Мереке шуағы

Сабантой – ынтымақтың мерекесі

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен башқұрт-татар халқының ұлттық мерекесі – сабантой мейрамы тойланды. Қазақстан халқының татулығы мен достығы дәріптелген мерекеге жиналған жұрт ақжарма тілектерін білдірді.

Сабантой – зор еңбек пен үкілі үміттің, молшылық пен берекенің мерекесі. Түркі халықтары арасында жиі тойланатын мерекені татар ұлты ізгі дәстүрге айналдырған. «Қаһарлы қыс қыспағынан аман шығып, көктемгі науқанды ойдағыдай аяқтадық. Енді, берері мол берекелі күздің ырзық, несібесін күтеміз» деген халық осыншама қажырлы еңбектен кейін арқаларын кеңге салады. Жауапты маусымды еңсерген ел бір жадырап қалмақ. Көтеріңкі көңілмен ұлттық мерекені тойлауға келген жұрттың қуанышын бөлісуге арнайы қонақтар да келген. Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Шамиль Осин, Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Саят Шаймин, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қарағанды облысы филиалы төрағасының орынбасары Вилен Молотов-Лучанский, Қарағанды қаласы мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов қатысты.

– Нәпақасын еңбектен тауып отырған халық үшін бұл – ұлық мереке. Ежелден қазақ халқымен біте қайнасып, бірлігі жарасқан тағдырлас елміз. Ұстанымымыз – ортақ, тілегіміз – бір, түбіміз – түркі ағайын халықтың берекелі бірлігі мен ынтымағы біз үшін қашан да маңызды. Бұл мейрам ерте жастан еңбекпен есейіп, бір жұмысты еңсеріп, көңілі жайланған ағайынның көл-көсір қуанышын білдіреді. Ұлтымыздың ұлық қасиетін сақтауға мүмкіндік туғызып, қамқорлық жасап отырған қазақ еліне алғысымызды білдіреміз. Біз бүгінде бір атаның баласындай бір-бірімізге бауыр басып кеткенбіз, – деп өзінің ізгі тілегін жеткізді Шамиль Осин мырза.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген нақыл осы бір мерекенің мәнін ашқандай. Оны құттықтау лебізін білдірген қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов тамырлас татар-башқұрт халқының ұлттық қасиетін, адамгершілігі мен еңбекқорлығын, өзге этностармен ауызбіршілігі, татулығын тілге тиек етті. «Бірлік түбі – береке, ұлттар арасындағы ынтымақтың көрінісі – бейбіт ел болудың алғышарты. Ал, бірлікті күйретуші күншілдік. Ел мен елді жақындастыратын, ақ адал ниеті, пейілі. Олай болса, бірлікті, бейбітшілікті, молшылықты жария ететін сабантой мерекесі барлығымызға құт-береке әкелсін», – деген тілегін жеткізді. Әр халық өзінің ұлттық құндылығымен – қадірлі, қасиетті. Атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтау – әр адамның парызы. Кейіннен шыққан аты түгілі затынан адам шошитын хеллоуин секілді мерекені тойлағанша, исі мұсылманға ортақ, сабантойды тойлау біз үшін әлдеқайда құнды. Ақ тілектің тиегі ағытылған мереке әдемі ән, әуезді күй, мың бұралған бимен жалғасты.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button