РуханиятТаным

Хан Кене

Кенесары хан Қасымұлы (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлтазаттық көтерілістің әйгілі басшысы. Ол тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы – қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайды. Абылайдың әйелі – қалмақ Хочу-мерген ноянның қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары – осы Қасым сұлтанның баласы. Қасымның соңынан ерген балаларының бәрі кілең көкжал, кекті де текті еді. Бәйбішесінен – Есенгелді мен Саржан, екінші әйелі Бибіден – Кенесары, Құдайменде, Әбілғазы, Уақ, Шуақ, Сапақбай және Бопай, Бопан, Бопыш атты үш қыз, үшінші әйелі Асылтастан – жалғыз, арыстан жүректі Наурызбай туған. 1802 жылы Көкшетау өңірінде өмірге келген Кенесары осынау текті ұрпақтың ішінен оқ бойы озық тұрған, жаратылысы тым оқшау, нақ топжарғанның өзі болды.

1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі XIX ғасырдың 30-шы жылдарында Қазақстанда отарлау саясатын одан әрі өрістетіп, қазақ халқының саяси дербестігін біржолата жоюға бағытталған шараларды кеңінен жүргізе бастады. Әбілқайыр, Абылай хандармен жасасқан шарттардағы Қазақстан жеріне кірмеу, солдат алмау, тек, салық төлеу жөніндегі міндеттемелер аяқ асты етілді. Қазақ жерінде әскери шептер, бекіністер салынып, шұрайлы жерлерге патша өкіметінің қолшоқпары болып келген казак-орыстарды қоныстандыру шаралары жүргізілді. Ресейдің қазақ жеріндегі әкімшілігі өзен-көлдерді, құнарлы жерлерді, орман-тоғайды өз қарамағына алды, ал, оны пайдаланған қазақтарға салық салынатын болды. Тек, 1755-1772 жылдарда ғана Кіші жүз бен Орта жүз жерінде, Жайықтан Өскеменге дейін 3,5 мың шақырым шеп бойында бекіністер салынды (М.Қозыбаев, «Тарих зердесі», 2-ші кітап, Алматы, «Ғылым», 1998, 52-б.). Нәтижесінде, халықтың ғасырлық көшіп-қонып жүрген маршруттары тұйықталды, шектелді. Енді, ел тайпа емес, ауыл шеңберінде ғана көше алатын жағдайға душар болды. Дәл тарихтың осы кезеңінде көшпелі ел өркениетінің тамырына балта шабылды. Ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өркениет өзінің өрісінен айырылды, қанаты қайырылды. Ендеше, хан Кене тек жер үшін емес, бүкіл бір өркениетті қорғаушы санатында танылуы керек.

