Санға сапа сәйкес келуі керек
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында өңірдің денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр тапшылығы мен медицина қызметкерлерін қолдау шараларының тиімділігі талқыланды. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев төрағалық еткен жиында медицина саласындағы кадр тапшылығы мен иммунопрофилактика мәселелері талқыға түсті.

Аймақта денсаулық сақтау саласын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылып, ол мамандарды даярлаудан бастап, оларды медициналық ұйымдарда тұрақтандыруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Үш жылдық кезеңге есептелген кадр қажеттілігі айқындалып, мемлекеттік грантпен білім алып жатқан студенттердің барлығы нақты медициналық ұйымдарға бекітілген.
– 2026 жылдың басындағы мәліметке сәйкес, облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 11,4 мыңнан астам маман еңбек етеді. Оның 3,4 мыңнан астамы – дәрігерлер, шамамен 8 мыңы – орта буын қызметкерлері. Соған қарамастан, кадр тапшылығы әлі де өзекті. Әсіресе, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатрлар, анестезиолог-реаниматологтар және бірқатар тар бейінді мамандар жетіспейді. Бұл мәселені шешуде негізгі басымдық өз кадрларын даярлауға берілген. Медициналық университетте интернатура және резидентура бағдарламалары бойынша, соның ішінде, облыс әкімдігінің гранттары негізінде мамандар оқытылуда. Бұл тәсіл сұранысқа ие бағыттарды кезең-кезеңімен толықтыруға мүмкіндік береді. Алдағы екі жылда 700-ден астам орта буын медицина қызметкері оқуын аяқтайды, – дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжибаев.
2025 жылы мемлекеттік медициналық ұйымдарға 187 жас маман жұмысқа қабылданды. Олардың бір бөлігі ауылдық елдімекендер мен моноқалаларға жіберілген. Кадрларды тарту және тұрақтандыру мақсатында көтерме жәрдемақы, тұрғын үймен қамтамасыз ету және қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Тәлімгерлік жүйе де жолға қойылған. Жас мамандарға тәжірибелі дәрігерлер бекітіліп, олардың кәсіби бейімделуіне жағдай жасалуда. Бұдан бөлек, тар бейінді мамандардың аудан-аудандарға шығуы ұйымдастырылып, олар практикалық әрі әдістемелік көмек көрсетіп, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал етуде.
Биыл да жаңа мамандардың келуі күтілуде. Олардың барлығы алдын ала медициналық ұйымдарға бекітілген. Қабылданып жатқан кешенді шаралар кадр тапшылығын кезең-кезеңімен азайтып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау жүйесін білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті міндетінің бірі. Бұл бағытта Қарағанды медицина университеті негізгі кадрлық база ретінде маңызды рөл атқарып, мамандарды даярлау мен оларды өңірде тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
– Биыл Қарағанды медицина университетінде 8 826 студент білім алуда, оның 5 066-сы клиникалық мамандықтар бойынша. Студенттердің 23%-ы – Қарағанды облысының тұрғындары. Интернатурада студенттердің 25,5%-ы мемлекеттік грантпен, басым бөлігі – 70,5%-ы ақылы негізде оқиды. Резидентурада 60,05% студент мемлекеттік грант негізінде білім алуда. Жалпы, интерндердің бір бөлігі кейін резидентураға түсіп, мемлекеттік медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Биыл 788 дәрігердің бітіруі күтілуде, оның 38%-ы – облыс тұрғындары. Түлектер хирургиялық және терапиялық бағыттар бойынша даярлануда, – деді Қарағанды медицина университетінің басқарма төрағасы ректор Бақыт Нұрғалиқызы Кушерова.
Университетте түлектерді жұмысқа орналастыру жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл жұмыс денсаулық сақтау басқармасымен және медициналық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылады. Негізгі бағыттар – түлектерді мақсатты бөлу, үш жылдық мониторинг, бос жұмыс орындары базасын қалыптастыру, жұмыс берушілермен байланыс орнату және жас мамандарды сүйемелдеу.
Нәтижесінде түлектерді жұмысқа орналастыру деңгейі 90-100%-ға жетіп отыр. Түлектерді алдын ала бөлу 20 маусымға жоспарланған, резиденттер 1 тамыздан бастап жұмысқа кіріседі. Қазіргі таңда өңірге медициналық кадрларды тарту бойынша келісімшарттар жасау жұмыстары жалғасуда.
Өңірде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында иммунопрофилактика жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағытта профилактикалық екпелермен қамту деңгейін арттыруға және вакцинация сапасын жақсартуға ерекше назар аударылуда.
– Қазақстанда профилактикалық екпелер 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 Үкімет қаулысына сәйкес жүргізіледі. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 21 инфекцияға қарсы вакцинация қарастырылған, оның 19-ы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. 2020 жылдан бастап, пандемия кезеңінде балаларды жоспарлы вакцинациялау деңгейінің төмендеуі эпидемиологиялық жағдайға әсер етті. Соның салдарынан жекелеген жылдары қызылша, көкжөтел және «А» вирусты гепатиті бойынша сырқаттанушылықтың өсуі тіркелді. Бұл балалар арасында иммунитеті қалыптаспаған топтың пайда болуымен байланысты. Кейінгі жылдары өңірде вакцинацияның қолжетімділігін арттыру және халықтың ақпараттануын күшейту бағытында кешенді шаралар қабылданды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, екпемен қамту деңгейі 90,4-101%-ға жетіп, эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Дифтерия, полиомиелит және қызамық аурулары тіркелмейді, бірқатар инфекциялар бойынша сырқаттанушылық айтарлықтай төмендеді, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгин.
2025 жылы Қарағанды облысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының суық тізбек жүйесін автоматтандыруға арналған пилоттық жобасына енген еліміздегі жалғыз өңір болды. Жоба вакциналардың сақтауынан бастап, қолдануға дейінгі барлық кезеңдерде сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында 11 нысанда температуралық режимді онлайн бақылауға арналған жабдық орнатылды. Жүйе 2025 жылдың тамыз айында іске қосылып, қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауымен жұмыс істеуде. Алдағы уақытта өңірдің бұл тәжірибесін республика бойынша енгізу жоспарланып отыр.
Қарағанды облысында денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында жүргізіліп жатқан кешенді шаралар медициналық кадр тапшылығын кезең-кезеңімен азайтып, жас мамандарды тарту мен тұрақтандыруға мүмкіндік беруде. Вакцинациямен қамту деңгейінің артуы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына оң әсер етті. Жалпы, бұл жұмыстар халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесін көрсетеді.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



