АймақРуханиятСаран

Туған өлке өрнектері

Әркімнің кіндік қаны тамған жері – жер жәннаты. «Алтын бесік» деп аялап жататынымыз да сондықтан болар. «Жер емген ел болады, жер қадірін білмеген елдің өмірінде ырысы кем болады» деген халық даналығы әрдайым біздің есімізде.

Жұмыр жердің бетінде небір жәннат мекеннің барын бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Өзіндік бітім-болмысымен, шежірелі тарихымен, береке-байлығымен, тылсым жұмбақтығымен көңіл, көзіңізді тұсап тастайтын жерлер қаншама. Бір жер аспанмен таласқан асқар тауларымен, айналасы астаудай айдын көлдерімен мойын бұрғызады. Енді, бір жер айшылық алыс-алыс шөлдерімен, қатпар-қатпар белдерімен ойға оралады. Ит тұмсығы өтпейді дейтін мүлгіген қара ормандар мен мың сан өсімдігі ұйыса біткен шалғынды аймақтар да өзіндік көрік-келбетімен елес бергендей. Бір сөзбен айтқанда, әр жер өзіндік бітімімен, өзіндік жасау-жабдығымен жәннат мекен. Сол жердің қай-қайсысы болсын арнайы әңгіме етуге, шежірелі тарихын бүгінгі ұрпақтың құлағына салуға, келер ұрпаққа жеткізуге лайық.

Саран – өзіндік табиғи бітім-болмысымен дараланатын, кесек тарихы, оқшау ерекшелігі бар, уақытпен бірге жаңғырып-жасарған мекеннің бірі. Бұл – өте байтақ мекен, бай мекен. Егер, Орталық Қазақстанның географиялық картасына көз жүгіртетін болсақ, шаһар Қарағанды қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 25 шақырымда орналасқан. Қала аумағы 161 шаршы шақырымды құрайды. Халқының саны елу мыңның үстінде. Бүгінде қала аумағында тілі – бөлек, тілегі – бір, діні – бөлек, жүрегі – бір, бірлігі мен ынтымағы жарасқан 74 ұлт өкілі тату-тәтті тұрып жатқан жайы бар.

Жалпы қаланың пайда болу тарихын көпшілік өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Қарағанды көмір бассейнінің іске қосылып, аймақта көмір игеру жұмыстары қарқын ала бастаған уақытпен байланыстырады. Алайда, кезінде иісі қазақ Сораңды деп атаған елдімекеннің тарихы одан әріректе жатқанына тарлан тарихтың өзі куә. Базбіреулер «аңыз бойынша» деп бастайтын қойшы бала Апақ Байжанов туралы әңгіме естеріңізде шығар. Бірақ, бұл әңгіме аңыз емес, ақиқат оқиға, тарихи шындық. Десек те, бұл оқиға – өзге тақырыптың өзегіне арқау болар бөлек әңгіме. Ал, біздің тақырып – көмірлі өлкенің өрнектері.

Сонымен, 1939 жылы болашақ кеншілер қалашығының орнында осы аймақтағы көмір қорын зерттейтін геологтар кенті пайда болады. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда бірнеше шахталар салынып, қуатты құрылыс ұйымдары құрылған Саран кентінде жыл өткен сайын тұрғын үй қоры молайып, оқу-ағарту, мәдениет мекемелерінің қатары көбейе түседі. Отандағы үшінші көмір ошағының қарыштап дамуы аймақтағы ірі кенттерді өндірісті қалаларға айналдыру міндетін алға тартады. Сөйтіп, 1954 жылдың 20 желтоқсаны күні Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Президиумының Қарағанды қаласы Шахтинск ауданының Саран елді мекеніне облыстық бағыныстағы қала мәртебесін беру туралы Жарлығы жарық көреді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Шерубай-Нұра, Тентек кенттері облыстық бағыныстағы Абай, Шахтинск қалаларына айналғаннан кейін Саран қаласының құрамына Кіші Саран, Дубовка, Байтам, Соқыр елді мекендері қалдырылады. Сол жылы қала халқы 48600 адам болады. Аймақтың негізгі бағыты көмір өндіру өнеркәсібін дамыту болып белгіленеді. Сол жылы өңірде №№101, 104, 105, 106, 107, 120 шахталары жұмыс жасап, кеніштерде 6270 жұмысшылар мен қызметшілер еңбек етеді. Аталмыш шахталарда көмір өндірудің жылдық көлемі 1961 жылы 3710 мың тонна болады. Шахталарды қайыра жабдықтаудың нәтижесінде 1965 жылы қара алтын өндіру 4189 мың тоннаға жетеді. Саран кенті қала мәртебесіне ие болған жылы қаланың тұрғын үй қоры 241358 шаршы метрді құрап, оның 139645 шаршы метрі мемлекеттік сектордың қарамағына жатады. Бұл үйлердің 1739-ы тас, ал 168-і балшықтан қалғаны ағаш үйлер болады. Сол жылы қалада 2 орта, 5 жеті жылдық мектеп жұмыс жасап, онда 7814 шәкірт білім алады. Сонымен қатар, қалада педагогикалык училище, 2 кәсіптік-техникалық училище, балалардың спорт және саз мектебі, жас техниктер станциясы жұмыс жасайды. Халық денсаулығын қорғауда 100 төсектік қалалық аурухана, санэпидстанция, 14 медициналық пункт, 50 балаға арналған тубдиспансер қызмет көрсетеді. Осы жылы қалада 51 дүкен, 11 асхана жұмыс істеп, тауар айналымының жылдық көлемін 21841,5 мың сомға жеткізеді. Қалада және қанаттас елді мекендерде 1 мәдениет үйі, 3 клуб, 3 кітапхана қалдырылып, кеншілердің рухани қажеттіліктерін мінсіз өтеуге жұмылдырылады.

