Алтын аяқтан ас ішетін күн қашан?

      «Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс.

Жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырамын».

Н.НАЗАРБАЕВ

     Менделеев ақсақалдың химиялық кестесіндегі элементтердің баршасы жерімізде десек те, елімізде сол минералды-шикізаттан қыл суырып отырған жоқпыз. Қазірде алынып жатқан кен байлық ұшы-қиыры жоқ ен байлықтың шөкімдейі ғана екен. Алтын сандықтың үстінде отырып, алтын аяқтан ас іше алмаған бұл күніміздің есесін ертеңімізге енші қылып қалдырдық. Қарағанды облысының геологиялық дамуына қатысты өткен кеңесте көкейге түйіп, көңілге тоқығанымыз – осы болды.

Инвестицияның

көзі қайда?

Жер қойнауындағы қазынаның қағанағымызды қаншалықты қарқ қылатынын сыртқы, ішкі геологтар сараптан өткізіп келеді. Геология, басқасын қайдам, Қарағандының қойны-қонышы әзірге байлыққа тұнып тұр деседі. Уақыттың жалына жармасып, инвесторға игіліктің бәрін беріп қоймай, кенді игере алмай жүргеніміз өзімізге – сын.

Сондықтан, кешегі күні өткен ке­ңесте кеншілер аймағының кен ор­ындарының жағдайы жан-жақты тал­қыға салынды. Іздеу, барлаудан бастап, оны өндіріп алу үшін инвестор тартуға дейінгі жұмыстардың тізбегі назарға ұсынылды. Негізі, Қарағанды облысының кен орнын игеру бағытында 300 келісім жасалған. Оның 200-і қатты пайдалы қазбаларды алумен айналыса, 66-сы кең таралған кен өндіруімен шұғылданып отыр. Бұған қоса, жаңа кен орындарын тауып, аймақтың минералды-шикізатты әлеуетін арттыру үшін іздеу жұмыстары және жүргізілуде. Мәселен, «Казгеология» әлемдік деңгейдегі мыс кеніне барлауды бастаған. Елбасының биылғы Жолдауында атап көрсеткен бұл саланы одан әрі өрістету үшін Қарағанды аймағынының қорына дос сүйініп, дұшпан күйінгендей-ақ екен. Көмір, барит, марганец және тағы да басқа көптеген пайдалы қазбалардан Қарағанды құр алақан емес. Мұны Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев та растайды. Оның айтуынша, Қарағанды облысының аумағында алтын, мыс, қорғасын, мырыш, марганец, мұнай қоры баршылық.

Базарбай НҰРАБАЕВ, Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы:

Қарағанды облысында бүгінде 54 — алтын кен орны, 45 — мыс, 33 — қорғасын, 28- мырыш, 28-марганец, 10-12 мұнай кен орны бар. Еліміздегі тас көмірдің 38,1 пайызы Қарағандыға тиесілі. Сонымен бірге, мәрмәр, барит секілді кең таралған кендер де алынады.

Төраға қазіргі уақытта инвестицияның негізгі көзі алтын, мыста екенін айтады. Сондықтан, алдағы уақытта бұл кен көздерінің ұлғаю мүмкіндігі зор. Аймақта кен алумен айналысатын ірі компаниялар аз емес. Бұл – геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі деседі. Бүгінде Қарағанды облысының минералды-шикізаттық қорын арттыратын бірқатар кен орындары негізге алынған. Мысалы полиметалдың бір көзі ретінде Жезді, Атасу секілді кен орындары аталды. Ал, мыстың үлесін Спасск, Атасу, Жезқазған аймағы ұлғайтады деп күтілуде. «Нұрқазғанды» кеңейту арқылы алтынға қол жеткізуге болады.

Бұдан бөлек, 5 нысанда іздеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Атап айтқанда, Сары дала, Үңгір арқылы Жезқазған өңірінің кенін барлау жоспарлануда. Іздеу-барлау жұмыстары 2016 жылы 2,8 млрд.теңге көлемінде болса, биыл 2,1 млрд.теңге шамасында. Мұнда да бюджеттік қаражатты жұмсамай, инвестиция тарту жолымен іске асырылымақ.

Жаңа кодекстің

жаңалығы не?

Мемлекет басшысы жер қойнауын пайдаланудың тиімділігін арттырып, инвестициялық климатты жақсартуға қатысты тапсырма берген. Соған орай бүгінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің жобасы дайындалуда екені мәлім. Мұндағы мақсат – халықаралық талаптарға жақындау, жер қойнауын пайдалану үрдістерін жеңілдету дейді Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймишев.

Руслан БАЙМИШЕВ, Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры:

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 74-75 қадамдарында халықаралық стандарттарға өту туралы айтылған. Бұл қадамдардың негізгі міндеті – заңнаманы жетілдіріп, инвест климатты жақсарту. Жаңа кодексті қабылдаудағы бірден-бір себеп – минералды-шикізатты базаны игерудің қарқын алмауы.

