Бас тақырыпМереке шуағы

«Сұңқарлар» қонды тұғырға

Облыс әкімінің жыл сайынғы журналистерге тағайындайтын дәстүрлі сыйлығы биыл да өз иелерін тапты. Жаңалығын айтайық, биыл сертификат құнын екі есеге ұлғайтыпты. Әр аталым жеңімпазына 1 миллион теңгеден табысталса, Бас жүлде иеленген «Балқаш өңірі» газетінің редакциясына 2 миллион теңге тарту етілді. Айта кетейік, «Балқаш өңірі» газетіне биыл тоқсан жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында редакция ұжымына үлкен сый болды деп қуанды Арқадағы әріптестері. Сонымен қатар, «Life09» интернет порталының талантты операторы, әріптесіміз Жасұлан МАҚҰЛБЕКОВ «Объектив шебері» аталымында жеңімпаз атанды.

Салтанатты шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов журналистердің қоғамдағы орнына тоқталып, аймақ журналистикасына айшықты баға берді.

– Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекемесімен шын жүректен құттықтаймын. Журналистердің қоғам өмірінде мәртебелі екенін барлығымыз білеміз. Сіздер өз жұмыстарыңызды абыроймен атқара жүріп, өңірде шешілмей келе жатқан мәселелерге билік органдарының назарын аударып келесіздер. Осы ерен еңбектеріңіз үшін басымды иемін. Қарағандының журналистика мектебі өзінің ерекше шеберлігімен, қайталанбас бірегейлігімен ерекшеленеді. Қарағанды – журналист кадрларының нағыз ұстаханасы. Аймақта 200-ге жуық бұқаралық ақпарат құралы бар. Алдағы уақытта да жаңа идеяларыңыз іске аса берсін. Шығармашылық табыс тілеймін, –деді Ербол Шымкентбайұлы.

Сонымен қатар, айтулы шараға Арқа журналистикасының атасы, ғалым Зарқын Тайшыбай ағамыз арнайы қонақ боп, әріптестеріне жылы лебізін білдірді. Зарқын ағамыз «Құрметті жергілікті билік өкілдері, журналистерді құрметтегендеріңіз елді сыйлағандарыңыз. Қалам ұстаған қауымға шалқар шабыт сыйлау үшін осылай қанаттандырып тұрған дұрыс. Осындағылардың бәрі менің шәкіртім» деді құттықтауында.

Құрметті қонақтар қатарында «Хабар» агенттігінің Басқарма төрағасы Берік Уәли де болды. Арқа журналистерін арнайы құттықтай келіпті. Берік Уәли де Қарағанды журналистикасының деңгейі жоғары екенін, мықты кадрлар ұстаханасы екенін алға тартты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы бұқаралық ақпарат құралдары мерекесін байланыс қызметкерлері мерекесінен бөліп, жеке дата белгілеп берді. Бұл – журналистерге деген құрмет. Міне, облыс әкімі де журналистерді жыл сайын құттықтап, «Алтын сұңқар» сыйлығын табыс етеді екен. Бұл да шығармашылық адамын қанаттандырады. Оның үстіне қаржылай сыйлықты екі есе өсіріпті. Барлық аймақ журналистерін құттықтаймыз, – деді Берік Уәли құттықтау сөзінде.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Журналистер Одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов ардагер журналист Бикен Ахметоваға Қазақстанның Құрметті журналисі төсбелгісін табыстады. Бірқатар аймақ журналистері Одақтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Арасында әріптесіміз Әдебиет Белгібайұлы да бар. Сондай-ақ, бірнеше БАҚ қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Сонымен, аймақ журналистикасының абыройы үшін айтарлықтай қызмет атқарып, мереке қарсаңында мерейлері тасыған әріптестерімізді еңбектері еленгенімен шын жүректен құттықтап, «Алтын сұңқар» сыйлығының жеңімпаздар тізімін ұсынамыз.

«Мамандығына адалдығы үшін» номинациясы – «Нұра» газетінің бас редакторы, ардагер журналист Ермек Балташұлына, «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» номинациясы – «Новое телевидение» телеарнасының директоры Руслан Иосифовичке, «Объектив шебері» номинациясы – «Life09» интернет порталының операторы Жасұлан Мақұлбековке, «Ауыл тақырыбын үздік жариялағаны үшін» номинациясы – «Ақтоғай ажары» газетінің тілшісі Думан Қабылға, «Өндірістік тақырыпты үздік жариялау» номинациясы – «Вечерняя газетаның» тілшісі Оксана Матвиенкоға, «Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялау» номинациясы – «31 арна»телеарнасының Қарағандыдағы меншікті тілшісі Диана Мұқановаға, «Алғашқы жетістіктері үшін» номинациясы Жезқазған аймақтық «Дидар» телеарнасының журналисі Мұқағали Сейітқазыға, «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» номинациясына – Сәтпаев қалалық «Ақшам» телеарнасының директоры Ғалымжан Нұрпейісовке, «Мәнер мен атқарымдылық үшін» номинациясы – облыстық «Saryarqa» телеарнасының бейнетаспагері Роман Копыловқа, «Әлеуметтік желілердегі өзекті мәселелерді үздік жариялағаны үшін» номинациясы – блогер Денис Денскиге табысталды.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан барлық әріптестерімізді мәртебелі марапаттарымен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button