ЖаңалықтарБас тақырып

Ұлттық рухтың темірқазығы

Ұлт – ұлы тұлғаларымен асқақ. Тарих таразысына түскенде кез келген ұлттың салмағын жерінің кеңдігі де, байлығының молдығы да емес, әлемдік деңгейдегі ақыл-ой алыптары айқындайды. Қазақтың сондай заңғар шыңы – Абай. Ғасырлар алмасып, дәуір өзгерсе де, хакімнің мұрасы жаңғырып, жаңа ұрпақпен қайта тілдесіп келеді. Біз уақыт жағынан Абайдан алыстаған сайын, рухани тұрғыдан оған жақындай түстік. Өйткені, Абай – қазақ жазба әдебиетінің бастауы, бүгіннің ұстазы, ертеңнің темірқазығы. Сондықтан, Абай күні – ұлттың өз болмысын танып, болашағын бағамдайтын рухани мереке.

Коллаж жасаған Арайлым Көктаева

Абайды ұлықтау – оның аманатына адал болу. Хакімнің әр өлеңі мен қара сөзі қазақты ғылым мен білімге, еңбек пен кәсіпке, әділет пен адамгершілікке үндейді. Қанша уақыт өтсе де, осы ұстанымдардың құны кеміген жоқ. Керісінше, технология қарыштаған XXI ғасырда бұрынғыдан да айқын сезіле түсті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті, бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі, XXI ғасырдағы ғылымның мақсаты – биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу. Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу», – деген болатын.

Бұл тұжырымнан Абай арманы мен бүгінгі Қазақстанның даму бағытының үндестігін көреміз. Ғылым мен білімді ту еткен ел ғана бәсекеге қабілетті мемлекетке айналмақ. Хакімнің бір жарым ғасыр бұрын айтқан ойы бүгін мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып отыр.

Осы мақаласында Мемлекет басшысы 10 тамызды Абай күні ретінде белгілеуді ұсынып, ұлы тұлғаның шығармаларын әлем халықтарына кеңінен таныстыру, шет тілдеріне аудару, өңірлерде Абай орталықтарын ашу қажеттігін де атап өтті. Бұл бастамалар бүгінде нақты нәтижесін беруде.

Атап айтсақ, Қарағандыдағы Ленин көшесіне Абай есімі берілді. Қала төрінде ұлы ойшылдың еңселі ескерткіші тұр. Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне қызмет етіп келеді. Бірер жыл бұрын ғана Президенттің бастамасымен Қарағандыда Абай атындағы №104 гимназия пайдалануға берілді.

Абай мұрасы бүгінде қазақ даласымен шектелмей әлемнің көптеген тіліне аударылып, шетелдік оқырманға жол тартуда.

Абайды әлемге таныту жолы бүгін басталған жоқ. Оның бастауында Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан тұрды. Ол ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы алғашқылардың бірі болып ғылыми мақала жазып, Абай мұрасын жинастыруға ұйытқы болды. Ақын өлеңдерін тақырыптарына қарай жүйелеп, баспаға әзірледі. Алаш көсемінің бұл идеясы кейінгі абайтану ғылымының қалыптасуына негіз қалады.

Ал, Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деген тарихи бағасы маңызын жоғалтпақ емес.

Міржақып Дулатұлы: «Біз Абайдың өлген күнінен қаншалықты алыстаған сайын оның рухына соншалықты жақындай түсеміз» десе, Мұхтар Әуезовтің «Абайды білмек – парыз, ойлы жасқа» деген қанатты сөзі әр қазақтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Өйткені, Абайды тану – ойлануды үйрену. Намыс пен арды бәрінен жоғары қою. Еңбекті қадірлеу. Ғылымға ұмтылу. Елге қызмет етудің мәнін түсіну.

Абай күні – әр қазақтың өзіне есеп беретін күні. Біз Абай айтқан ғылымға қаншалықты ұмтылып жүрміз? «Пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетті өмірлік қағидаға айналдыра алдық па? Балаларымызға білімнің, еңбектің, кітаптың қадірін үйрете алып жүрміз бе? Егер осы сұрақтарға жауап іздей бастасақ, Абай күні өзінің шынайы мәніне жетеді.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button