Аймақ

Өндірістік феноменнің әлеуметтік өлшемі

Осыдан бірнеше ай бұрын Қарағанды облысындағы жағдайды «өндірістік феномен» деп бағалап, арнайы мақала жазған едім. Өндiрiстiк тарихы бай бұл өңір бұрынғы беделін сақтап қана қоймай, дамудың жаңа межелерін бағындыруға белсенді түрде бет бұрды. Өндіріс өрістеп, жаңа жобалар бой көтеруде, ал, кәсіпкерлік саласы өз мүмкіндігін біртіндеп кеңейтіп келеді.

Мақала жарық көрген соң оқырмандардан бірталай пікір түсті. Көпшілігі облыстың әлеуеті зор екенін қостағанымен, тұрмыс-тіршіліктің өзге де күнгейі мен көлеңкесіне назар аудартты. Жастардың лайықты жұмыс табуы оңай болмай тұр, отбасылар баспана кезегін күтіп жүр, ал, азық-түлік бағасы – тұрғындардың күнделікті сөзінің өзегі. Бұдан бөлек, білім беру сапасы, сот жүйесіне деген сенім және шенеуніктердің халық арыз-шағымына кері байланысы сияқты өткір мәселелер де көтерілді. Оқырман хаты бұл тақырыпқа кеңірек көз жіберуге түрткі болды. Өйткені, өңір – тек зауыттар мен шахталар, инвестициялық жобалар мен өндіріс көлемі ғана емес. Бұл экономикалық өсімнің игілігін өз өмірінен көргісі келетін қарапайым халық. Тұрғындар үшін кәсіпорындардың қанша өнім шығарғанынан бұрын, баспананың қолжетімділігі, жастарға ашылатын мүмкіндіктер, мектептердің, жолдар мен коммуналдық қызметтің сапалы жұмысы маңыздырақ.

Айтылған ойдың түйіні мен басты сауал да – осында. Қарағанды облысының өндірістік қуаты тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға қаншалықты ықпал етіп отыр?

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Қуатты өндіріс, кемел келешек

Мойындау керек, Қарағанды облысының ел экономикасында алатын орны ерекше. Бұған ешкімнің таласы болмаса керек.

Осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында өңірдегі өндірістік өнімі көлемі 3,7 триллион теңгеден асып жығылды. Оның 2,6 триллионнан астам үлесі – өңдеу өнеркәсібінің еншісінде. Ал, шағын және орта бизнес болса, 1,1 триллион теңгеден астам өнім беріп, іске икемділігін тағы бір мәрте танытты.

Бұл – іргесі берік экономикалық база. Бұндай қарымды істі, өңірді өрге сүйреп жатқан тың қарқынды көрмеу, әділетсіздік болар еді.

Әсіресе, өндірістік бағытын жаңаша бұруға мәжбүр болып отырған моноқалалардың қадамы ерекше көз тартады. Мәселен, Саран қаласы жаңа өндіріс ошақтарын ашып, машина жасау ісін дөңгелетіп әкетті. Ал, Теміртау мыңдаған отбасымен қатар, қаланың да тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған металлургия комбинатын жаңғыртудың жаңа кезеңіне аяқ басты.

Әрине, мұндай ауқымды іс тез арада шешіле салмайды. Жаңадан ашылған зауыт бірден іргелі өндіріске айнала қоймас. Ал, алып комбинатты жаңғырту жылдар бойы қордаланған түйткілді бір жылда еңсеріп тастай алмайды. Бірақ, аймақтың ертеңгі тынысы тап осы бастаған істің аяғына дейін жеткізілуіне тікелей байланысты.

Өзге салалардағы салмақты деректерге көз жүгіртсек, өткен тоғыз айдың ішінде облыста 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылыпты. Соның 94 пайызы – тұрақты жұмыс. Әлбетте, бұл – оң нәтиже. Алайда, жалпы жұмыспен қамту көрсеткіші жастардың көкейінде жүрген басты сауалға толық жауап бере алмай отыр. Атап айтқанда, оқуды жаңа бітірген жас маман өз мамандығы бойынша жұмысты оңай таба ала ма? Лайықты айлық алып, кәсіби өсуге жол ашылған ба?

Міне, бізге осы жағы көбірек керек. Құрғақ сан қуалап «сонша жұмыс орны ашылды» дегеннен гөрі, қандай мамандарға сұраныс жоғары, зауыт-фабрикалар колледждер мен жоғары оқу орындарымен қалай әріптестік орнатып жатыр, жастарға қандай мүмкіндік бар, осыны ашып айтқан жөн.

Өндірісті өңір тонналап металл құйып, жаңа зауыт тұрғызып қана қоймаса керек. Ол ең алдымен жас буынның өз болашағын осы өңірмен сенімді түрде байланыстыруына негіз болуы тиіс.

