«Шахтер» – Қазақстан Премьер лигасында
Футболдан Қазақстан Бірінші лига ойындарының 20-туры тәмам. Ал, қарағандылық «Шахтер» клубы бұл кезеңде сырт алаңда семейлік «Елімай» клубын 3:0 есебімен жеңіп, мерзімінен бұрын Қазақстан Премьер лигасына жолдама алды.

Жалпы, Бірінші лига ойындарының аяқталуына әлі алты тур бар. Қарағандылықтар басты қарсыласы алматылық «Қайрат» жастар клубынан алты ұпай алда келеді. Бұдан бөлек, жерлестер соңғы кездесулерде ұпай жоғалтқанымен, Премьер-лигаға екінші орынмен шығу мүмкіндігін сақтап отырған еді. Осылайша, сырт алаңдағы кездесуде қарағандылықтар қажетті нәтижеге қол жеткізіп, мерзімінен бұрын Премьер-лига жолдамасын иеленді. Әрі команда Премьер лигаға осы лиганың көшбасшысы ретінде шығып отыр.

Ойын басталысымен жерлестер қарқын алып, қарсылас қақпасына бірнеше рет шабуыл ұйымдастырды. Гол соғуға ұмтылған «Шахтер» футболшылары 37-ші минутта есеп ашты. Бұл жолы жартылай қорғаушы Андрей Ульшин мергендік танытса, 45-ші минутта Нұрхан Қағазбаев есепті еселеді. Матчтың бірінші бөлігінде қарағандылықтар 2:0 есебімен алға шықты.

70-ші минутта кезекті шабуыл кезінде Артем Литош қарсылас қақпашысымен допқа талас барысында мүмкіндікті сәтті пайдаланып, допты ашық қалған қақпаға бағыттады. Осылайша, «Шахтер» семейлік клубпен өткен қарымта кездесуде де жеңіске жетіп, Премьер-лига жолдамасына қол жеткізді.
Премьер-лигаға жолдама алуға таласып жатқан клубтардың бірі – алматылық «Қайрат» жастары. Қазіргі таңда олар турнирлік кестеде ІІ орында келеді. Үздік үштікті түркістандық «Тұран» түйіндеп тұр. Олар алматылықтардан сегіз ұпайға қалып келеді.

Сұрмергендер көшін «Шахтердің» шабуылшысы Артем Литош бастап тұр. Ол маусым басынан бері қарсыластар қақпасына 19 гол соғып, жеті нәтижелі пас берген. Үздік сұрмергендер тізімінің төртінші сатысында «Шахтердің» тағы бір ойыншысы Диас Қалыбаев тұр. Оның еншісінде – сегіз гол және төрт нәтижелі пас.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



