Жаңалықтар

Рух шырақшысы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Мұқан – 80 жаста

Кей адамдар қарапайым өмір сүрсе, енді бірі тұтас дәуірдің жүгін көтереді. Тұңғышбай Өміртайұлы – сондай сирек жаралған тұлғалар қатарында. Оның өнегелі өмірі – қазақ даласының қилы тағдырымен астасқан ұзақ шежіре. Балалық шағы жетімдікпен сыналса, жастығы жоқшылықты көрді. Бірақ, тағдыр тауқыметі оның сағын сындыра алмады. Керісінше, еліне адал қызмет ететін қайраткер етіп қалыптастырды. Бүгінде ол – Ақтоғайдың тірі шежіресі, руханияттың жанашыры, елдік мұраттың жоқшысы. Ұшан-теңіз білімі мен ділмәр шешендігі – аңызға татырлық әңгіме. Биыл мерейлі 80 жасқа толған Тұңғышбай Өміртайұлының ғұмыры – қазақ өнері мен мәдениетіне адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кеше ғана Қазақстан Президентінің Жарлығымен Тұңғышбай Өміртайұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Бұл – жарты ғасырдан астам уақыт бойы елдің өнері мен тарихына адал қызмет еткен азаматқа берілген халықтың алғысы, мемлекеттің бағасы.

Тұңғышбай Өміртайұлының тағдырын әкесі Өміртайдан бөле-жара қарау мүмкін емес. Өйткені, әкенің қайсарлығы баланың қанына мінез болып дарыған. 1917 жылы туған Өміртай Сарытеректің арғы бетіндегі Кенеліде басқарма болып еңбек еткен, елге сыйлы, өжет жан болған екен. 1939 жылы әскер қатарына алынады. 1941 жылдың аяғында елге қайтқалы тұрған кезінде Фин соғысы басталып кетеді. Сөйтіп, бір майданнан екіншісіне өтіп, ақыры Ұлы Отан соғысының от-жалынына кіреді. Жеті жыл бойы майдан кешіп, тек 1945 жылы ғана туған жерге оралады. Бірнеше жарақат алған жауынгер елге келсе де, мойыған жоқ. Қайтадан еңбекке араласады.

Өміртайдың өжеттігі жайлы ауыл ішінде аңызға бергісіз әңгімелер сақталған. Бірде ауыл балаларын наганмен қорқытып, бидай ұрлағандарды айтуын талап етіп, тергеген учаскелік полицияны қамшымен сабап, тапаншасын тартып алыпты. Бұл соғыс көрген, әділетсіздікке бас имейтін қазақы мінез еді.

Көп ұзамай әлгі полицей арызданып, Өміртайды ауданға тергеуге алып кетеді. Дәл сол күндері сәби Тұңғышбай дүниеге келеді. Анасы Бикен босанғаннан кейін өмірден өтеді. Нәрестенің есімін өзі қойып үлгеріпті.

– Анам Тұңғышбай деген есімді аманат­тапты. Туған анамды көрмесем де, сол есімнен жылылық сезінетінмін, – дейді Тұңғышбай ақсақал толқып.

Негізінде, Тұңғышбай Өміртайұлы 1 қазанда туған. Алайда, оны бауырына басып, ержеткізген атасы мен апасы құжатқа туған күнін 23 мамыр деп жаздырыпты. Сол асыл жандарға деген құрметі мен перзенттік адалдығының белгісі ретінде туған күнін 23 мамырда тойлап келеді.

Өміртайдың туған ағасы Әміртай соғыстан оралмайды. Сол кісінің жары Үмилә ана бес баласына қоса, Тұңғышбайды да бауырына басып өсіреді. Кейін Мұқан атасы мен әкесінің апасы Шөкен тәрбиесіне алады.

– Мен жетімдікті сездірмеген жандардың ортасында өстім. Апам Шөкен тәрбиеші ғана емес, тағдырдың өзі жіберген қорғаным болды, – дейді ол.

