Орфографиялық сөздік құрастыру қажет
Көпке мәлім, осы күнге дейін латын графикасы негізінде қазақ жазуы жобасын құрастыруға мамандар да, информатиктер де, жалпы көпшілік қауым қатысты. Сондықтан, осы күнге дейін латынның көптеген жобасы ұсынылды. Көбіне ә, ө, ғ, қ, ң, ү, ұ, і дыбыстарының таңбаларына қатысты әртүрлі пікірлер орын алды.
Бұл дыбыстарды диграфтар арқылы таңбалау да ұсынылды: ә – ae; ү – ue; ө – oe; ғ – gh; ж – zh; ш – sh; ң – nh/ng; ү – uу – uw, uew; и – ij, yj т.б. Мысалы: әтеш – aetesh; үн – uen; өш – oesh; қаз – qaz; ғасыр – ghasyr; ырым – yrym; жай – zhaj шаң – shanh/shang; ұры – ury; қуып кетті – quwyp ketti; қиын – qyjyn, т.б. Диграфтар арқылы таңбалаудың ыңғайсыз екені туралы пікір-таластардың болғанын білеміз. Немесе басқа бір жобада ә дыбысын ä арқылы; ө –ні ö; ұ/ү-лерді ü арқылы таңбалау ұсынылды.
Қазақ жазуын латын әліпбиі негізіне ауыстыру әбден пісіп жетілген қазақ тілінің дамуына қажетті мәселе екені мәлім. Әрине, әліпбиді ауыстырғанда қаражат шығатыны анық. Бірақ «…шығын шықпай, кіресе кірмейді» демекші, әліпбиді ауыстыру – заман талабы.
Жақында жаңа қазақ әліпбиіне (латын графикасы негізіндегі) ауысу туралы ҚР президентінің №569 жарлығы шықты. Қабылданған жаңа жобада дауысты ә – a’, ө – o’, ү – u’, і – i’ , дауыссыз ғ – g’, ң – n’, ш – s’, ч – c’ сияқты дыбыстар апостроф арқылы берілген. Жобада берілген таңбалардың бәрі көпшілікке танымал. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, жаңа жоба бойынша ел сауатын тез ашады деген сенімдеміз. Жер-жерде жаңа әліпбиді үйрететін курстар ашылып, енді қазақ тілі мұғалімдерін дайындай беру қажет.
Біздіңше, ендігі іс мамандарға жүктелуі тиіс. Олар қазақ тілінің емле жобасын жасап, орфографиялық сөздік құрастыруды қолға алғандары дұрыс.
Шара МАЖИТАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
филология ғылымдарының
докторы, профессор.
Сурет ғаламтордан алынды.