Патша өкіметі XVIII ғасырдың 30-шы жылдарында-ақ Орынбор казактары әскерін құра бастады. Халық қозғалысы басталар шақта Орынбордағы казак әскері Жайық өзені бастауынан, Орал тауларының шығыс бөктері мен Сібір казактары әскері иелігіндегі жерге дейінгі әр кезеңде қазақ, башқұрт және басқа халықтардан тартып алынған аса үлкен аумақты иеленген еді. Орынборлық казак әскері сонау Сібірден Оралға дейінгі 7,8 миллион ондық жерді еншісіне алса, 1,4 миллион ондық жер Сібір казактары әскерінің пайдасына шешіледі. Станица атамандары қазақтарға жерді жалға беріп, тиесілі төлемін алуға құқықтары болды. Қазақтар әскер жерінен мал айдап өтсе де, сол жерлерде қыстатса да, тұз дайындаса да ақы төлейтін болған. Осының бәрі казак атамандары мен жергілікті бастықтардың қазақ еңбекшілерін бақылаусыз қанауға әкеліп соғады (М.Әбдіров). Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салды. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар, патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Орынбор өлкесінің губернаторы, генерал Перовскийге жолдаған хатында былай дейді: «Мен Кенесары сұлтан, атамыз Абылай ханның тұсынан бері өз бауырларымызбен қатынасқандай, орыстармен достық бейбіт араластықта болдық. Алайда, Омбы мен Петропавл (Сібір өлкесіндегі) жұрттары біздің бейбіт тұруымызға мұрша бермейді… Менің олармен жанжалдасуыма себеп – осы. Сіздің жаққа өте отырып, мен Ресеймен еш уақытта жауласуды ойлаған жан емес екенімді хабарлаймын. Менің бұл өтінішімді жоғарыдағы әкімдерге жеткізуіңізді сұраймын» (Ж.Артықбаев, «Төрелер шежіресі», Қарағанды, 2015, 179-б.). Осылай деп генерал Перовскийге жолдаған хатында орыстарға бес бересі, алты аласы жоқтығын, тату көршілікте тұрғысы келетіндігін ашық мәлімдейді. 1837 жылғы желтоқсанда І Николай патшаға жазған хатында ол атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. «…Сіздің арғы бабаларыңыз, ал, бізде менің атам Абылай хан тұсында халық тыныштыққа бөленген еді. Ал, оның тыныштығын ешкім бұзбаған-ды. Екі ел арасында сауда-саттық болды. Біздің халыққа салық салынбады. Ал, кейіннен іс басқаша болды. Халықтан жасақ жинала бастады. Оған әртүрлі қысым көрсетілетін болды… Менің атам Абылай билеген елде сегіз дуан құрылды. Бұл халықты қалың мұңға душар етті. Бүкіл қырғыз халқын қыспаққа салмай, ол тыныш ләззат алуы үшін мен мәртебелі ұлы ақ патша елімізге бұрынғыдай жағдай қалпына келуін, сегіз округтік дуаныңызды құртуыңызды сұрағаныма бақыттымын деп өзімді санар едім» деп жазды (М.Қозыбаев, «Жауды шаптым ту байлап», Алматы, «Қазақстан», 1994, 114-б.). Міне, осылай, Кенесары қазақ халқының біртұтастығын Ресей империясының қарамағында егеменді ел дәрежесінде сақталуын көкседі. Ол онда ақ патшаны, Ресейді бейбіт өмір сүруге шақырады. Бірақ, патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Өйткені, ақ патшаның басты мақсаты – қазақ даласына сұғына еніп, еркін жайлап, тұтастай басып алып, тәуелді ету болатын. Сондықтан да, Кенесары өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі. Кенесары көтерілісінің (1837-1847) басты мақсаты – патшалық Ресейдің құрамына қосылып үлгермеген аймақтардың дербестігін сақтау, қазақ жерлерін бекіністер мен жаңа округтік билеу арқылы жан-жақты отарлауды тоқтату еді. Сондай-ақ, Кенесары қоқандықтардың тепкісіндегі оңтүстік өңірдегі қазақтарды босатып, оларды Қазақ хандығына қосуды көздеді.

Кенесары Қасымұлының қозғалысы бүкіл Қазақстанды қамтыды. Он жылға созылған көтерілістің басты қозғаушы күші – бұқара халық болды. Олар күшейе бастаған отарлық езгіден, феодалдық топтардың қысымынан құтылуға тырысты. Кенесарыны белсенді қолдағандардың арасында Орта жүз бен Кіші жүздің белгілі рулары – Қыпшақ, Төртқара, Жағалбайлы, Шекті, Алшын, Керей, Жаппас, Бағаналы, Тама, Табын, Арғын, тағы басқа ру-тайпалардың жігіттері аз емес-ті. Кенесары көтерілісіне жалпы 20 мыңдай адам қатысқан деген мәліметтер айтылды. Тікелей қатысқаны – 5 мың адамның төңірегінде. Кенесары әскер жасақтаудың өз заманындағы озық үрдісіне сүйенді. Мыңдық, жүздіктерге бөлініп, оларды мыңбасы, жүзбасыларға басқартты. Үш жүздің Ағыбай, Иман, Басығара, Бұхарбай, Жекебатыр, Бәйсейіт, Сұраншы, Саурық, Жоламан Тіленшіұлы тәрізді батырлары Кенесары қолын қиян-кескі шайқастарға бастап, талай ірі жеңістерге қол жеткізді, ерліктері аңызға айналды. Көтеріліске Кенесарының інілері – Наурызбай, Әбілғазы, әпкесі Бопай белсене қатысты.

Көтеріліске, сонымен қатар, ақсүйектер де қатысты. Көкшетау округы бойынша «Кенесарының ылаңына» қатысы бар сұлтандардың тізіміне ілінген төртеуі: Ниген Уәлиұлы, Таны Тортайұлы, Қанқожа Уәлиұлы, ханша Айғаным Уәлиева. Жалпы, Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы және Баянауыл округтары бойынша 1838-1839 жылдары Омбы облыстық басқармасына қарасты сот жазалау мекемелері жинастырған деректерге қарағанда, көтеріліске 80-нен астам сұлтан мен би белсене қатысқан. Олардың негізгі дені – Абылайдың тіке- лей ұрпағы (Ж.Қасымбаев, «Кенесары хан», Алматы, «Қазақстан», 1993, 39-42- б.).

Кенесарының ымыраға келмейтін қарсыластары – Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин, Кіші жүздің басқарушы сұлтандары – Ахмед пен Арслан Жантөриндер, сұлтан Баймағамбет Айшуақов, тағы басқалары болды. Кенесары Жетісуға өткеннен кейін көтеріліске қарсы ымырасыздық позицияны Абылай ханның тұқымы, яғни, өзінің туысқандары – Сүйік Абылайұлы, подполковник Әли Абылайұлы, Адамсат Ыбақов, Қамбар Асыланов, Жанғазы Сүйіков, Мамырхан Бадылов, Аблек Алин, Тінаш Таңатаров, тағы басқалары ұстанды. Сонымен, Кенесары көтерілісінің бір ерекшелігі де қазақ феодалдары арасындағы алауыздық. Егер, халықтың басты бөлігі отарлаудың тереңдеуіне наразылық білдіріп, он жылғы арпалысқа атсалысса, жергілікті ақсүйектердің екінші бір тобы патша үкіметіне қызмет етіп, жазалау топтарының қимылдарын біршама жеңілдеткені айқын. Кенесарының күресті қолдаудан бас тартқан ауылдарды шауып, қатыгездік те жасағаны, әсіресе, округтік приказдың аға сұлтандарын шешуші кезеңде ел мүддесінен айнығандығын айыптаудың бір көрінісі еді.

Ресей отарлауына қарсы күрес үш ғасырға жуық уақытты қамтыды. Тәуелсіздік үшін күрес үздіксіз жалғасып отырды. 1783-1797 жылдары Сырым Датұлы бастаған көтеріліс, 1824-1836 жылдардағы сұлтан Саржан Қасымұлы бастаған халық толқуы, 1836-1838 жылдардағы Исатай – Махамбет бастаған көтеріліс, 1837-1847 жылдардағы Кенесары бастаған қозғалыс, 1856-1857 жылдардағы Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сырдария қазақтарының көтерілісі, 1853-1857 жылдардағы Есет Көтібарұлы жетекшілік еткен бас көтеру, міне, осылай тізбектеліп кете береді. Сонау XVI ғасырдың аяғынан 1916 жылға дейін осындай 300-ге жуық көтерілісті тізіп шығуға болады. (М.Қозыбаев, «Тарих зердесі», 2-ші кітап, Алматы, «Ғылым», 1998, 47-б.). Ендеше, Сырым, Исатай, Махамбет, хан Кене бастаған көтерілістердің әрқайсысы – ғасырларға созылған ұлтазаттық соғыстың бір ғана бөлігі.

XIX ғасырдағы отарлық саясатқа қарсы бағытталған ең ірі әрі отарлаушыларды он жыл бойы әбігерге салған көтеріліс Кенесары Қасымұлының қолбасшылығымен 1837-1847 жылдары орын алды. Қазақтардың XVIII-XIX ғасырларда болған барлық басқа ірі көтерілістерінен Кенесары көтерілісінің ерекшелігі – оған үш жүздің бұқара халқы түгел қатысты. Қазақстанның бар аймағын қамтыған Кенесары көтерілісі – жергілікті жерлерде кезек-кезек бұрқ еткен көтеріліс ошақтарының жиынтығы болды. Сонымен бірге, Кенесарының тартып алынған қазақ жерлерін қайтаруды және салынған бекіністерді жоюды, алым жинау мен әртүрлі салық салуды тоқтатуды патша өкіметінен талап етуі және бұрын қазақтарға тиесілі болған жерлерді қайтару үшін Қоқан мен Хиуа хандықтарымен күресуі – қазақ халқының өмірлік мүдделеріне сай еді. 1837 жылдың аяғында Кенесары қозғалысына 3858 отбасы қатысты. Бұл – көтеріліс идеяларының өміршеңдігі мен Кенесары беделінің жоғарылығының куәсі еді.

