Бас тақырыпТеміртау

Алпауыт ауаны ластай бере ме?

Экология министрі Серікқали Брекешев республика өңірлеріне жұмыс сапарын жалғастыруда. Облыс тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйымдар мен қауымдастықтар өкілдерімен кезекті кездесу Теміртау шаһарында өтті.

Жасыратыны жоқ, біздің облыс ауаның ластануы бойынша алдыңғы қатарда. Елдегі зиянды шығарындылардың шамамен 23 пайызы өндірісті өңірге тиесілі екен. Бұл ретте облыс бойынша шығарындылардың 36 пайызы Теміртау қаласының үлесінде. Негізгі ластаушылар «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындары экологиялық талаптарды орындаудан бас тартпағанымен, уақыт еншісіне сілтеуде. Арселордың өкілі Биджу Наир «Жағдайды жақын арада дұрыстап, әлемдік деңгейге жеткіземіз» деуінен әсте танбады. Мысалы, соңғы 5 жылда кәсіпорында жалпы сомасы 32 млрд. теңгеге жуық табиғатты қорғау шаралары жүзеге асырылған. Қаржылық шығындар тұрғысынан бұл – едәуір сома. Алайда, шығарындылар небәрі 4 мың тоннаға азайған. Өзге улы газдар мүлде төмендемеген. Облыстық экология департаменті жүргізген тексеріс барысында экологиялық заңнаманың өрескел бұзылғандығы анықталды. Атап айтқанда, ауаға таралатын зиянды газ мөлшерінің шектен артуы; тазарту құрылғылары жұмысының тиімсіздігі. Айыппұл сомасы 5,8 млрд. теңгені құрады. Тексеріс құжаттары шешім қабылдау үшін сотқа жолданыпты.

– Құрметті Теміртау қаласының тұрғындары, «АрселорМитталдағы» шығарындыларды азайту мәселесі өткір тұр. Біз технологиялық жабдықты ауыстыру, ең үздік қолжетімді технологияларды пайдалану қажет деген позицияны ұстанатын боламыз, – деп атап өтті Серікқали Брекешев.

2023 жылға арналған экологиялық рұқсат алуға арналған жобалық материалдар министрліктің қарауында көрінеді. Егер кәсіпорын шығарындыларды төмендетуді көздемесе, экологиялық рұқсаттан қағылу қаупі тұр.

Тұрғындар наразылығын тудыратын тағы бір мәселе бар. Қатты тұрмыстық қалдықтарды игеру жүйесі жетілмеген. Ғарыштық мониторинг шеңберінде 745 қоқыс үйінділері анықталып, оның 98 пайызы жойылған. Қоқыс үйінділердің пайда болу себептерінің бірі – заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының болмауы. Мәселен, қатты тұрмыстық қалдықтар орналасатын 168 нысанның тек 37-сі (25%) пайызы экологиялық және санитарлық талаптарға сай. Сондықтан, 2024-2025 жылдар кезеңінде облыстық бюджет есебінен Абай, Балқаш, Қарқаралы қалалары мен Ботақара, Ақадыр, Нұра кенттерінде жаңа алты қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын құру жоспарлануда.

Кәріз тазарту құрылғыларының да тозығы жетіп тұр. Облыста жеті кәріз тазарту құрылғысы бар. Көпшілігі су нысандарына бағытталған. Балқаш қаласында, Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Шет ауданында тазарту құрылғылары мүлдем жоқ.

Нұра ауданы өзенді сынаптан тазартты. Бірақ, Теміртау электрометаллургиялық комбинатының кәріз коллекторы сол бетінше жұмыс істеп тұр. Коллекторды кәсіпорын пайдаланбайды. Тасқын кезінде осы коллектордан Нұраға сынап қайта сырғиды. Кәсіпорын өз қаражатына коллектор құрылысының жобасын әзірлеуде. Тек жобалаушыларға «Окжетпес-Т» ЖШС қалалық желі құбыры бойынша бастапқы деректерді беру қажет.

Экология министрі Балқаш көлінің таяздану қаупіне де тоқталды.

– Балқаш көлінің оңтайлы деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341 метр. Соңғы он жылда көл деңгейі осы белгіден төмен түскен емес. Көлдің тұрақты деңгейде сақталуына Іле өзенінің Балқашқа жыл сайынғы ағыны 12 текше шақырымнан төмен емес көлемі кепіл. Мұнан өзге «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында көл арнасына жылына кемінде 12 текше шақырым келу үшін 12 су нысанын тереңдетіп, тазарту, көл бассейніндегі 12 каналды жөндеу жоспары тұр. Қытай тарапымен де су бөлу жөнінде Балқаш көлінің экологиялық жүйелерін дамыту және сақтау мүдделері ескерілетін келісімге қол жетті. Сонымен қатар, Президент тапсырмасы бойынша министрлік топырақ эрозиясын азайту және шөлейттенуді болдырмау мақсатында Балқаштың жағалау сызығын көгалдандыру мәселесін пысықтауда, – деді өз сөзінде Серікқали Аманғалиұлы.

Жиын соңында Қазақстан Республикасы Экология министрі БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, қала тұрғындары мен меймандарын жеке қабылдады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button