Оның айтуынша, мысалы, Қазақстанда алаңда өткізілетін, яғни, барлау жұмыстарына бөлінетін қаражат 1 шақырымға 7 АҚШ доллары. Ал, өзге елдерде бұл 20 есеге артық. Жаңа кодекске қатысты жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында түрлі қауымдастықтар, жер қойнауын пайдаланушылар, ғылыми институттардан жинақталған 98 адам бар. Кодекс негізіне бұрын жасалған зерттеулер алынуда. Жер қойнауын пайдалануға қатысты нормативтік-құқықтық база толық жетілдірілмеген. Айталық, барлау жұмысына біздің заңнама бойынша 18 ай бөлінген. Алайда, инвесторлар инвестиция құю үшін екі жылға жуық уақыт қарап, күтіп отыруға мүдделі емес дейді ол. Бүгінде жаңа Кодекске үлгі ретінде Аустралия моделі алыныпты. Өйткені, Аустралияның жер аумағы мен минералды-шикізаты Қазақстанмен ұқсас көрінеді.

Жаңалыққа толы болады деп күтілген Кодекстің бір елең еткізерлігі ол қабылданған соң, жасалатын келісім-шарт бұрынғыдай жиырма күннің мұғдарында емес, 3 күннің ішінде жасалады. Тотальды мемлекеттік бақылау жойылады. Экологиялық талаптар күшейе түседі. Жариялық қағидаты да қатаң сақталады дейді Баймишев мырза.

Қарағандының аузын аққа қай жоба

жарытпақ?

«Қазгеология» ҰКБК» АҚ Басқарма Төрағасы Ғалым Нұржанов Қарағанды облысында соңғы үш жылда ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтады. Мәселен, ел бойынша 30 млрд.теңге инвестиция тартылса, оның 9 млрд.теңгесі -30 пайызы Қарағандыға бұйырған. Бұдан бөлек, 13 барлау жұмыстары жүргізілуде. Жұмысқа «Қазгеология» шетел компанияларын да тартыпты. Олардың арасында британ, корей, жапон, түрік елдерінің компаниялары бар.

Ғалым НҰРЖАНОВ, «Қазгеология» ҰКБК» АҚ Басқарма Төрағасы:

Бүгінде Қарағанды облысында «Rito Tinto” британ компаниясы 2 жоба бойынша мысты кен орнына бұрғылау жұмыстарын жүргізуде. «Kores» корей компаниясы Дүйсембай учаскесінде мырышты барлау жұмыстарын атқаруда. Жапонияның «JOG MEG” компаниясы Қыземшек учаскесінде барлауды қолға алған.

Түрік компаниясы да Қарағандыда барлау жұмысын жүргізуге қызығушылық танытыпты. Барлау ісіне геофизикалық ізденіс жасайтын технологиялар енгізілуде екен. Халықаралық геомеханикалық зертхананы да Қарағандыда салу көзделуде. Өйткені, барлау ісінде инвесторлар пайдалы қазбаны шекара асырып, сараптаудан өткізуге мәжбүр. Сол себепті халықаралық сертификат беретін зертхана мәселесі күн тәртібіне шыққан.

Қарағанды облысында тап осы күні минералды-шикізат бойынша 63 жоба бар. Оның 21-імен кен алу туралы келісім жасалса, 42 жоба барлау үдерісінде. Бүгінде «Сарыарқа» ӘӘК ҰК қоржынында 55 келісім. Олардың құны 5 млрд.теңге көлемінде. Бұдан бөлек, бүгінде 12 жоба барлау жасалып, жүзеге асуға дайын тұр. Мұны «Сарыарқа» ӘӘК ҰК» Басқарма төрағасының орынбасары Сергей Касимов мәлімдеді. Сондай-ақ, Қарағанды аймағының аузын аққа жарытады деген ірі жобалар да аталды. Сондай жобаның бірі һәм бірегейі – метан алу. Бұған дейін жасалған барлау Қарағандыда 150 млрд.текшені құрайтын метанның қорын көрсеткен. Бұл бағытта «Сарыарқа» ӘӘК арқылы 4 жоба іске асуда.

Сергей КАСИМОВ, «Сарыарқа» ӘӘК ҰК» Басқарма төрағасының орынбасары:

Бүгінде 8 ұңғыма жасалды. Оның 3-інде барлау жұмысы атқарылды. Барлаудың нәтижесіне келсек, халықаралық зерттеулер метанның болашағы зор екенін айғақтады.

Бұдан бөлек, «Сарыарқаның» еншісінде жер қойнауын пайдалану бойынша, атап айтқанда, Жезқазған, Ұлытау, Сәтбаев өңірлеріне қатысты екі жоба бар. Ал, Жалпы Жезқазған өңірінде 12 млрд.теңгенің 11 жобасы қолға алыныпты. Бұл жобалар – Жезқазғанның болашағы бұлыңғыр деген қауіп пен күмәнді сейілтуге сеп.

Не жетпейді?

Күн ұзақ кеңескен келелі жиын Қарағанды геологиясының бір өзі елдің экономикасына шөкімдеп емес, шөміштеп қазына құя алатынын және бір еске салды. Қор мен кеннен кенде емес. Тек игеру ісіне икем жетіспейді. Әттегенайы – сол.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.