Қомақты қаржының қоғамдық қайтарымы

Өнеркәсіптің өркендеуін қаланың тыныс-тіршілігі мен коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйінен бөле-жара қарау мүмкін емес.

Бұл бағытта облыс әкімдігі нақты істерді қолға алып отыр. Инженерлік коммуникацияларды дамытуға 2026 жылға 71,2 миллиард теңге шамасында қаржы қарастырылған. Бұл қаражат электр желілерін жаңғыртуға, жылу құбырларын жаңартуға, сондай-ақ, су, кәріз жүйелерін салу мен қайта жаңартуға жұмсалмақ. Жол саласына да қомақты қаржы бөлініп, 643 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Бұл – орындала салатын ұсақ-түйек шаруа емес. Желілердің тозбауы, жылудың үздіксіз берілуі мен жолдың сапасы экономикалық көрсеткіштерден кем түспей, жұрттың күнделікті тұрмыс сапасын айқындайды.

Алайда, мұнда басты назар түпкі нәтижеде болуы тиіс. Тұрғындар коммуналдық қызметтің жұмысын бөлінген миллиардтармен емес, үйіндегі жылумен, үздіксіз берілетін ауызсумен, абаттандырылған көшелер мен аулалармен бағалайды.

Сол себепті инфрақұрылымды жаңғырту туралы сөз қозғағанда, тек бөлінген қаржының көлемін айтып қоймай, қандай нысандардың ретке келтірілгенін, қай жерде жұмыс жүріп жатқанын және тағы қандай түйткілдердің шешімін күтіп тұрғанын ашық талқылаған жөн.

Мұндай ауқымды міндеттерді, әсіресе өндірістік жүгі де, аумағы да үлкен өңірде бір сәтте еңсеру мүмкін емес. Алайда тұрғындарға  не істелгенін, қазір не атқарылып жатқанын және бұл оң өзгерістердің игілігін қашан сезінетінін нақты білу маңызды.

Статистикадан тыс шындық

Оқырман хаттарында тек экономика мен коммуналдық шаруашылық қана айтылған жоқ.

Біреулер жастардың лайықты жұмыс таба алмай жүргенін айтса, енді біреулер жылдар бойы баспана кезегінде тұрғанын жазды. Жекелеген педагогтердің кәсіби біліктілігі, азық-түлік бағасының өсуі, сондай-ақ, жергілікті шенеуніктердің бұқарадан іргесін аулақ салатыны да аз айтылған жоқ.

Тіпті, сот жүйесіне деген сенім мәселесін көтерген арыз-шағымдар да кездесті.

Әрине, жекелеген хаттарға қарап, тұтас өңірдегі жағдай туралы үзілді-кесілді айту дұрыс емес. Әр өтініштің ақ-қарасын тексеру қажет, ал, кейбір сауалдар облыс әкімдігінің құзыретіне де кірмейді. Бірақ оқырман үні елеусіз қалмауы тиіс, олардың артында өз үнін билікке жеткізгісі келетін қарапайым халықтың үміті бар.

Баспана мәселесін алайық. Осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында өңірде 240,7 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл – 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 31,6 пайызға аз.

Бұл көрсеткіш қанша адамның үй кезегінде тұрғанын немесе бұл кезектің қаншалықты жылдам жылжып жатқанын толық көрсете алмас. Десе де, бұл облыста жаңа үйлер салынғанымен, баспана түйткілі толық шешілді деуге ерте екенін ұқтырады.

Өйткені жас мамандарға, көп балалы отбасыларға, өңірде еңбек еткісі келетін, бірақ өз үйін сатып алуға қаржысы жетпейтіндерге қандай жағдай жасалып жатқаны бұдан да маңызды.

Білім саласындағы жағдай да осыған ұқсас. Өңірде мақтан етуге тұрарлық білікті мұғалімдер мен мықты мектептер жеткілікті. Солай бола тұра, мұғалім даярлау, жас мамандарды тарту және білім беру сапасын арттыру үнемі басты назарда болуы тиіс. Себебі балалардың бүгінгі алған білімі өңірдің ертеңгі кадрлық әлеуетін айқындайды.

Ал, азық-түлік бағасына келсек, бұл жерде де үстірт пікір айтудан аулақ болған жөн. Кейбір тауарлардың бағасы маусымдық өзгерістерге, логистикаға және өзге де факторларға байланысты ауытқып тұрады. Алайда, сауда ережелерінің сақталуын бақылау және тұтынушылардың мүддесін қорғау басты міндеттердің бірі болып қала бермек.

Ресми статистикаға кіре бермейтін, бірақ халықтың билікке деген көзқарасын айтарлықтай айқындайтын маңызды сауал бар. Ол – шенеуніктің азаматтарды тыңдауға және оның мәселесіне терең бойлауға дайындығы.

