Өмір секілді өнер де мәңгілік
Қарағандыда ЮНЕСКО-ның 80 жылдығы мен Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының Қарағанды облысындағы Өңірлік өкілдігінің 10 жылдығына орай Әзербайжан, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген делегаттардың қатысуымен «Бейбітшілік пен өнер жолындағы серіктестік» атты халықаралық форум өтті.

Үш күнге созылған форум Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Форумға ЮНЕСКО клубтарының жетекшілері мен өкілдері, білім және мәдениет мекемелерінің мамандары, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар және сарапшылар қауымдастығының мүшелері қатысты.
– Біз Өзбекстан Республикасы Самарқанд облысындағы «Кеваджек» орталығының атынан келдік. Бүгін осы алаңда түрлі елдердің өкілдеріне Өзбекстандағы қосымша білім беру жүйесінің құрылымы мен осы салада жүзеге асып жатқан реформаларды таныстыруды мақсат еттік. Бұл форумның маңызы зор. Себебі, мұнда біз басқа мемлекеттерде қосымша білім беру қалай ұйымдастырылатынын, оның қандай талаптар мен өлшемдерге негізделетінін, артықшылықтары мен ерекшеліктерін біле аламыз, – деді Өзбекстан Республикасының өкілі Ферузе Назарова.
Форумның негізгі мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ЮНЕСКО клубтары арасындағы серіктестікті нығайту, бейбітшілік пен мәдениетаралық диалогты ілгерілету, сондай-ақ, жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау. Осы мақсатта «ЮНЕСКО клубтарының қызметіндегі өзекті бағыттар, жетістіктер мен инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
– Қарағанды облысындағы ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының өңірлік өкілдігі – Қазақстандағы алғашқы өңірлік өкілдік. Биыл оның құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында шетелдік серіктестердің қатысуымен алғаш рет халықаралық конференция ұйымдастырылды. ЮНЕСКО клубтарының қызметі негізінен балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған. Биылдан бастап, ұйым жұмысына спорт мектептерін де тарту жоспарланып отыр, – деді Қазақстан ұлттық клубтарының ассоциацияларының федерациясының басшысы Болат Ақшолақов.
– Форум мәдениет, білім беру, жастар ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер және халықаралық қауымдастық өкілдерін ортақ мақсатқа тоғыстырған маңызды алаңға айналды. Оның басты мақсаты – өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту, халықтар арасындағы достықты дамыту, гуманистік құндылықтарды дәріптеу және рухани мұраны сақтаудың маңызын арттыру.
Биылғы кездесудің ерекше мәні бар. Себебі, іс-шара ЮНЕСКО-ның 80 жылдығы және Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының Қарағанды облысы бойынша өңірлік өкілдігінің 10 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл – Федерацияның Қазақстандағы алғашқы өңірлік өкілдігі, – деді облыстың білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Форум аясында мәдени бағдарламалар да ұйымдастырылды. Кеншілер мәдениет сарайында Әзербайжан, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген жас музыканттардың қатысуымен «Достық пен бірлік әуені» атты мерекелік концерт өтті. Ал, орталық мәдениет және демалыс саябағында «Біз біргеміз» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі көрерменге жол тартты Сондай-ақ, Қазақстандағы ЮНЕСКО клубтарының жетекшілері мен хатшыларына арналған арнайы семинар өткізіліп, үздік білім беру тәжірибелері мен әдістемелік инновациялар таныстырылды.
Қарағандыда өтіп жатқан халықаралық форум бейбітшілік пен достықты нығайтып қана қоймай, мәдениет пен білім саласындағы халықаралық байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Халықаралық форум аясында көтерілген бастамалар Қарағанды облысының мәдениет пен білім саласындағы халықаралық байланыстарын одан әрі нығайтуға жол ашады. Әртүрлі елдерден келген сарапшылар мен педагогтер балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған озық тәжірибелерімен бөлісіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Мұндай кездесулер мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті арттырып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



