Алты алаштың ардағы

Биылғы жылы хандық дәуірдің кемеңгері Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл толып отыр.

Қазыбек би Келдібекұлы – қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында ел басқару ісінің төрінде болған аса ірі мемлекет қайраткері, Әз-Тәуке құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғыны» шығарушылардың бірі. Жеті атасынан билік арылмаған кемеңгер атамыз өз заманында-ақ «Қара қылды қақ жарған Қаздауысты Қазыбек би, Алты Алаштың ардағы аталды, сөзі пәтуәлі, аузы дуалы ақылгөйі, мәмілегері болды.

Бүкіл ғұмырын елдікке, бірлікке арнаған Қазыбек бидің тарих сахнасына шыққан шағы – қазақтың аузынан қақпақ, басынан тоқпақ кетпеген; қылыш – қынабынан, қанжар қынынан суырылған; бес қаруын асынған; ат үстінде күн көрген, аптада белін шешпеген; іргеден Жоңғар, түстіктен Қоқан қоқаңдаған, шығыстан – Қытай,батыстан Ресей қыспаққа алған беймаза шақ еді.

Алыстан орыс, қытай — ауыр салмақ,

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.

Артында — ор, алдында — көр, жан-жағы жау,

Дағдарған Алаш енді қайда бармақ? – дегенде, Мағжан Жұмабаев сол бір ауыр кезеңді меңзеген еді.

Қазыбек би бар күш-жігерін қазақ хандығын нығайтуға арнады; Жоңғар хандығының біржолата құлауын қамтамасыз етті; хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі, ел бірлігінің емшісі болды.

Шоқан Уәлихановтың «XVII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген құнды еңбегінен: «Абылай ханнан үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметтейсіз деп сұрағанда: «Бізге дейінгі ерлерден екі кісіге таң қалуға болады. Оның бірі 90 туысын Қалдан Сереннің тұтқынынан құтқарған қаракесек Қазыбек те, екіншісі – уақ Дербісәлі деген екен» дейтін жолдарды оқимыз.

Ханға тіреу, қараға сүйеу болған, ханды көндіре де, халықты сендіре де білген Қазыбек биден тозбайтын тағылым, өшпейтін өнеге, байтақ мұра, аталы сөз қалды.

Бүкіл қазақ мақтан тұтатын Төле, Қазыбек, Әйтеке — қазақ халқының алғашқы заң жүйесін жасаған үш кемеңгер, елдігіміздің үш тіреуі, әділдіктің үш тірегі, билік пен шешендіктің жығылмайтын үш туы еді. Кісіліктің салтанат құрған, қазақтың сөзге тоқтаған кезі осы үш бидің тұсы болатын.

Үш кемеңгер дүниеден өткенде ақындар жырында, күйшілер күйінде жыл бойы жоқтаған. Бірақ амал не, Қаздауысты Қазыбек бидің қызы Қамқа сұлудың:

О, дүние үғлым-дау,

Қарлыққан даусым жұлымдау.

Төрт құлақты елімнің

Бір құлағы тағы жұлынды-ау.

Әуелгі биім Төле еді,

Артық та туған төл еді.

Түптен тартып сөйлесе,

Ғақылы дария көл еді.

Кім ойлаған дарияны,

Бір күні ол да өледі.

Дүние қолдың кірі еді,

Менің де әкем ірі еді.

Маңдайындағы қазақтың

Төрт тіреуінің бірі еді.

Төрттің бірі Айтық-ты,

Дүниеден ол да қайтыпты.

Соңғы демін алғанда

Әкеме сәлем айтыпты.

Қайран елім, қазағым,

Соңғысы төрттің құлады, – дейтін жоқтауынан үзінді ғана болмаса, сол байтақ қазына, лағыл маржандай жырлар аққан селдей, ескен желдей, көшкен елдей, Ұлы Далада із-түзсіз ғайып болды.

Біз осылай, өзіміздің байтақ тарихымыз түгілі, бабаларымыздан қалған ұлан-ғайыр рухани асыл мұраларымызға да толық ие бола алмай қалған халықпыз.

Қаздауысты Қазыбек би – тек Қарағанды өңіріне ғана емес, исі қазаққа ортақ тұлға. Қазыналы Қарағанды жері қазаққа Қазыбектен басқа да ірі тұлғаларды сыйлаған, талай асылдарымызды сақтаған жер.

2006 жылы Абылай ханның алтын зерлі қамқа тонын Жаңаарқадан Байдалы бидің ұрпағы Хамзе Сәтжановтан алып, Президенттік мәдениет орталығында ұлықтаған едім. 2009 жылы Қаздауысты Қазыбек бидің шапанын Қарқаралы асып, Егіндібұлақта отырған бидің алтыншы ұрпағы Алтын Қожахметов ағамыздың қолынан алып қайтқан едік.

Алтын ағамыздың сонда шапанды беріп тұрып: «Бұл шапанды сақтауда қиыншылықты да, азапты да көп көрдім. Осы шапан үшін екі ағамды бір түнде итжеккенге айдатып жіберді, хабар-ошарсыз, із-түзсіз кетті. Шапанды екі жыл жердің астына көміп сақтадық» деген сөзі әлі жадымда.

