Қарағандыда Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын…» III республикалық театр фестивалі басталды
Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын…» III республикалық театр фестивалі басталды. Өнер додасына еліміздің бірқатар театр ұжымдары қатысып, көрерменге үздік қойылымдарын ұсынды.

Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстанның халық әртісі, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстан театр қайраткерлері» одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған қазылар алқасы таныстырылды. Қазылар құрамына Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, профессор, театр және кино режиссері Талғат Теменов, көрнекті театр сыншысы, драматург, профессор Әшірбек Сығайдың жары Күләш Сығай, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері Кеңес Жұмабеков және театртанушы, өнертану магистрі, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Әдебиет және ғылыми қор» бөлімінің басшысы, Әшірбек Сығайдың шәкірті Мирас Әбіл енді.

Биылғы фестивальге А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театры, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры, Абай облысының «Дариға-ай» жастар театры және Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қатысты.

Ашылу салтанатында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбай фестивальдің маңызына тоқталып, театр өнерінің ұлттық мәдениеттегі орнына назар аударды.

– Осыдан бес жыл бұрын қазыналы өлкемізде бастау алған өнер додасы еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Үшінші рет шымылдығын ашқан фестиваль Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығымен және қазақ кәсіби театрының ғасырлық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Бұл екі белестің де ұлттық мәдениетіміз үшін мәні зор.
1926 жылы 13 қаңтарда сол кездегі Қазақ АКСР-інің астанасы Қызылордада тұңғыш қазақ кәсіби театрының шымылдығы ашылғаны естеріңізде шығар. Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов секілді тарландар ұлттық сахна өнерінің іргесін қалады. Содан бері драматургтер, режиссерлер мен әртістердің талай буыны қазақ театрының өрісін кеңейтіп, дәстүрін қалыптастырды. Бүгінгі сахна шеберлері сол өнерді тың идеялармен байытып келеді.
Тәуелсіздік төл өнерімізді өз танымымыз бен талғамымызға сай дамытуға жол ашты. Дербес мемлекет болу дегеніміз – шекарамызды бекітіп, Ата заңымызды қабылдап, мемлекеттік рәміздерімізді бекітумен қатар, ана тіліміз бен төл мәдениетімізді қадірлеп, рухани өнерімізді сақтай білу. Театр осы ұлы мақсатқа қызмет етіп келеді. Өйткені сахнадан халқымыздың мінезін, дүниетанымын, сан ғасыр сүзгісінен өткен құндылықтарын көреміз. Қойылымды тамашалай отырып, бүгінгі өмірімізге сырт көзбен қарап, шығармашылық ұжымның айтар ойын таразылаймыз, – деді Ғалымжан Өтелбай.

Сондай-ақ басқарма басшысы театр өнерінің дамуына үлес қосып жүрген шығармашылық ұжымдарға сәттілік тілеп, фестивальдің ұлттық мәдениетті дәріптеудегі және сахна өнерінің сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.
«Сын – шын болсын…» фестивалі театр өнерін кәсіби тұрғыдан саралап, сахна шеберлерінің шығармашылық ізденісін бағалауға мүмкіндік беретін маңызды мәдени алаңға айналды. Театр сыншылары мен өнер қайраткерлерінің басын қосқан бұл өнер додасы қойылымдардың көркемдік деңгейін талқылап қана қоймай, ұлттық театрдың бүгінгі бағыты мен болашағына қатысты ой-пікір алмасуға да жол ашты.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



