Аптап ыстықта мойынға дымқыл орамал салып алуға да болады. Жиі-жиі беті-қолыңызды салқын сумен жуыңыз, – дейді Қарағанды теміржол ауруханасының отоларинголог дәрігері Ботакөз Нағұман.
Аптап ыстық жүрек-қан тамыр аурулары бар адамдарға едәуір қауіп төндіреді. Ыстық ауа ағзадағы қан айналым жүйесіне кері әсерін тигізеді. Ағзадағы су азайып, қан ұйып қалады. Салдарынан тромб түзіліп, тамырлар қысылады. Бұл уақытта тромбозға бейімділік пайда болып, қан қысымының жоғарылауы да, төмендеуі де байқалады. Ыстық ауа райынан инфаркт, инсульт, қан ұюы тәрізді қантамырлар ауруы көбейеді. Сондықтан, жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар жылдың осы мезгілінде өте мұқият болу керек. Пациенттер дәрі-дәрмекті өзімен бірге алып жүруі қажет. Мысалы, гипертониямен ауыратындарда қан қысымын төмендетуге арналған дәрілер, ал жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарда стенокардия ұстамасын басатын аэрозоль немесе басқа да дәрілер болуы керек.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшылары мына қағидаларды есте сақтау маңызды деп санайды. Ғимарат ішіндегі салқын ауаны сақтау. Ауа баптағыш ыстықтан қорғағанымен оның астында екі сағаттан артық отыру зиян. Бас киім мен мақтадан тігілген ақшыл түсті киімдер киіп, көлеңкеде жүруге тырысу керек. Жазда міндетті түрде күннен қорғайтын көзілдірік кию қажет, себебі қан тамырларының қысылуынан көздің бұлшық еттеріне қысым түсуі ықтимал. Күн астында 11:00-ге дейін немесе 16:00-ден кейін ғана қыздырынуға болады. Күн астында бір жарым сағаттан артық жатпауға тырысыңыз немесе күннен қорғайтын құралдарды пайдаланыңыз. Ыстық ауа райында сұйықтықты көп ішіңіз. Алкогольді ішімдіктер дене температурасын едәуір көтереді, сондықтан ыстық ауа райында одан бас тартқан жөн. Никотин қанға оттегінің келуіне кедергі жасайды, қан тамырларын кішірейтеді, сондықтан ыстық ауа райында шылым шегу де қауіпті.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz