Құрылтайдың 145 депутаты тіркелді
Бүгін, 27 тамызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының XVI отырысы өтіп, Құрылтайдың барлық сайланған депутаты ресми түрде тіркелді.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, заңға сәйкес депутаттардың өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен бастап басталады.
— Сіздердің өкілеттеріңіз Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен бастап басталды. Енді сіздер — Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган — Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарысыздар. Құрылтай депутаттары тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды. Сайлау науқанының барлық кезеңдері заңнама талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылды. Депутаттық мандат — халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі, ал Құрылтай депутатының мәртебесі әрқайсыңызға еліміз мен халқымыздың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді, — деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Отырыста бес саяси партиядан сайланған 145 депутат тіркелді. Оның ішінде «Әділет» партиясынан – 110, «Ауыл» партиясынан – 10, «Respublica» партиясынан – 9, ЖСДП мен «Ақ жолдан» – 8 депутаттан бар.

Нұрлан Әбдіров депутаттарға мандаттың халық сенімі мен таңдауының нәтижесі екенін айтып, жаңа мәртебе үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

Отырыстың соңында Құрылтай депутаттарына куәліктері мен төсбелгілері табысталды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