Оқырмандардың өтінішінде бірқатар мемлекеттік орган өкілдерінің халықпен жүздесуден қашқақтайтыны туралы шағымдар кездесті. Бұл хабарламалар барлық мекемелерде жүйелі проблема бар деуге негіз бола алмас. Алайда азаматтармен кері байланыс орнату қабылдау кестесін жариялаумен шектелетін ресми міндет емес, ол – мемлекеттің күнделікті тыныс-тіршілігінің ажырамас бөлігі.

Қуатты өңірдің жаңа қадамы

Десе де, істеліп жатқан игі істерді елемей, тек түйткілдерді тізбелей беру де әділетсіздік болар еді.

Өңірде инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары тоқтаған жоқ. Жолдар жөнделіп, өндіріс ошақтары өрістеп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. 2026 жылдың бюджетінде әлеуметтік салаға 432,6 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет пен спорт салаларына да қомақты қаражат бағытталып отыр.

Бұл бағдарламалардың ауқымы да, жүзеге асу мерзімі де әртүрлі. Олардың тиімділігін бөлінген қаржының сомасымен емес, нақты нәтижесімен бағалаған жөн. Бірақ өңірдің өндірістік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік міндеттерді қатар еңсеріп жатқанының өзі – елеулі қадам.

Облыс басшылығының алдында ірі кәсіпорындардың дамуын қалалар мен аудандардың сұраныстарымен ұштастыру, коммунальдық жүйенің іркіліссіз жұмысын қамтамасыз ету, бизнеске жағдай жасау және халықтың күнделікті тіршілігін назардан тыс қалдырмау секілді ауқымды міндеттер тұр.

Әрине, бәрі бірдей әкімдікке байланысты емес. Өндірісті жаңғырту мен еңбек жағдайын жақсарту – ірі кәсіпорындардың міндеті, әр саладағы мемлекеттік органдар – өз бағытына жауапты. Ал, бірқатар мәселелер республикалық деңгейдегі шешімдерді талап етеді. Десе де, осы күш-жігерді тоғыстырып, өңір дамуының басымдықтарын айқындауда облыс басшылығы негізгі рөл атқарады.

Меніңше, дәл қазір облыстағы өзгерістерге назар аударудың өзіндік сыры бар. Бұл жерден бұрынғы қалыптасқан индустриалды модельден жаңа экономикаға өтудің қаншалықты күрделі екені анық көрінеді. Ал, бұл жаңа экономикада тек өндіріс көлемі емес, еңбек өнімділігі, заманауи технологиялар, адам капиталы мен қалалық ортаның сапасы бірінші орынға шығады.

Ертеңге сенім – ең үлкен нәтиже

Иә, Қарағанды облысының әлеуеті орасан. Мұнда қуатты өндірістік база да, ысылған білікті мамандар да, кәсіпкерлік леп пен ауқымды міндеттерді еңсере алатын бай тәжірибе де бар. Облыс әкімдігі де инфрақұрылымды дамыту, экономиканы демеу және әлеуметтік түйткілдерді шешу бағытында нақты жұмыстар жүргізіп жатыр. Еңбектің нәтижесі кей салалардан айқын көріне бастады. Десе де ауқымды міндеттердің көбі жүйелі жұмыс пен уақытты талап етеді.

Бастысы – өңірдің экономикалық артықшылығы бұқараның күнделікті тұрмыс сапасынан көрініс табуы тиіс. Жас мамандар ертеңіне сеніммен қарап, отбасылар қолжетімді баспанаға қол жеткізсе, балалар сапалы білім алып, ал тұрғындардың арыз-шағымы жауапсыз қалмаса екен дейсің.

Барлық мәселені бір күнде шешіп тастау мүмкін емес, оны түсінуге болады. Алайда қандай меже белгіленгенін, не істелгенін және атқарылған істің нәтижесі қалай бағаланатынын айқын түсінген маңызды.

Қарағанды облысын үлгілі өңір деп те, түйткілі көп аймақ деп те қарастыруға болмайды. Бұл өңірдің ерекшелігі – қалыптасқан қуатты өнеркәсіптік әлеуетті заман талабына сай экономикаға бейімдеудің қаншалықты күрделі үдеріс екенін айқын көрсетуінде.

Түптеп келгенде, дамудың шынайы өлшемі тек тонналаған металмен, өндіріс көлемімен немесе миллиардтаған инвестициямен шектелмейді. Ең бастысы – қарапайым адамның алдынан қандай мүмкіндіктер ашылғанында, ертеңгі күнге қаншалықты сеніммен қарайтынында және өзінің мұң-мұқтажы елеусіз қалмайтынын сезінуінде.

Қазақстанның өнеркәсіптік әрі экономикалық болашағын айқындайтын іргелі өңір – Қарағанды облысындағы алдағы өзгерістерді дәл осы таразымен өлшеген ләзім.

Бигелді ҒАБДУЛЛИН

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button