Білім

Жаңа дәуірге жарқын қадам

2026 жылдың 1 шілдесі ел тарихындағы ерекше маңызға ие күн ретінде жұрт жадында қалары сөзсіз. Өйткені, осы күннен бастап, елімізде жаңа Конституция ресми түрде күшіне еніп, мемлекет дамуының жаңа кезеңі басталады. Бұл – қоғамның саяси мәдениетін, мемлекеттік басқару жүйесін және азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілік моделін түбегейлі жаңғыртатын тарихи бетбұрыс. Жаңа Ата Заң елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап қана қоймай, әділеттілік, ашықтық және адам капиталына негізделген жаңа қоғамдық келісімнің іргетасын қалайды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серікжан Байбосынов жаңа Конституцияны елдің сапалы дамуға бет бұрған жаңа тарихи кезеңі ретінде бағалайды. Оның пікірінше, бұл реформалар мемлекет құрылымын ғана емес, қоғамның ішкі интеллектуалдық және рухани негізін де жаңғыртады.

– Бұл тарихи таңдау – еліміздің даму жолындағы жаңа белес. Халық қолдаған конституциялық реформалар тек саяси жүйені жаңғыртып қоймай, мемлекеттің интеллектуалдық, мәдени және әлеуметтік негіздерін нығайтады. Бұл – Әділетті Қазақстанның нақты бейнесі. Біз шикізатқа тәуелділіктен арылып, білім экономикасын құруды көздейміз. Мемлекет ғалымдардың мәртебесін көтеріп, зерттеу жұмыстарына жағдай жасауды өз міндетіне алады, – деді Серікжан Байбосынов.

Сарапшы атап өткендей, жаңа Конституция ғылым мен инновацияны ел дамуының стратегиялық өзегіне айналдырады. Бұл бағытта жастардың рөлі айрықша. Олардың стартап жобалары, технологиялық ізденістері мен цифрлық бастамалары енді тек қолдау тетіктері арқылы емес, конституциялық деңгейде қорғалатын және ынталандырылады. Мұндай қадам Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтып, жаһандық бәсекелестік кеңістігіндегі орнын күшейтеді.

Жаңа Ата Заң ұлттық рух пен мәдени мұраны сақтау мәселесіне де ерекше мән береді. Мемлекет тарихи жәдігерлерді қорғауды, мәдени құндылықтарды ұлықтауды және қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуді басты міндеттердің бірі ретінде айқындайды. Бұның ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған стратегиялық таңдау екені сөзсіз.

Сонымен бірге, Конституция әлеуметтік мемлекеттің рөлін күшейтіп, азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды кепілдіктерді бекітеді. Солардың ішінде, тұрғын үй құқығын қорғауға қатысты нормалар ерекше маңызға ие. Бұл қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті күшейтіп, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Серікжан Байбосынов бұл өзгерістердің практикалық маңызын ерекше атап өтті.

– Әсіресе, «жалғыз баспана» мәселесіне қатысты нормалар халықтың әлеуметтік қауіпсіздігін арттырады. Азаматтардың жалғыз баспанасын заңсыз тартып алуға немесе қиын жағдайда баспанасыз қалдыруға жол берілмейді. Мемлекет әр отбасының шаңырағы биік, босағасы берік болуы үшін нақты заңдық кепілдік береді. Бұл өзгерістер қоғамдағы әділдікті нығайтуға бағытталған, – дейді ол.

Жаңа Конституцияда сондай-ақ, Конституциялық соттың рөлі күшейтіліп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа деңгейі қалыптасады. Бұл «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген негізгі қағидатты нақты іске асыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды индустриалдық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Жәутіков жаңа Конституцияны білім мен ғылымды ұлттық дамудың басты тірегіне айналдыратын тарихи құжат ретінде сипаттайды.

– Жаңа Конституцияда білім, ғылым, мәдениет және инновация ел дамуының өзекті бағыттары ретінде белгіленген. Бұл Қазақстанның болашағы табиғи ресурстарға емес, адами капиталдың сапасына тәуелді екенін көрсетеді, – деді Бақыт Жәутіков.

Конституцияның 33-бабында азаматтардың жоғары білім алуға құқығы нақты бекітіледі. Мемлекет бастауыш, орта және жоғары білімге кепілдік беріп, жоғары білімнің қолжетімділігін конкурс­тық негізде қамтамасыз етеді. Бұл әлеуметтік теңдікті нығайтып, әр азаматқа өз қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Одан бөлек, Жаңа Конституция университеттердің рөлін түбегейлі өзгертеді. Жоғары оқу орындары енді тек білім беру орталығы емес, ғылым, инновация және технологиялық прогрестің негізгі драйверіне айналуы тиіс. Бұл өз кезегінде университеттердің экономикамен тікелей интеграциясын күшейтеді.

– Қазіргі цифрлық экономика жағдайында университеттердің рөлі түбегейлі өзгеріп отыр. Біз елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды инттеллект кафед­расын аштық, жаңа білім беру бағдарламаларын енгіздік. Студенттеріміз халықаралық платформалар арқылы оқып, нақты жобалармен жұмыс істейді. Бұл – болашақ мамандарды жаңа технологиялық дәуірге бейімдеудің нақты жолы, – деді профессор.

Жаңа Конституцияда цифр­лық құқықтарды қорғауға да ерекше назар аударылған. Жеке деректердің қауіпсіздігі, ақпараттық кеңістіктің қорғалуы және интеллектуалдық меншік құқығы – енді конституциялық деңгейде бекітілген нормалар. Бұл инновациялық орта мен ғылыми зерттеулер үшін қауіпсіз әрі тұрақты экожүйе қалыптастырады.

Бүгінде Қарағанды индустриалдық университетінде студенттердің стартап жобалары жүйелі түрде дамып келеді. Олар косметология, биотехнология, IT және ойын индустриясы салаларында жаңа өнімдер мен технологиялар әзірлеуде. Бұл бастамалар жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, ел экономикасының жаңа бағыттарын қалыптастыруға үлес қосады.

Жалпы, сарапшылардың пікірінше, Жаңа Конституция елімізді шикізаттық модельден инновациялық және білімге негізделген экономикаға көшіруге бағытталған. Бұл – тек экономикалық емес, рухани және әлеуметтік жаңғыру процесі.

Жаңартылған Ата Заңда мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен жауапкершілігі күшейіп, азаматтық қоғамның рөлі артады. Бұл өз кезегінде мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, әділеттілікке негізделген жаңа қоғамдық модельді қалыптастырады.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button