1959 жылы алтыншы сыныпта оқып жүргенде Мұқан атасы қайтыс болады. Өміріндегі ең үлкен тірегінің бірі Шөкен апасы 1984 жылы дүние салады. Бұл жыл оның өміріндегі ерекше кезеңмен тұспа-тұс келді.
Сол жылы «Тоқырауын толқындары» ансамблі Венгрияға аттанғалы жатқан. 12 маусымда жол жүруі керек. Ал, апасы аяқ астынан ауырып, 28 мамыр күні көз жұмады.

– Кейде ойлаймын… Егер апам төрт-бес күн кейінірек қайтқанда, ансамбльді бастап бара алмас едім. Венгрияға кетіп қалып, қаралы хабарды сыртта жүріп естігенімде, өмір бойы өзегім өртеніп жүрер ме еді… Апам өмір бойы менің жолымды ашқан адам еді. Соңғы сапарында да «баламның жолына бөгет болмайын» деп дұғасымен ертерек кеткендей көрінеді, – дейді кейіпкер көзіне жас алып. Апасын жерлеп, жетісін өткізген соң ғана Венгрия­ға аттанған.
Тұңғышбай Өміртайұлы мектепте үздік оқушы болды. Бірақ, жоқшылық оның оқуын жалғастыруына мүмкіндік бермей, тоғызыншы сыныптан кейін сабақтан қол үзіп, 15 жасында қыстақта көмекші шопан болып еңбекке араласады. 700-ден астам қойы бар отарда еңбек ету – жасөспірім бала үшін оңай шаруа емес еді. Қой соңында жүріп, Қарқаралыдағы зооветтехникумға түсіп, мал дәрігері болсам деп қиялдайды.
Сол кезде Калинин совхозындағы сегіз жылдық мектептің директоры Әзибек Смағұлов арнайы шақыртып:
– Сенің орның – қыстақ емес, мектеп. Біздің мектеп жанынан сырттай бөлім ашылды. Сені сонда қабылдаймын, – дейді.

Осы сөз Тұңғышбай ақсақалдың тағдырын басқа арнаға бұрған шешуші сәт еді.
Сөйтіп, 15 жастағы бозбала жасы 30-ға таяған адамдармен бірге кешкі мектепте оқып, 10-сыныпты тәмамдап шығады. Кейін Қарағанды пединститутына түсіп, бірінші курсты түгел «өте жақсы» бағамен аяқтайды.

Бірақ, ауылға келгенде жалғыз шешесінің ауыр тұрмысын көріп, оқуын сырттай бөлімге ауыстыруға бел буады. Институт басшылығы озат студентті жібергісі келмесе де, Тұңғышбай аға алған бетінен қайтпайды.
Ауылға келген соң мұғалім болып жұмыс істеуі керек. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып, өзіне қамқор болған Әзибек ағасы отыр екен.

– Ай, Қазтай, мына туғаннан сырттай оқып жүрген Тұңғышбайды Жамбыл бастауыш мектебіне бір ставка мұғалімдікке, жарты ставка меңгерушілікке тағайында! – деп күліпті Әзекең, қадр бөлімінің басшысына қарап. Осылайша, ұстаздық жол басталады. Бірақ, көп ұзамай оқушы саны азайып, өзі бала күнінде білім алған Жамбыл мектебі жабылады.

– Өзім алғаш табалдырығын аттаған мектептің есігіне қара құлыпты өз қолыммен салдым. Мектеп – тағдырдың бастауы, – дейді ол.

Кейін Калинин мектебінде еңбек еткенде Комсомол жастар мектебінің жұмысын қатар алып жүреді. 1967 жылы Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдығына арналған аудандық пленумда сөйлейді. Дайындаған сөзін оқып тұрып, толқып кетіп, мәтінді ұмытып қалады. Бірақ, іштегі жігері жеңіп, сөздің бәрін жатқа төгілтіп айтып шығады. Зал ду қол шапалақтайды.