Қазақтың XIX ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысын зерттеген атақты тарихшы Е.Бекмахановтың айтуынша, Кенесары көтерілісшілердің көсемі ретінде тарих сахнасына 1837 жылы шықты. Үлкен өмір мектебінен, саяси күрес мектебінен өткен ақылды, тәжірибелі басшы, батыр ретінде танылды. 1837-1845 жылдар аралығында жыл сайын, ерте көктемнен қоңыр күзге дейін қазақ даласына казак отрядтары жіберіліп тұрды. Олар бейбіт халықты тонап, адамдарды тұтқындап, малды айдап әкетті. Кенесары мен інісі сұлтан Құшақ екеуі қол қойған Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы генерал-майор Генстің атына жолдаған бір хатында орыс әскерлерінің қазақ ауылдарына жорықтарының зардаптары жыл-жылымен тізбектелген. 1825 және 1840 жылдар арасында патша әскерлерінің 15 жорығының қазақ еліне әкелген ауыртпалықтарын атап көрсете келе, сұлтандар бейбіт ауылдарға қарсы ұйымдастырылған жорықтардың «тонаушылық» сипатын талдаған. (Л.Мейер, «Киргизская степь», 60-б.). Осы құжатта келтірілген патша үкіметінің екі ғана жорығын келтірсек, 1837 жылы Иван Семенович Карпичев бастаған қол Әлике, Қалқаманұлы, Төртұлұлы ауылдарын талады және 350 адамды қырып кетті. 1840 жылы Ақмола округінен шыққан 300 патша жендеті бейбіт жатқан Қажыған, Алтай болыстарын ойрандады, 70 адамды соққыға жығып, 20 әйелді тұтқынға алды, 300 түйе, 300 қой, 100 ірі қара малды тартып алды. Осы бір хат хан Кене бастаған қозғалыстың әділдік сырын бір көрсетсе, патша өкіметінің озбырлығын, қазақ даласына жасап отырған ойранының шектен шыққан отаршылдық болмысын әшкерелеп тұрған жоқ па?! Бұған жауап ретінде Кенесары сарбаздары әскери бекіністер мен жазалаушы экспедицияларға, отаршыларды қолдаған қазақ сұлтандарының ауылдарына шабуыл жасады.

1837 жылы Кенесары сарбаздары Ақтау бекінісінің коменданты, әскери старшина Симоновтың отрядын талқандап, 9 мылтықты, 10 тапаншаны, 500 патронды, басқа да суық қаруды алып кетті. Сол жылдың қараша айында Ақтау бекінісіндегі 55 адамнан тұратын Хорунжий Рытовтың отрядын жойып, оның өзін өлтіріп, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. (М.Әбдіров, «Кенесары және казактар», «Абылай – Алматы» жин., «Дария – пресс», 1993, 121-б.). 1838 жылдың көктемінен бастап Кенесары жасақтары патша әскерлеріне қарсы алдын ала жасалған жоспар бойынша дәйекті күрес жүргізеді. 1838 жылдың 7 тамызында Ақмола бекінісіне шабуыл жасады. Патша үкіметінің сойылын соққан сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы және әскери старшина Карбышев басқарған бекініс гарнизоны Ақмоланы қорғап қала алмады. Көтерілісшілер бекіністі өртеп жіберді. Кенесары енді Торғай және Ырғыз даласына бет бұрды. 1838 жылдың жазы мен күзінде Орта жүз қазақтарының негізгі бөлігі Кенесары туы астына шоғырланды. Осы жылдың күзінен қозғалыс Кіші жүзді де шарпыды. Көп кешікпей Жоламан Тіленшіұлы өз жасақтарымен азаттық үшін күрестің қатарын толықтырды.

(Жалғасы бар).

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ, тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button