Баған

Бос жатқан жер жоқ!

Жол түсіп Шет ауданының орталығы – Ақсу-Аюлы кентіне барып қайттық. Қашықтық Қарағандыдан 100 шақырымнан асады. Жол бойында әр жерде шашыраңқы ауыл артта қалып жатты. Туған жер көзге ыстық. Бірақ, бұрынғы далада малы өріп жүрген жазық бала кездегіге ұқсамайды. Түтін сиреген, кей ауыл тып-типыл болған…

Оны неге сөз қылдық? Өйткені, Қазақстан – солтүстік жарты шарда Еуропа мен Азияның қосылған жерінде жатқан ірі мемлекет. Жер көлемі бойынша Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Бразилия, Аустралия, Үндістан мен Аргентинадан кейінгі аумағы ірі мемлекеттің алғашқы ондығына кіреміз. Қазақстанның жалпы аумағы – 2 724 900 шаршы шақырым.

Осы ұланғайыр жерге сырттан көз сұғын қадаушы көп. Әдетте «бұл – атабабамыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалып, бізге аманаттаған жері» деп күпінеміз. Алайда, соны өзіміз сақтап қала аламыз ба? Ол үшін не істеу керек? Айтқандай, бұл мекен әртүрлі пайдалы қазбаға да бай. Қазақстанның жер қойнауынан Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы табылған, 70-і бойынша қор барланған, өндіріске 60-тан астамы қатыстырылған. Қазіргі уақытта минералдық шикізаттың 1 225 түрін қамтитын 493 кен орны белгілі. Қазақстан әлемде мырыштың, вольфрамның және бариттың барланған қоры бойынша – бірінші, күміс, қорғасын және хромиттен – екінші, мыс пен флюорит бойынша – үшінші, молибден бойынша – төртінші, алтын бойынша – алтыншы орында тұр. Ал жалпы пайдалы қазба қорларының көлемі бойынша ТМД елдері арасында хром кені және қорғасын бойынша – бірінші, мұнай, күміс, мыс, марганец, мырыш, никель және фосфорлы шикізат қоры бойынша – екінші, газ, көмір, алтын және қалайы бойынша – үшінші орында. Мақтаныш па? Мақтаныш!

Кеңес дәуірі дүрілдеп тұрған кезде, әрине, барлық іс-шара Мәскеудің тапсырмасымен орындалатын. Сол кезеңде Қазақстан жерасты қазба байлығының картасын жасаған ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев 4-5 ірі кенішті картаға кіргізбей қояды. «Бұл қалай?» деген орыс ғалымдарына: «Ондағы рудалар өте тереңде. Қаржыны да, теxниканы да көп қажет етеді. Сондықтан, бұл жерді картаға кіргізуге әлі ерте», – дейді. Ал, өзімен сырлас, сыртқа сыр шашпайтын достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар» – деген. Міне, көрегендік! Осы сөздің қадірін білдік пе? Ұғындық па? Ғалым жасырып қалған қазба орны кенге бай болса керек. Қоры мол болмаса, оны келешекке көз жүгірткен сұңғыла Сәтбаев көршіден жасырмас та еді.

Мүлгіп жатқан Сарыарқаның сайын даласына көлік терезесінен қарап отырып, ойға шомдым. Біреулер «жеріміз жайдан-жай жатыр, одан пайда табуымыз керек» дегенді көп айтады. Қазірдің өзінде «жер қойнауынан өндіріліп жатқан пайдалы қазба түгесіледі» деп те айтылып қалады. Астындағысын ғана емес, үстіндегі байлықты да қомағайлана асап жатыр емеспіз бе?! Бұл да әлі өзекті болуы керек мәселе. Ата-баба қанымен суарылған ұланғайыр жерімізде бос жатқан ұлтарақтай да орын жоқ. «Бос жатыр, пайдаланылмайды» деп даурығатындардың айтуынша, жер беті мен астындағы байлық қазіргі таңда ғана бізге қызмет ету керек. Негізінде, бұл біздің ата-бабамыздың аманаттап қалдырған жері келер ұрпақтың игілігі үшін жұмыс істеуге дайындалып, мүлгіп жатыр. Олай болса, бүгінді ғана ойламай, болашаққа да жердің асты-үсті байлығын қалдыру үшін үлкен бағдарлама түзуіміз керек-ақ!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button