Осыдан кейін аудандық Пионер үйіне қызметке шақырылады. Бір жылдан соң аудандық комсомол комитетінің аппаратына өтеді. Ал, 1970 жылы жаңадан салынған мәдениет үйіне режиссер болып тағайындалады.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жаманқұл Шайдаров оған халық театрын құру міндетін жүктейді. Тұңғышбай ағамыз бұл тапсырманы жай қызмет емес, рухани аманат деп қабылдады.

Бір жыл ішінде Бейімбет Майлиннің «Шұға» спектаклін сахналап, Алматыдан арнайы комиссия шақыртады. Нәтижесінде ұжым «Халық театры» атағын алады. Театрға «Ақтоғай халық театры» атағы беріледі. Сол кездегі мәдениет министрі Мүсілім Базарбаев арнайы қол қойып, хаттама бекітеді. Келесі жылы «Үкілі Ыбырай» музыкалық спектаклімен республикалық байқауда лауреат атанады.

1972 жылдан бастап, Ақтоғай өңірінде «Тоқырауын толқындары» ансамблі құрыла бастайды. Бұл істің басында Ескендір Хасанғалиев пен Бәкір Тәжібаев тұрды. Ал, ансамбльдің режиссерлік тізгінін Тұңғышбай Өміртайұлы ұстайды. 1976 жылы Целиноградта өткен Бүкілодақтық халық театрлары байқауында 16 театрдың ішінен Ақтоғай театры бас бәйгені жеңіп алып, театр алтын медальмен марапатталады. Небәрі 30 жастағы Тұңғышбайға «Құрмет белгісі» ордені табысталады.

Кейіпкеріміз бір жылдан соң аудандық мәдениет бөлімінің басшылығына шақырылды. Негізгі міндет – «Тоқырауын толқындарын» шетел сахнасына шығаратындай деңгейге көтеру.
Алматыдан әйгілі режиссер Серік Елеу­сінов арнайы шақыртылады. Балетмейстер, Қазақстанның Халық әртісі Зәуірбек Райбаевпен бірге ансамбльге жаңа бағдарлама жасалады. Ансамбльдің бас көркемдік жетекшісі Дәртай Сәдуақасов ұлттық билер қажет екенін айтады да, Шара Жиенқұлованы Ақтоғайға шақыртып, «Шашу», «Беташар», «Тойбастар», «Көкпар» секілді ұлттық билер қойылады.

Кейін фольклорлық аспаптар мәселесі көтеріліп, бұл жолы Тұңғышбай Өміртайұлы әйгілі ғалым Болат Сарыбаевты іздеп барады. Инфаркт алып жүрген Болат Сарыбаев алғашында келуден бас тартады. Бірақ, бірнеше күн үгіттеген соң келісім береді.

Ақтоғайға келіп, жастардың талабын көргенде ерекше риза болады. Бір аптаның ішінде жас өнерпаздар сазген, жетіген, шертер, шаңқобыз секілді аспаптарды меңгеріп шығады. Шабыты оянған ғалым 25 күн жатып, сегіз нөмір дайындап береді әрі барлық аспаптарын Ақтоғайға қалдырады.

Осылайша ансамбльдің атауы «Тоқырауын толқындары ән-би ансамблі» емес, «Тоқырауын толқындары фольклорлық-этнографиялық ансамблі» болып өзгереді.

1984 жылы Мәдениет министрлігінен арнайы хабар келеді. Венгрияда өтетін КСРО өнері мен мәдениетінің онкүндігіне Қазақстаннан бір ғана ұжым барады. Таңдау Жезқазған облысының Ақтоғай ауданындағы «Тоқырауын толқындары» мен Семей облысы Абай ауданындағы «Қаламқас» ансамблінің арасында болады.

