Аймақта «Жасыл Ел» жастар жасағының 22-ші еңбек маусымы басталды
Қарағандыда жастарды еңбекке баулу мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының 22-маусымы өз жұмысын бастады. Биыл бағдарлама аясында 14 пен 35 жас аралығындағы екі мыңға жуық жас маусымдық жұмыспен қамтылады.

Олар жаз бойы қаланың саябақтары мен скверлерін, демалыс орындары мен тұрғын үй аулаларын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жастарды еңбекке тартумен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туған жерге деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Осы мақсатта еңбек маусымы барысында түрлі тренингтер, шеберлік сабақтары мен танымдық кездесулер өткізу жоспарланған.
Биыл инклюзивті бағытқа да басымдық беріліп отыр. Жоба аясында ерекше қажеттілігі бар азаматтардан құралған 40 адамдық еңбек жасағы жұмыс істейді.
Қатысушылар арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар еңбек процесін цифрландыру мақсатында QR-код арқылы тіркеу жүйесі енгізілген. Бұл жұмыс уақытының есебін жүргізіп, қатысушылардың күнделікті белсенділігін бақылауға мүмкіндік береді.
Жаңа еңбек маусымының ашылуына арналған мерекелік шара 5 маусым күні Қарағанды қаласының Орталық саябағында өтеді. Концерттік бағдарламада қазақстандық эстрада әншілері Қайрат Түнтеков пен Еңлік өнер көрсетеді.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын мерекелік кешке қатысуға шақырады.
Аружан ЖАНКИНА
Е. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті




