Мереке шуағы

Қаны да, жаны да бір ел тарихы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып Қарағанды қаласының Достық үйінде «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен мерекелік кеш өтті. Кеш ерекшелігі Тәуелсіздік тарихындағы баға жетпес байлықтарымыздың бірі – қазақ көші, яғни Алаш баласы азаттық алған тұста, алыс-жақын шетелде өмір сүріп жатқан қандастардың атажұртқа оралуының экранда көрсетілгендігі еді. Тұңғыш Президентіміз Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен жат жұртта жүрген қандас бауырлардың елге қайта оралғандығын еске алған қалың қауым еріксіз тебіренді. Әуелеген әнмен, күмбірлеген күй қалықтаған бұл кеш бұрынғылардан өзгерек болды.

1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Отандастар Отанға оралыңдар!» деген ұранымен қазақ еліне төңіректегі көрші елдерден қазақ көші ағыла бастады. Сол көштің нәтижесінде елімізге бір миллионнан астам қандастарымыз оралып, өсіп-өнді, өркендеді. Қазақ халқына үлкен күш берді. Бұл тәуелсіз елдегі тәуелсіз көш еді. 1992 жылдың 1 қаңтар күні Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шетелдерде өмір сүріп жатқан этностық қазақтарға арнап «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты тарихи сәлемін жолдады. Хатта «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақ алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы арнайы 711-ші қаулыны қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық», – дегені алыста жүрген қандастарды атамекенге шақырған үндеу болып, ерекше әсер етті.

Ал, Тәуелсіздікке 30 жыл толғанда Қазақстанға сырттан 1.84692 қандас көшіп келіпті. Бұлардың ішінде ең көбі Өзбекстаннан келген қандастар саны – 542 658 адамды құраса, келесі орынға Қытай Халық Республикасынан көшіп келген 355 501 қандастар ие болды. Одан кейін Түркімен топырағынан қоныс аударған 74 706 қандасымыз үздік үштікті түйіндепті. Бұлардың сыртында Моңғолиядан – 55 937 адам, Ресейден – 16 816 адам, Ауғанстаннан – 13 330 адам, Ираннан – 8 645 адам, Қырғызстаннан – 7 372 адам, басқа елдерден 9637 адам тәуелсіздік жылдары атажұртына оралған екен. Нақтырақ айтсақ, шеттен оралған қандастар еліміздегі қазақ ұлтының 12%-ын құрайды. Бұл келген көштің арасында Алматы облысындағы еліміздің ең ірі түйе шаруашылығы «Дәулет-Бекет» ЖШС-ін құрған Сыдық Дәулетов, 2005 жылы бокстан әлем чемпионы атанған Елдос Жаңабергенов, тағы да бокстан Олимпиада ойындарының (Лондон 2012, Рио-де-Жанейро 2016) қос күміс медалін жеңіп алған Әділбек Ниязымбетов бар еді. Сонымен қатар, Қарағанды облысына 1991 жылдан сексен мыңнан астам қандастар қоныс аударып демографиямызға, ұлттық өнер мен мәдениетке, әдебиетке, тіліміз бен дінімізге басқа да салаға айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Осылай ел тарихының өткенін қамтыған кештің көркі көштің келуімен өрбіді. Мерекелік кеш Халықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерейдің дирижерлігімен Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің «Көңіл ашар» күйімен жалғасты. Одан соң іле-шала Құрманғазының күйі «Сарыжайлауды» орындаған оркестр жиылған бұқараның көңілін серпілтіп салды. Қазақстандағы классикалық ән өнерінің шоқтығы биік жұлдызы, әлем әншісі Майра Мұхамедқызының талантты шәкірттерінің бірі қарағандылық Рысты Рахымжан халық әні «Ағажай Алтайды» орындады. «Аққу» би ансамблі, сонымен қатар ҚР мәдениет саласының үздігі Назгүл Әбілхан, халықаралық конкурстың лауреаттары Гүлмира Тапай, Медеу Шилманов, Кәмшат Насырова, Дінасыл Ерасыл, Жансая Нұрболат, Нұрфуат Бақтыгерей сынды танымал әншілер мен Тәттімбет колледжінің студенттері дәстүрлі әнді шырқау шегіне жеткізе орындады. Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданы Тоғызқұдық ауылының тұрғындары қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырып, кеш сәнін арттырды. Мұнан кейін, белгілі ақын Сұлтан Дәулетхан «Көк байрақ» атты өлеңін оқып, көпшіліктің көңілін тағы бір көтерді. Шараны ұйымдастырып, халықты тамаша әнімен тәнті еткен ҚР мәдениет қайраткері Меруеш Башайқызы халқына деген адалдығын, ақ көңілін өнерімен танытты. Шараға Дүниежүзі Қазақтарының қауымдастығының орынбасары Әділбек Ыбырайымұлы, облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов арнайы қатысып, сөз сөйледі.

– Алыстан кезінде ат терлетіп келген, елін аңсап келген ағайындарымыз, қандастарымыз жиналып отыр. Бұл күннің ерекшелігі сонда, осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан Тәуелсіздігін жариялап, тұңғыш өз басшысын сайлауға мүмкіндік алды. Тәуелсіздік қашанда бәрімізге қымбат. Оны әсіресе, осында отырған қандастарымыз ерекше сезінеді деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетте жүрген қандастарымыздың тағдырынан бір сәт те қол үзбеді. Сондай ақ, қандастармен бірге елге мәдени-рухани құндылықтарымыз да оралып, ұлттық мәдениетіміздің дамуында тың тыныс, жаңа өріс әкелді. Осынау ұлы көштің қазақ елінің дамуына қосқан үлесі едәуір болды, – деді Абзал Нүкенұлы.

Шынында Қарағанды облысына 1991 жылдары талай талантты қандастар қоныс аударған екен. Солардың бірі Ысқақ Тәукей ағамыз еді. Бүгінгі таңда ағамыздың өзі болмаса да, артында ән мұрасы қалды. Оның көптеген музыкалық шығармалары оркестр репертуарында мәңгілікке сақталып тұр. Ағаның «Гүлденген елім» шығармасын оркестр сахнаға алып шықты.

Нұрсұлтан Әбішұлы 1993 жылы қазан айында Моңғолияға ресми сапармен барады. Құрметті қонақты өлке қазақтары он екі қанат киіз үй тігіп, күтіп алыпты. Осы сәтте қолына үкілі домбыра ұстаған Меруеш Башай апайымыз Елбасына арнау айтқан екен. Бұл арнауда «Атажұрттан алыста жатқан елдің сағынышы, аңсауы, өксігі, үміті, назы, базынасы да бар еді. Ақбоз үйдің алдында жырды тыңдаған Президент Н.Назарбаев кәдімгідей толқыды», – деп жазыпты аталған оқиғаға куә болған журналист.

Осы оқиға баяндалған бейнекөріністі экран арқылы дүйім жұрт көріп куә болды. Толғаудағы «Қанды бұғау қақырап, Қайта оралды көк Туым, Алыстағы ағайын, Келші деген жетті үнің…» деп келетін тіркесті бейжай тыңдау мүмкін емес-ті», – деп Елбасы тебіреніп көзіне жас алған екен.

Бұл бір толқынысқа толы сәт еді. Одан бері қаншама жылдар алмасты. Тәй-тәй басып тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан қазір әлем алдында іргелі елге айналса, Ханғайда ән салған Меруеш Башайқызы атажұртына оралып, қазір Қ.Байжанов атындағы облыстық концерттік бірлестікте әншілік, сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаев төрағалық ететін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қорының» жұмысын абыроймен атқарып, қандастарға үнемі қолдау танытып келеді. Сазды кештің саф алтындай құндылығы осында жатыр. Мұны жиылған жұрт та түсініп, ұқты. Тұлпары шаппай бәйге алып, тұғыры таймай тұрған нық Тәуелсіз елдің ертеңі жарқын екеніне сенімді арттырған кеш болды десек артық емес.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button