Бүгінде, Құдайға шүкір, бұл асыл мұралар бір әулеттің немесе бір өңірдің ғана емес, мемлекетіміздің құнды мұраларының бірі болып Ұлттьқ музейдің төрінде тұр.

Сол сапардан келе жатып көңілім көтеріліп, жолай Қарқаралының басында тұрып:

Атыңнан айналайын,

Қарқаралы,

Көп болды сенен қайғы тарқағалы.

Қазаққа ұлыларды үйіп берген

Ақорда, алтын бесік Арқадағы, – деп шаттанғаным есімде.

Бір өкініші, қазақтың билік жүйесін негіздеген, сөйтіп еліне тұтқа болған ұлы бабаларымызды тану ілімін қалыптастыра алмай келеміз. Конфуций орталықтары тәрізді Төле би, Қазыбек би. Әйтеке би ғылыми-зерттеу орталықтары, солардың дәстүрін жалғастыратын көсемдік, шешендік мектебі; даналыққа баулитын Абай мектебі ашылса ел үшін де, ұрпақ үшін де жақсы болар еді.

Қаздауысты Қазыбек би Төле би дүниеден өткенде: «Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» деп, жер таянып, күңіренген екен.

Бір заманда Төле, Қазыбек, Әйтекедей даналардың болғаны – қазақтың бағы еді; көз жасын Құдайдың көргені, тілеуін бергені еді; дегенінің болғаны, кеңілінің толғаны еді; айы туып оңынан, жұлдызы туып солынан, қалың қазақ еріп соңынан, басына бақтың қонғаны еді…

Не керек, кезінде қазақ оны да бағалай алмады. Бақ бағалағанның ғана басында тұратынын ескермеді. Бірін-бірі тыңдай бермейтін, өздерін шетінен данышпан санайтын қазақ одан да сабақ алған жоқ.

Үш данадан кейін қазақ ырың-жырың; дау-дамайы қозған, дәурені озған аса бір ауыр кезенді кешті.

Совет империясы тұсында тарихымыз саясатқа айналды, өз арыстарын өз халқына жау қылды. Бірін-біріне айдап салды. Аңқау қазақ мұның да артының неге апарып соғатынын аңғармады.

Ел ішінде өштестік, алауыздық, жікшілдік өрттей қаулады; жұрт кімнің дос, кімнің қас екенін біле алмай, сергелдеңге түсіп, дал болды; ел іргесі сөгілді. Елге тұтқа болғандарын итжеккенге айдатты. Сөйтіп, өз жақсысын өзі қорлады.

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» – дегенді Абай жасы жеткендіктен айтқан жоқ еді. Абайды қартайтқан да, сойылға жыққан да; Шәкәрімді атып, құдыққа тастаған да; Біржанды шынжырға байлаған да; Иманжүсіпті арбаға теріс таңып айдаған да; Құрманғазыны абақтыға жапқан да; Мәдиді шаңқай тал түсте атқан да – қазақ, қазақтың өзі.

Хан Абылай дүниеден өтерде:

Үш жүздің басын қоссам, қала салсам, көшіп-қонып жүрген жұртымды ел етсем деп едім, жете алмадым, кейінге аманат – деген екен жарықтық.

Бүгінгі бақытты заманға – Тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен хандар да, батырлар да, билер де жете алмады, біз жеттік. Сөйтіп, көз алдымызда, жер де, ел де, заман да, адам да өзгерді. Ел есін жиды, еңсесін көтерді, тәуелсіз Қазақ елі көш түзеді. Көшті Нұрсұлтан Назарбаев бастады. Жаңа мемлекет орнады. Арғы-бергі заманда қазақтың басына мұндай бақ қонған жоқ. Ендігі жерде барымыз бен бағымызды бағалай білсек, жақсы мен жаманды саралай білсек, Тәуелсіздік дейтін құдіретті ұғымның қадіріне жете білсек болғаны.

Өткеннен бізге кейбір өзге елдердегідей дәулет те, сәулет те жетпеді баталы, аталы сөз жетті. Енді сол сөзді ұғатын да, пәтуалы сөзге тоқтайтын да кез келді!

Әрқашан ақылдасып жүрейік, Бір-бірімізбен жақындасып жүрейік! Ақылдассақ – адаспаймыз, Жақындаспай — жараспаймыз! Тірегіміз де, Тілегіміз де, Жүрегіміз де бір болсын! Даламыз мыңғырған малды болсын, Жылқымыз жалды болсын, Балалар қатарының алды болсын! Жегеніміз – дәмді, Кигеніміз – сәнді, Өміріміз мәнді, Қазақ елі мәңгі болсын! Аспай-саспай, Жаман жерді баспай, Әр немені шатпай, Ақылымыздан адаспай жүрейік. Ендігі жерде: Қазақ үш жүзге бөлінбейді, үш жүзден құралады деп өмір сүрейік, бауырларым!

Әділдігімен қара қылды қақ жарған Қаздауысты Қазыбек бидің рухы жасай берсін! Әруағы қолдап, ел-жұртының көсегесі көгере берсін!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.