Қалада жылдар ұзаған сайын денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерінің жүйесі кеңейіп, спорт пен дене шынықтыруды дамытуда кешенді істер атқарылады. Ең соңғы жобамен салынған спорт сарайы, қалалық кітапхана кезінде қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленеді. Экономикасы өрге тартқан қалада рухани игіліктерге деген құштарлық жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, алпысыншы жылдардың ортасында қалада қоғамдық негізде жұмыс жасайтын мұражай, балалар кинотеатры, кітапханалар жүйесі өмірге келеді. Алайда, Кеңес Одағы ыдырап, жекешелендіру шағы басталғанда кеншілер қаласының да елеулі қиындықтарды бастан өткеруіне тура келді. Бұрынғы кәсіпорындар тоқтап, жұмыссыз қалған халықтың екі қолға бір күрек табуы қиынға соқты. Осы тұста сәнді қаланың сыры кетіп, дүйім жұрттың су мен жарықтан қағылған кездері де жиі қылаң бергені белгілі.

Көмірлі аймақта алғаш рет серіктес қала мәртебесіне ие болған Саранның қалыптасу кезеңдеріндегі шежірелі сырлары осындай.

Бүгінгі таңда бүтіндей бір облыс экономикасының маңызды бөлшегі саналатын Саран шаһары бүгініне шүкіршілік етіп, өткенге зор құрметпен қарап, болашаққа деген нық сеніммен алға қарай қадам басып келеді.

Қала көркі күн санап ажарлануда. Өткен тарихтан сыр шертетін сәулет өнерімен қатар, бүгінгі күннің заманауи шарттарымен санасатын жаңа архитектуралық нысандар пайда болуда. Сонымен қатар, қала аумағында мәдени мұраға жататын тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Олардың қатарына Байтам елдімекеніндегі Игілік би мазарын, Жамбыл Жабаев, Александр Пушкин, «Ана мен бала» ескерткіштерін, Жеңіс стелласын, Ауған соғысына қатысқан жауынгер-интернационалистерге және қызмет барысында қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған мемориалды ескерткіштерді жатқызуға болады.

Шаһардағы әрбір тарихи-мәдени ескерткіштердің пайда болуы туралы өзіндік тарихы бар. Бірақ, ол жайында алдағы уақыттарда жазылатын мақаламызда сыр шертетін боламыз.

Бұдан бөлек, біздің шаһарда маңызды ұлттық және жергілікті деңгейдегі атаулы күндерді мерекелеу дәстүрі берік сақталған. Соның ішінде, біздің өңір үшін ең маңызды дейтін мерекелер «Қала күні», Ұлы Жеңіс күні, Қазақстан халқының бірлігі күні және Кеншілер күні болып табылады. Сонымен қатар, Отбасы күні, Аналар күні сынды тағы басқа атаулы күндердің тұрақты мерекеленіп келе жатқан жайы бар.

Соңғы жылдары қала көркі едәуір ажарланды. Жаңа тұрғын үй ғимараттары, ірі сауда орталықтары мен спорт ғимараттары салынуда. Спорт және ойын алаңдары бар жаңа саябақ ашылды. Аталған саябақта футбол, баскетбол корттары мен волейбол алаңдары орнатылған. Сонымен қатар, велосипед пен жүгіруге арналған жолдар бар. Бұдан бөлек, көптеген көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында балалар ойын алаңдары мен ересектерге арналған спорт алаңдары салынды. Шаһардағы ең негізгі 8 жол жөндеуден өтіп, барлық аулалардың 60%-ы абаттандырылды. Қалаға кіреберістегі жолдың бойында заманауи архитектуралық үлгідегі арка орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, қала көз алдымызда түрленіп, күннен-күнге көркіне көрік қосуда.

Әр қаланың өз тыныс-тіршілігі, өз өрнегі бар. Ал, бұл – біздің Саран атты көмірлі, кенді өлкеміздің өрнегі.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button