Сәкен КЕЛДІБАЕВ: «Басқа өңірдің көшеті климатты жерсінбейді»
Қаланың көркі де, таза ауасы мен экологиялық тұрақтылығы да жасыл желектің жай-күйіне тікелей байланысты. Алайда, бүгінде шаһар көшелерінде көшеттің күтімі көңіл көншіте ме? Бұл бағытта қандай қателіктерді жіберіп жатырмыз? Осы және өзге де өзекті сауал төңірегінде 50 жылға жуық ғұмырын агрономия саласына арнаған, қараторғайлардың тіршілігін 23 жыл бойы зерттеген тәжірибелі агроном Сәкен Келдібаевпен сұхбаттасқан едік. Саланың қыр-сырын жетік білетін сала маманы қала экологиясы жайында кеңінен қаузады.

– Шаһарда жыл сайын мыңдаған көшет отырғызылады. Оның біразы жерсінбейді. Не себепті кейбірі тамыр жаймай, қурап қалады? Жалпы, Қарағандының климатына төзімді ағаш көп пе?
– Қазіргі таңда отырғызылған ағаштардың тек 30 пайызы ғана жерсінеді. Бұл – төмен көрсеткіш. Негізгі себеп – тиісті күтімнің жоқтығы. Уақытында суарылмайды ауруларынан дер кезінде емдемейді. Тағы бір үлкен қателік – басқа қалалардан, өзге климаттық аймақтан көшет әкеліп отырғызу. Ал, олар біздің ауа райына бейімделе алмайды. Қарағандының климатына төзімді, осы өңірге жерсінетін ағаштар атап айтсақ, Қарағай, Қараағаш, Терек, Ақ қайың.
– Тал отырғызудан бөлек, оны күтіп-баптаудың маңызы зор ғой. Көшет егуде және оны суаруда жиі қандай қателікке ұрынып отырмыз?
– Бізде суару әдісі мүлдем дұрыс емес. Жаңа отырғызылған ағашқа сіңірмей кемінде 50 литр су құйылуы керек. Ал, біз суды бетіне құямыз. Оның көшетке пайдасы жоқ. Оның үстіне, ағашты күн ыстықта суғаруға мүлдем болмайды. Ыстық уақытта жапыраққа су тисе, олар күйіп қалады. Сондай-ақ, құйылған судың 30 пайызы сіңіп үлгермей, бу болып ұшып кетеді.
Ағаштардың да өз ауруы бар. Ол адамның тісіне түскен қаңғұрт сияқты. Ағаш та дәл солай. Күтім болмаса, діңі жарылып, қуыс пайда болып, ауруы асқынады. Кейбір жұқпалы ауруларды құстар таратады. Ауру ағашты шұқыған құс сау ағашқа барып қонғанда, тұмсығы арқылы инфекция жұқтырады. Сондай-ақ, желдің әсерімен де ауру бір-біріне өтеді. Оның үстіне біздің аймақтың топырағы аса құнарлы емес. Сондықтан, әр ағаш ерекше күтімді қажет етеді. Қазір ағаштар дұрыс суарылмағандықтан зардап шегіп жатыр.
– Қарағандыдағы ағаштардың қазіргі жай-күйін қалай бағалайсыз? Әсіресе қай аудандарда мәселе күрделі?
– Бүгінде Қарағандыда алты ірі саябақта 69 мың ағаш өсіп тұр. Соның ішінде, тек Орталық саябақтың өзінде 48 мың ағаш бар екен. Қазіргі таңда Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан ауданында мәселе жиі туындайды. Себебі, бұл аймақтарда құрылыс жұмыстары өте белсенді жүріп жатыр. Құрылыс алаңдары кеңейген сайын жасыл желекке де нұқсан келуде.
– Бір көшеттің толық қалыптасып, экологияға нақты пайда әкелуі үшін қанша уақыт қажет?
– Ол әкелінген көшеттің жасына байланысты. Егер өте жас көшет отырғызсақ, оның толық қалыптасып, алғашқы жемісін беруі немесе қалаға пайда әкелуі үшін кемінде 4-5 жыл күту қажет. Егер 5-6 жастағы ағаштарды отырғызып, жақсы күтім жасаса, олар бірден нәтиже береді. Қарағандының топырағы қоңыр. Ақмола облысында қара топырақ. Сондықтан, сырттан келген талды өзіміздің топыраққа үйрету үшін бап керек.
Дегенмен, қажырлы еңбектің нәтижесі де жоқ емес. Соңғы жылдары қадағалауымыздың арқасында Орталық саябақтың батыс жағында алғаш рет алма бағын аштық. Ағаштар жақсы өсіп, жеміс бере бастады. Өкінішке қарай, бұл жерде де мәдениетсіздік пен салғырттық мәселесі алдымыздан шықты. Біріншіден, бұл жерге көп адам бара бермейтіндіктен, тұрғындар иттерін серуендетуге шығарады. Соның салдарынан иттер таптап, 25 түп алма ағашымызды сындырып кетті. Екінші мәселе – кішкентай балалар. Олардың алманы үзіп жеп, қалтасына салып жегеніне еш қарсылығымыз жоқ. Алайда, олар ағаш бұтағын да қоса жұлып, сындырып кетеді. Бұған да ата-аналар тарапынан бақылау керек.
– Қазіргі көгалдандыру бағдарламалары мен экологиялық акциялардың барысы туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінде көгалдандыру мәселесі өте күрделі. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аударып, бірнеше ауқымды акцияларды қолға алды. Тиісті жұмыстар атқарылып та жатыр. Бірақ, кейбірі осы істі аяғына дейін жеткізбейді.
Біздің табиғатсыз күніміз жоқ. Табиғаттың бізге мұңын шағатын тілі де жоқ. Бірақ, біз саналы адам ретінде оның бәрін сезіп, түсінуіміз керек. Ең басты қауіп – мамандардың тапшылығы. Астана, Алматы секілді ірі қалаларда сала қызметкерлерін арнайы оқытып, маман шығарады. Ал, Қарағандыда агроном-көгалдандырушыларды даярлайтын жеке оқыту пәні де, мамандық та жоқ. Әр істің өз маманы болуы шарт. Сонда ғана ісіміз алға басады.
– Қала болашағы үшін шырылдаған жанайқайыңыз бен мазмұнды сұхбатыңызға көп рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Жанерке ДӘУЛЕТБЕК,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті



