АймақЖаңалықтар

Қарағандыда «Балалар әлемі – шаттық мекені» мерекелік шарасы өтуде

Бүгін Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағы балалардың шат күлкісіне бөленді. Мұнда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балалар әлемі – шаттық мекені» атты ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.

Суреттер автордан

Жаздың алғашқы күнінде өткен мерекеге мыңдаған бала мен олардың ата-аналары қатысты. Салтанатты шара ертегі кейіпкерлерінің шеруімен басталып, шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасына ұласты. Саябақ аумағында бүлдіршіндерге арналған ондаған танымдық, шығармашылық және ойын-сауық алаңдары жұмыс істеді.

Мерекенің басты ерекшелігі – балалардың өз таланттарын көпшілікке көрсетуі. Жас әншілер мен бишілер сахнада өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ концерттік бағдарлама аясында түрлі шығармашылық ұжымдардың қойылымдары ұсынылды.

Келушілердің ерекше қызығушылығын тудырған алаңдардың бірі – «Kids’ Job Town» мамандықтар қалашығы. Мұнда балалар әртүрлі кәсіп иелерінің жұмысымен танысып, өздерін дәрігер, құтқарушы, полицей, мұғалім және басқа да мамандық өкілдерінің орнында сынап көрді.

Саябақтағы «Book Land» кітап әлемі, киіз үйдегі кітапхана, ұлттық қолөнер шеберлік сабақтары мен қазақ тілін насихаттайтын ойын алаңдары да көпшіліктің назарын аударды. Ал аниматорлар мен ертегі кейіпкерлері балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосфераны одан әрі жандандыра түсті.

Бағдарлама барысында Сәкен Сейфуллин атындағы театрдың ойын-сауық қойылымы көрсетіліп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен «Жұлдызды балалық шақ» инклюзивті шығармашылық фестивалі өтті. Ал сағат 15:00-де ұйымдастырылған көбік шоуы бүлдіршіндерге ерекше әсер сыйлады.

Кешкі уақытта мерекелік шара жастарға арналған би бағдарламасымен жалғасып, ашық аспан астындағы «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің көрсетілімімен қорытындылайды.

– Маған мереке қатты ұнады. Мен ертегі кейіпкерлерін көрдім, сурет салдым, көп достар таптым. Көбік шоуын асыға күттім. Бүгін өте көңілді күн болды, – дейді кішкентай Батыр.

Аружан ЖАНКИНА
Е. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button