Спорт

Өз алаңында жеңіске жетті

Футболдан Қазақстан Бірінші лига ойындарының VIII туры өз мәресіне жетті. Жерлестер бұл жолы өз алаңында семейлік «Елімай» жастар клубын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қос команда арасындағы кездесу тартысты әрі қарқынды өтті. Екі тарап та шабуылға жиі иек артқанымен, алаң иелері ойын тізгінін көбірек ұстады. Бірінші таймның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда алаң иелері кезекті шабуыл ұйымдастырып, айып алаңына бағытталған пасты асырған еді. Сол сәтте қарсылас команда қорғаушысы Дастан Дарханның аяғына тиген доп қақпаға еніп, автогол тіркелді. Екінші таймда «Шахтер» допқа бақылау жасағанымен, есепті еселей алмады. Нәтижесінде, кездесудегі жалғыз гол матч тағдырын шешіп, алаң иелеріне жеңіс сыйлады.

– Ойын өте ауыр өтті. Қарсыластың қорғанысқа басымдық беретінін алдын ала жақсы білдік. Сондықтан, матч бойы шабуылдауға көбірек көңіл бөлдік. Дегенмен, қарсылас қорғанысын бұзып өту оңай болған жоқ. Есеп ашатын сәттеріміз де болды. Алайда, жас ойыншылар шешуші мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алмады. Бұл – тәжірибенің жетіспеушілігінен. Жеңіс бізге оңай келген жоқ. Қарсыластың қарымта шабуылға сүйенетінін ескертіп, кездесудің тартысты өтетінін алдын ала айтқанмын. Бірінші таймда автоголдың көмегімен алға шыққанымыз­бен, үзілістен кейін есепті еселей алмадық. Допқа бақылау жасадық. Алайда, шабуылдағы мүмкіндіктерді мүлт жібердік. Ең бастысы, команда жеңіске жетті, – деді бас бапкер Андрей Финонченко.

20 ұпай еншілеген «Алматы» жастар командасы турнир кестесінде көш бастады. Ал, «Шахтер» өз алаңындағы маңызды ойында жеңіске жетіп, 19 ұпаймен ІІ орынға табан тіреді. Үздік үштікте 16 ұпаймен «Тараз» клубы тұр.

Енді жерлестер маусым айында үш ойын өткізеді. 12-сі сырт алаңда алматылық «Хан Тәңірі» клубымен кездессе, 19-ы өз алаңында оралдық «Жайықты» қабылдайды. Ал, 26-сы сырт алаңда «Тараз» клубымен ойнайды.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button