Cargolux Қазақстан арқылы транзиттік рейстерін қайта бастайды
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 1 маусымнан бастап Люксембургтің жүк тасымалдаушы әуе компаниясы Cargolux Airlines International Nursultan Nazarbayev International Airport арқылы ұшуларын қайта бастауды жоспарлап отыр.

Күтілгендей, компания аптасына 14-ке дейін транзиттік рейс орындайды. Әзірге министрлік әрбір рейс бойынша толық ақпаратты жариялаған жоқ.
Cargolux Airlines International Қазақстан арқылы ұшуларын 2007 жылы бастаған болатын. Алайда 2023 жылы авиаотын бағасының қымбаттауы және коммерциялық жағдайлардың нашарлауына байланысты транзиттік рейстерін тоқтатқан еді.
Cargolux Airlines International – Люксембургтегі ең ірі жүк әуе компаниясы және Еуропадағы жетекші жүк тасымалдаушыларының бірі. Компания 90-нан астам бағыт бойынша тұрақты және чартерлік жүк тасымалдарын жүзеге асырады. Оның әуе паркінде 30 жүк ұшағы бар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz


