Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандылық құсбегі Азия кубогында топ жарды

Қарағандылық Темірәлі Төлегенұлы ұлттық спорт түрі – құсбегіліктен өткен I Азия кубогында жеңімпаз атанды. Шығыс Қазақстан облысында ұйымдастырылған «Шығыс салбурын – 2026» халықаралық жарысында жерлесіміз “Жұлдыз” атты сұңқарымен үздік нәтиже көрсетті.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бозанбай ауылдық округіндегі «Бүркіттөбе» алаңында өткен дүбірлі додаға Қазақстанмен қатар Венгрия, Испания, Грузия, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 150-ге жуық құсбегі қатысты. Қатысушылар саятшылық өнеріндегі шеберліктерін көрсетіп, өз елдерінің дәстүрлерін таныстырды.

Жарыс бағдарламасында бүркітпен түлкіге, ал қаршыға мен сұңқармен қоян және көгершінге түсу сындары өтті. Темірәлі Төлегенұлы “Жұлдыз” атты сұңқарымен үш жаттығудың барлығында ең жоғары ұпай жинап, жалпы есепте бірінші орынға ие болды.

– “Жұлдыз” екеуміз жалпы есепте топ жардық. Үш жаттығудың бәрінен ең жоғары ұпай алдық. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, – дейді чемпион.

Құсбегілік сайысынан бөлек, шара аясында садақ ату, арқан тарту және қазақы тазы жарыстары да ұйымдастырылды. Осылайша, қатысушылар мен көрермендер көшпелі халықтардың дәстүрлі спорт түрлеріне куә болды.

Қарағанды облысы командасының аға жаттықтырушысы Төлеген Махамбетчиннің айтуынша, халықаралық жарыс спортшылар үшін тәжірибе алмасудың да маңызды алаңына айналған.

– Тоғыз елдің спортшылары бақ сынаған додада жеңіске жетумен қатар, мол тәжірибе жинадық. Басқа елдердің құстарын аңға салу тәсілдерін көру де қызықты болды. Темірәлі менің жетекшілігіммен бірнеше жылдан бері жарыстарға қатысып келеді. Биыл бұл оның алғашқы жетістігі емес, – дейді жаттықтырушы.

«Шығыс салбурын – 2026» турнирі – құсбегілік дәстүрін жаңғыртуға және халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған маңызды іс-шара. Қарағандылық спортшының жеңісі ұлттық спорттың дамуына үлес қосып, өңір мерейін асқақтатты.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button