Қарағанды

ҚарЛаг-та қайтыс болғандарға ескерткіш тақта орнатылмақ

ҚарЛаг сұмдығының қандай болғанын шын сезіну үшін айуандықпен бетпе-бет келсе де жарқын күндерге сенімін жоғалтпастан, «бір күні атымыз аталғанда, рухымыз мәңгілікке тынышталар» деген сеніммен бақилық болған тұтқындардың «елесі» еңсені басқан дәліздер мен азаптау камераларын кезіп жүрген Долинкадағы мұражайды көру керек. Жетпей желкесі қиылған сәбилердің тым болмаса о дүниедегі алаңсыз ұйқысынан оятып алмайын дегендей, шыбын екеш шыбынның өзі ызыңдамай ұшатын «Мамочкина моласына» бару керек. Бәрі орынды. Бірақ, қазақстандықтардың да ҚарЛаг тұтқыны болғаны ұмытылып қалғандай. Себебі, сүйектері қайда қалғаны белгісіз екені өз алдына, тіпті, қайтыс болғандардың ұрпағы келіп, тәу ететін құлпытас түгіл, ескерткіш белгі де жоқ.

Бірақ, бұл олқылықтың да орны толатын болады, сәтін салса. Заңгер Болат Сыздықовтың бастамасымен облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, сондай-ақ, қоғам белсенділері Сәкен Келдібаев, Аңғар Смағұл ҚарЛаг-та қайтыс болғандарға ескерткіш тақта орнату мәселесін талқылап, Долинка кентінде болып қайтты.

Болат Кенелұлына алғаш ой тастаған қызылжарлық Болат Сағындықов екен. Оның да әкесі Мағаз Сағындықов репрессияға ұшырап, хат-хабар жазу құқығынсыз он жылға сотталып, кейін Қарағанды шахталарының бірінде 1943 жылы қыркүйекте қаза тапқан. Болат Мағазұлы 2005 жылы Қызылжарда қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуына да, 2012 жылы сегіз мыңға жуық адамның ұрпақтары мен туыстары келіп, еске алып тұратын «Қаралы қабырғаны» орнатуда да қажырлықпен талай табалдырықты тоздыра жүріп қол жеткізген адам. Мұндай белгінің Қазақстанның өзге өңірлерінде жоқ екенін де айту керек.

Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөніндегі облыстық «Память» қорының төрағасы ретінде Болат Мағазұлының бастамасымен Солтүстік Қазақстан облысында қудаланған 8 мыңға жуық адамның тізімі жасалып, «Ақталған есімдер» деген қазақ-орыс тілдеріндегі жинақ та шығарылғанын айту керек. Әкесінің қай жерде қайтыс болғанын жазған хаты да Бас прокуратураға жолданып, олар Қарағанды облыстық прокурорына және облыс әкімдігіне хат жіберіп әзер анықтаған.

– «Менің әкем бу болып аспанға ұшып, су болып жерге сіңіп кеткен жоқ қой. Қайда жерленгенін айтыңыздаршы» деп жүргенде, Долинкадағы түрмеде қырылған жандарды көмген төмпешіктерді тауып, соның бірінде әкемнің жатқанын көрсетті. Онда да нақты емес, қаптаған қалың төмпешіктің бірі ғана, – деп есіне алады Болат Сағындықов. Сол кезде «әкемнің қайда жатқанын тауып бере алмассыңдар. Менің әкемнен басқа мыңдаған адам қырылды. Соларға арнайы белгі неге қоймайсыңдар? Мен өзім көмектесейін» деп, Болат Сыздықовқа шыққан.

– Бастама – өте дұрыс. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға монументальдық кешен керек екені біраздан бері қозғалып келеді, оның үстіне, халықтың да тілегі – осы. Біздің бүгінгі Долинка кентіне келудегі басты мақсатымыз – «Ескерткіш тақтаны қай жерге орнату керек?» деген ой болды. Біріншіден, ол нақты тарихи орында болуы керек, сонымен қатар, бұқара халық келгенде тағзым етуге ыңғайлы жер болғаны дұрыс. Сондықтан, мұражайға қарама-қарсы тұрған алаңды ыңғайлы деп таптық. Орын бар. Ендігі қадамымыз – ескерткіш тақтаның нобайына республикалық конкурс жариялап, ең дұрысын жүзеге асырып, осы жерге орнату. Бастамамызды келесі жылдың 31 мамырына дейін орнатуға үлгерсек, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов.

Кездесу барысында түрлі ойлар айтылды. Мұражай директоры Светлана Байнова да бастама көтергендердің ұсыныс-пікірін қолдап отыр. Себебі, келушілер мұражайдан шығып, ескерткіш тақтаны да көре алады. Әрі тұрған жері де қолайлы. Сондай-ақ, әуелде есімі белгілі болған құрбандардың аты ойылып жазылады да, орын қалдырылады. Яғни, бастапқы қалпымен шектеліп қалмай, кейін де белгілі болғандардың аттары жазылып отырады.

Осы мәселе алғаш көтерілгенде Светлана Байнова тұрғындардың естеліктері бойынша, қайтыс болған тұтқындар жаппай жерленген жерде де болғандарын айтады. Бірақ, үнемі су басатын аймақ болғандықтан, ол жерге ескерткіш тақта қою ыңғайсыз әрі барудың өзі қиындық тудырады екен.

Жұмыстың нобайы талқыланды. Ербол Шымкентбайұлы құзырлы органдарға нақты тапсырма беретінін айтты. Ендігі мәселе облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге талқыланатын болады.

«Биліктің оң райынан үміттіміз. Халықтың қолдауына, азаматтардың көмегіне, жасампаз ұсыныстарға мұқтажбыз» дейді Болат Сыздықов.

Р.S. ҚарЛаг тұтқындарының бірі – «Күн нұры түсіп жиі алдан, тар дәлізінде түрменің. Кел, тұрғызайық қиялдан, армандағыдай үй, керім…» деп жақсылықтан үміт етсе, бірі – жаны қиналғанда «қарғыс атқан Қарағанды» деп жазды. Шынында, Қарағандының Қарағанды болуына тұтқындардың еңбегі сіңгені рас. Ендеше, Болат Сыздықов басы-қасында жүрген бұл іс сәтін салып, қаза болғандардың аты-жөні жазылған ескерткіш тақта бой көтерер болса, жазықсыз жапа шеккендердің алдындағы өтеу сол болмақ.

Салтанат ІЛИЯШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button