30 наурыз күні Алматыдан алты адамнан тұратын комиссия Ақтоғайға келеді. Кейін Семейге барып, «Қаламқастың» өнерін сыннан өткізеді. Сонда Абай ауданының бірінші хатшысы Ғафиз Матаев сахнада тұрып:

– Мынау Тұңғышбай қайдан келген? Шпион ба? – деп әзілдейді.
Ақыры комиссия Венгрияға «Тоқырауын толқындары» барады деген шешім шығарады. 1984 жылдың 12 маусымында 34 адам Венгрияға аттанып, 10 күн бойы қазақ өнерін паш етеді.
– Біз сахнаға шыққанда, қазақтың үні Еуропаның төрінде қалықтап тұрғандай әсерде болдым. Ол – мен үшін өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі, – дейді ол.

Кейін Тұңғышбай Өміртайұлы аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарады. Бұл кезеңде Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековке арналған ауқымды тарихи шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болады. Одан соң кәсіптік-техникалық училищеге директор болып тағайындалып, мұнда да өнерден қол үзбейді. 1994 жылы Алматыда өткен кәсіптік-техникалық училищелер фестиваліне 22 оқушы дайындап апарып, 19 училищенің ішінен бірінші орын алады.

Сол жеңістің арқасында 1995 жылы Үндістанда өткен «Балалар – бейбітшілік тұтқасы» халықаралық фестиваліне 22 оқушымен барып, 12 күн бойы өнер көрсетеді. Мақсат Аханов, Дәуренбек Әркенов, Дана Мақшонова секілді танымал тұлғаларға айналған шәкірттер осы училищеде тәрбиеленген.

Зейнет жасына жақындағанда аудан басшылығы Тұңғышбай ағамызды музейге директор болуға шақырады. Бұл қызмет оның өмірлік миссиясына айналды. Жұбайы Торғай апай 12 жыл бойы тарихи жәдігерлер мен құжаттарды жинаған екен. Сол еңбекті Тұңғышбай Өміртайұлы үлкен ғылыми жүйеге түсіріп, жүзеге асырады. Осы жылдары аудан энциклопедия­сы құрастырылып, бірнеше кітап жарық көреді, деректі фильмдер түсіріледі.

Ал, 2019 жылы немересі Медеу Шапайұлымен бірге «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы» атты үш сағаттық фильм түсіреді. Бір ай ішінде бес мың шақырым жол жүріп, Ақтоғай ауданының 17 округін аралап шығады.
2022 жылы «Әлихан Бөкейхан – ұлт-­азаттық күрескері» атты деректі фильм көрерменге жол тартса, 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан сөзі оған жаңа серпін береді. Сөйтіп, «Таста сақталған тарих» атты 1 сағат 40 минуттық деректі фильм дүниеге келеді. Фильм Ақтоғайда, Қарағандыда, Астанада, Баянауылда, Байзақта, Жезқазғанда, Ұлытауда көрсетіледі.

Бүгінде 80 жасқа толған Тұңғышбай Өміртайұлы – өлкетанушы, әлихантанушы, мәдениет майталманы, шежіреші. Елге сіңірген еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Бір басына жетерлік атақ-даңқы бар. Өйткені, ол – архивтің шаңын сүртіп қана қоймай, ұлттың рухани жадын тірілт­кен жан.

– Менің өмірдегі ең үлкен бақытым – халқымның ықыласы мен маған жүктелген сенім. Өмір бойы сол сенімге селкеу түсірмедім. Ел үшін істеген еңбегім ел игілігіне жараса, одан артық марапат жоқ, – дейді ол.

Халық берген «Дала академигі» деген бейресми атақтың жөні бөлек. Тағдыр тәлкегімен басталған ғұмырдың ұлт руханиятының алтын көмбесіне айналуы – кез келген адамға бұйыра бермейтін тағдыр. Саналы ғұмырын елінің өнері мен мәдениетіне арнап, сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақалға мықты денсаулық, мол шығармашылық шабыт тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button