Ауыл жастарына дем берген
Ауылдағы жас үшін үлкен қалаға қадам басу – мүлде басқа ортаға, басқа ырғаққа, басқа талапқа бейімделу деген сөз. Бірі ауылдан шыққанда өзіне сенімсіз болады, бірі кімнен кеңес сұрарын білмейді. Енді бірі бойындағы талантын байқаса да, оны қалай дамыту керегін түсінбей жүреді. Дәл осындай сәтте жас адамға құр ақпарат емес, тәжірибе, шынайы қолдау, дұрыс бағыт көрсететін орта керек. Қарағанды облысында жүзеге асып жатқан «Ұлт қазынасы» жобасының құндылығы да осында.

«Ұлт қазынасы» – Қарағанды облысының ауылдық елдімекендеріндегі жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған менторлық жоба. Оның басты мақсаты – ауыл жастарының бойындағы қабілетті ашу, оларды өзіне сенімді, ортаға бейім, білімге құштар, қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптастыру. Жоба аясында түрлі салада жетістікке жеткен азаматтар ауылдарға барып, жастармен ашық кездесулер өткізеді. Олар өз өмір жолын, қателігін, жеңісін, кәсіби тәжірибесін бөліседі. Ең маңыздысы – менторлар жастарға жоғарыдан қарап ақыл айтпайды, керісінше, олардың жанынан табылып, бағыт көрсетеді.
Бұл бастама, ең алдымен, 14 пен 25 жас аралығындағы ауыл жастарына арналған. Яғни, мектептің жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері, жоғары оқу орындарында оқып жүрген жастар және еңбек жолын енді бастаған азаматтар қамтылады. Жобаның ерекшелігі – ол ауыл жастарына қаладағы мүмкіндіктерді алыстан көрсетіп қана қоймай, сол мүмкіндіктерге жетудің нақты жолын түсіндіреді. Өйткені, ауылдағы талантты баланың басты мәселесі көбіне қабілетінің жоқтығында емес, ақпарат пен ортаның аздығында. Біреу актер болғысы келеді, бірақ, қайдан бастарын білмейді. Біреу кәсіп ашқысы келеді, бірақ қателесуден қорқады. Біреу мемлекеттік қызметке қызығады, бірақ, оған қалай дайындалу керегін түсінбейді. Осындай кезде ментордың бір сөзі, бір кеңесі, бір байланысы жас адамның өмір бағытын өзгертіп жіберуі мүмкін.
Облыстық жастар ресурстық орталығының маманы, жоба үйлестірушісі Азиза Құлметтенова жоба бүгінде қарқынды түрде жүзеге асып жатқанын және оған қатысуға ниетті ауыл жастарының қарасы қалың екенін айтты.
– Бүгінге дейін жоба аясында Қарағанды облысының 7 ауданындағы 50-ге жуық ауыл қамтылып, 60-қа жуық көшпелі кездесу ұйымдастырылды. Орта есеппен әр кездесуге 50-60 жас қатысып, жалпы 3000-нан астам жас осы бастаманың әсерін сезініп үлгерді. Бұл – жай ғана статистика емес. Статистикада ауылдан шыққан, арманы биік, сол арманға жетер жолын іздеп жүрген жастар тұр. Әр кездесу – біреудің өзіне сенуі, біреудің алғаш рет сұрақ қоюы, біреудің болашағына нақты жоспар құруы. Менторлар жастармен кәсіпкерлік, мансаптық даму, көшбасшылық, жеке бренд қалыптастыру, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет, қоғамдық белсенділік, шығармашылық және өзін-өзі дамыту бағыттары бойынша жұмыс жүргізуде. Бірақ, бұл жерде менторлықтың мәні тек мамандық таңдауға көмектесу емес. Ментор орта табуды, өз ойын ашық айтуды, қорқынышын жеңуді, мақсатқа ұсақ қадамдармен жетуді үйретеді. Әсіресе, ауылдан қалаға оқуға түскен жастар үшін мұндай қолдау аса маңызды. Себебі, үлкен қалада жалғыздық, сенімсіздік, ортаға сіңісе алмау, өзіңді төмен бағалау секілді қиындықтар жиі кездеседі. Ал, менторы бар жас мұндай жағдайда өзін жалғыз сезінбейді. Ол кімге хабарласуға болатынын, кімнен кеңес алатынын, қай бағытта дамитынын біледі, – деді жоба үйлестірушісі.
Тәлімгерлер мен шәкірттер байланысы бір кездесумен шектелмейді. Бұл – жобаның тағы бір маңызды тұсы. Кездесу соңында белсенді, қызығушылығы жоғары, таланты байқалған жастар іріктеліп, менторлармен әрі қарай жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Әр ментор бастапқы жоспар бойынша бірнеше ізбасармен жұмыс жүргізуі тиіс болғанымен, биыл жастардың қызығушылығы жоғары болып, кей менторлардың айналасында одан да көп ізбасарлар жиналған. «Бұл жерде саннан гөрі сапа маңызды» дейді мамандар. Нағыз менторлық – ұзақ мерзімді байланыс, сенім және бағыт беру. Жоба барысында ерекше көзге түскен жастар да бар. Кейбір қатысушылар кәсіпкерлік, әлеуметтік жоба, қоғамдық бастама бойынша өз идеяларын ұсынып, менторлардан нақты кеңес алған. Бірі шығармашылық жолға бет бұрса, бірі әлеуметтік ортаға қосылып, өзін жаңа қырынан таныта бастаған. Мысалы, ДАТ театрына қосылған ізбасардың кейін актерлік бағытта дамып, көпшілікке таныла бастауы – менторлықтың нақты нәтижесін көрсететін мысалдың бірі. Бұл жерде ментор тек бір адамға көмектесіп отырған жоқ, ол қоғамға жаңа тұлға, жаңа маман, жаңа белсенді азамат қалыптастыруға үлес қосты.
Қазіргі уақытта жобаның көшпелі менторлық кездесулер кезеңі аяқталуға жақын. Келесі кезеңде менторлардың үш бейнесабақ түсіруі жоспарланған. Бұл – жобаның ауқымын кеңейтетін маңызды қадам. Себебі, бейнесабақтар арқылы кездесуге келе алмаған жастар да пайдалы ақпарат алып, менторлардың тәжірибесімен таныса алады.
«Ұлт қазынасы» атауының өзі терең мағынаға ие. Ұлттың қазынасы тек жер қойнауындағы байлық емес, ауылда өсіп жатқан, үлкен арман арқалаған, бірақ, әлі өзіне толық сеніп үлгермеген жастар. Егер сол жастарға дер кезінде бағыт берілсе, олар ертең өз ауылына, өз өңіріне, өз еліне пайдасын тигізетін азаматқа айналады. Менторлар тегін үйретіп, уақытын бөліп, тәжірибесін бөлісіп жүргенімен, олардың еңбегі, тұтас қоғамның дамуына әсер етеді.
Диана ХАДЖАЕВА,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті



