Адами құндылықтардан адастық

…Кішкентай сыйға қуанатын қасиет қалмады осы күні. Не алсақ та, қомақты, үлкен, қымбат дүние алғымыз кеп тұрады. Тіленшілік пе, не бұл? Әлде түккөрмегендік түптен дөңайбат көрсетіп жата ма? Кім білген, сыйлықты таңдап алып, сый-құрметті талғап көрсететін болдық. Ал, ертеректе кітап сыйлайтын бәрі. Қандай жарыс, нендей бәсекеде, туған күнде, мерекеде кітап беретін. Кітаптан үлкен сый жоқ-тын. Қазір сол үрдіс жоғалды ізім-қайым. Бұл күні біреуге кітап сыйлап көріңіз, басыңызды жармаса да, жақтырмай, тыжырынып қалады. Неге? Құндылықтың кеміп қалғандығы шығар, бәлкім. Сол үрдісті қалпына келтіру керек дейді менің ішкі ойым. Кімге болса да, кітап сыйлау керек. Түптің түбінде сол кітапты оқиды ол адам. Не болмаса, баласы, бауыры, туғаны оқиды. Сөйтіп, кітапқа теріс қарап кеткен басымыз келе-келе бері бұрылады. Сонда қазіргідей кітап оқитын адам жоқ, бала жоқ дегеннен арыламыз. Кітап оқитын бала қайдан болады? Егер оған кітап сыйламасақ. Кітаптың орнын басқа материалдық құндылықтармен толтырып қойсақ…

…Қазір не жоқ дейсіз? Бәрі бар. Адам баласы ойлап тапқан небір жаңалықтардың баршасы қолымызда. Материалдық игіліктердің көптігі соншалықты, ит жемейді. Бірін алып, бірін тастап, әйда, сапырып жатырмыз. Жаңадан шыққан технологияның соңынан қуалап жүріп алып, өкшелеп келеміз. Ақшам жоқ дейтін емес. Несие бар. Қалағаныңды ал. Қойшы, әйтеуір, бәрібәрі бар ғой. Не кием, не ішем десеңіз де, түгелін сатып аласыз…

…Тек бір нәрсе ғана жоқ. Ол – жылылық. Адамның адамға деген жылуы кем. Есесіне, өз басын ғана ойлайтын өзімшілдік өрекпіп тұр. Есесіне, менмендік, қатыгездік сайран салып жүр… кітап оқымаған соң…

…Мысалы, баршаның қолында қазір ұялы телефон. Жалпақ тілмен айт­қанда, сотка. Сол соткаңызбен ет-жақындарыңызбен, туған-туысыңызбен күнде, құрып кеткенде күнара сөйлесесіз бе? Жоқ, сөйлеспейсіз. Неге? Оған уақытыңыз жоқ. Қолыңыз тимейді. Бірақ, қалтаңызда телефон бар. Небары бір кнопканы баса саласыз. Солай бола тұрса да, мұршаңыз жоқ. Мұрныңызға су жетпейді. Расымен, солай ма? Жо-жоқ, мұның арғы жағында селқостық, тасбауырлық тұр. Әркімнен бір қалмаймын деп, өзіңізбен-өзіңіз әлек болып жүргенде, тасбауырлық әлдеқашан жүрегіңіздің түбіне кіріп, ұя салып, онымен қоймай, күшіктеп алған. Міне, бары – осы ғана.

…Баяғыда студент кезімізде, я болмаса, үйден шалғайға шыққанда, атаанамызбен, туған бауырлармен сөйлесу, хат алысу бір арман еді. Сөйлесу үшін телекомның сөйлесу пунктіне барып, оны күтіп тұратын едік. Сонда соған ерінбейтінбіз, баратынбыз. Уақытымызды қиып сол арада отыратынбыз. Сөйлесіп шыққан соң, жаныңыз да, жүрегіңіз де жылып қоя беретін. Қазір ше? Оның бірі жоқ. Шаруаң болмаса, хабарласпайсың. Әкешешең өзі іздеп соғады. Амандығыңды сұрап. Соның өзінде, мына әлемді бір өзің ұстап тұрғандай асығыс-үсігіс, жүре сөйлесесің. Содан ойлаймын, жүрегіміздің жылылығы сол тоқсаныншы жылдардың жылымығымен қоса кетіп қалған ба, әлде, сол телефон будкасында қалып қойған ба деп… Не сыйланбай қалған кітаптардың сөресінде шаң басып қалып қойды ма? Әйтеуір, білмеймін, қатыгездік кеулеп алған көкіректі. Ұшпаққа шығармайды-ау, шығармайды…

…Осы күні қарапайым адами қатынастарды сағынып, іздеймін. Заман жаңарған сайын бір туған – жат, туыс – бөтен болып барады. Жаныңызға батады… Ақыры не болар екен?!.

…Туған-туысыңызбен жиі хабарласыңыз. Қолыңызда телефон тұр ғой. Жақындарыңызға кітап сыйлаңыз. Мүмкін сонда жылылық қайтып оралар…

Қызғалдақ АЙТЖАН,
«Ortalyq Qazaqstan»
газетінің экономика
және өнеркәсіп бөлімінің
меңгерушісі