Тұлға

Ағам жайлы естелік

    Қазақтың нар тұлғалы алып азаматтарының басым бөлігі көбіне ауылдан шығады. Қазақы тәрбиенің кереметін осыдан-ақ аңғаруға болады. Соның бірі менің әкемнің інісі – Сейтбек РАҚЫМЖАНОВ.

1942 жылы соғысқа аттанып 2-ші Украиндық майданда болып, соғыстың соңына дейін елін, жерін жаудан қорғаған. Украина, Румыния, Чехословакия және Венгрия қалаларын азат етуге қатысқан. 400 артиллерия полкінің аға мал дәрігері, №1007 133 атқыштар дивизиясының дивизиондық лазаретінің бастығы болған. 1942-1946 жылдар аралығындағы кезеңде жұмысшы шаруалардың Қызыл Армиясында қызмет етіп жауапты басшылық лауазымдар атқарған, неміс басқыншыларына қарсы ұрыстарға қатысып жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. 1946 жылдың қаңтар айында ветеринарлық қызмет капитаны шенімен соғыстан қайтқан және жұмысшы шаруалардың Қызыл Армиясына запасқа алынған.

Соғыстан оралғаннан кейін 1946 жылдың 10 мамырында ҚазССР бұрынғы Наркомсовхоз Қарағанды совхоздар тресінің аға мал дәрігері болып тағайындалып, сол жерде 1950 жылға дейін жұмыс істеген. Тресте жұмыс істеп жүрген кезде қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан. Бірақ, «жаптым жала, жақтым күйе» әдісімен халық жауы атанған ағасының зардабынан жоғары білімі болса да басшылық қызметтерге сайланбаған. Тек 1950 жылдары партия қатарына өтіп, жоғары лауазымдарға ие бола бастаған. Аудандық ауыл шаруашылық басқармасының мал дәрігерлік бөлімінің бастығы болған. 1950-1953 жылдары Маржанкөл совхозында аға мал дәрігері болып жұмыс істеген. Қарқаралы ауданының “Бірінші май” колхозын (қазіргі Т. Әубәкіров совхозы), Ақтоғай ауданының Қоңырат колхозын ашуға ат салысқан. Қоңырат ауданы «Еңбек» колхозының төрағасы болып жұмыс істеген. 1953-1957 жылдары облыстық шаруашылық басқармасында бас мал дәрігері болып, ал 1957-1960-шы жылдары облыстық малды асылдандыру станциясында бас мал дәрігері қызметін атқарған. Бейбіт уақыттағы ерен еңбегінің, қажырының, сауаттылығының арқасында Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

Ағамыз 1960 жылы 47 жасында дүниеден озды. Денесі Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының Свердлов совхозында (қазіргі Көкпекті) жерленген.

Еліне елеулі, халқына қалаулы болған азаматтың ұрпағы ретінде абзал ағамды сағынышпен еске аламын. Үлгі тұтарлық өмір жолдары бізге өнеге, үлкен тәлім-тәрбие мектебі.

Б. УАХИТОВ,

«Құрмет» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button