Бас тақырып

Бизнеске бет бұрған бұрымдылар

Қазір әйелдердің қоғам­дағы рөлі бұрынғыдан әлдеқайда кең. Бір кездері от­басының ұйытқысы, ша­ңы­рақтың берекесін кел­тіруші ретінде ғана танылған нәзік жандар бүгінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал еткен маңызды күшке айналды. Олар ғылымда, білімде, медицинада, саясатта ғана емес, кәсіпкерлікте де өз мүмкіндіктерін дәлелдеп келеді. Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы – соңғы жылдардағы ең маңызды әлеуметтік-экономикалық құбылыстың бірі. Әсіресе, өңірлерде әйелдердің бизнеске белсенді араласуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-­ауқатының жақ­саруына және экономика­ның тұрақты дамуына ықпал етуде.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Соңғы жылдары әйелдер­дің кәсіпкерлікке деген қызығу­шылығы артуда. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың кө­беюі, қаржылық қолдау тетіктерінің же­тілдірілуі және қоғамдағы көзқарастың өзгеруі әсер етті. Қыз-келіншек енді тек жұмыс іздеуші емес, жұмыс беруші. Олар тәуекелге барып, жаңа жобаларды қолға алып, өзгелерге үлгі. Бұл үрдіс, әсіресе, Қарағанды облысында анық байқалады.

Қарағанды облысының статис­тика департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша өңірде 27 855 заңды тұлға тіркелген. Оның 22 793-і белсенді жұмыс істеп тұр. Ал, тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 19 462 бірлікті құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендегенімен, өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің жоғары деңгейде сақталып отырғанын аңғартады.

Әйелдер басқаратын кәсіпорындар бүгінде экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейді. Олар білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету, сауда, өндіріс, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік кәсіпкерлік бағыттарында табыс­ты. Бұл өз кезегінде әйелдердің тек белгілі бір саламен шектелмейтінін, кез келген бағытта табысқа жете алатынын дәлелдейді. Дегенмен, кәсіпкерлік жолы әрдайым оңай емес. Әсіресе, әйелдер үшін бұл жолдың өзіндік қиындықтары бар. Бір жағынан отбасы мен бала тәрбиесі, екінші жағынан кәсіпті дамыту жауапкершілігі. Көптеген әйелдер бизнесті нөлден бастайды.

Қаржылық ресурстардың жетіспеуі, тәжірибенің аздығы, нарықтағы бәсекелестік секілді мәселелер олардың алдынан жиі шығады. Осындай жағдайда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ерекше маңызға ие.

Облыста 35 жасқа дейінгі 29 875 дара кәсіпкер тіркелсе, олардың 15 198-і әйелдер. Яғни, жас кәсіпкерлер арасындағы әйел­дердің үлесі ер-азаматтардан жоғары. Оның үстіне жұмыс істеп тұрған жас кәсіпкерлердің саны 28 056-ны құрайды, оның 14 245-і – әйелдер. Бұл көрсеткіш жастар арасында кәсіпкерлікке бет бұрған нәзік жандардың белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Іскер әйелдер кеңесінің де атқарып отырған жұмысы ауқымды.

Әсіресе, әйелдер кәсіпкерлігі сауда мен қызмет көрсету саласында айқын байқалады. Статистикаға сәйкес, көтерме және бөлшек сауда саласында тіркелген жас кәсіпкер әйелдер саны 7 мыңнан асса, түрлі қызмет көрсету бағытында 3 мыңнан астам әйел еңбек етуде. Сонымен қатар, білім беру, кәсіби және ғылыми қызмет, жылжымайтын мүлік операциялары сияқты салаларда да әйелдердің үлесі жоғары.

Қарағанды қаласының өзінде 35 жасқа дейінгі 17 562 кәсіпкер тіркелген болса, олардың 9 061-і әйелдер. Ал, нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер арасында әйелдердің саны 8 495 адамды құрайды. Бұл қаладағы кәсіпкерлік ортаның әйелдердің бастамалары мен бизнес идеяларын жүзеге асыруға қолайлы екенін аңғартады.

Кәсіпкерлік саласында табысқа жеткен қыз-келіншектің бірі – Гүлмира Түсіпбек. Ол – қаржылық кеңесші, «Кемел жастар» жасөспірімдерге арналған дамыту орталығының негізін қалаушы, University KEMENGER кураторы, KIT бизнес қауымдастығының резиденті және Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігінің белсенді өкілдерінің бірі. Сонымен қатар, ол балалар мен ересектерге қаржылық сауаттылықты үйретіп, тұлғалық даму бағытында түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның есімі «300 Қайраткер» кітабына енгізген. Кәсіпкердің басты миссиясы – жасөспірімдердің өзіне деген сенімділігін арттыру, қаржылық сауаттылықты дамыту және олардың өмірде өз орнын табуына көмектесу.

Гүлмира Түсіпбектің айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы – қоғамдағы оң өзгерістердің айқын көрінісі.

– Бүгінде әйелдер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғам мен экономиканың белсенді қатысушысына айналды. Соңғы жылдары Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі қарқынды дамып келеді. Көптеген нәзік жандар өз кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын құрып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Бұл – әйелдердің өз мүмкіндіктерін жүзеге асырып, қаржылық тәуелсіздікке ұмтылуының нәтижесі, – дейді ол.

Кәсіпкердің өзі де мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін дамытуға мүмкіндік алған жандардың бірі. Екі жыл бұрын ол Қарағанды облыс әкімінің 1,4 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантын ұтып алған. Бұл қаржы «Кемел жастар» дамыту орталығына қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталған. Нәтижесінде орталықтың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жасөспірімдерге арналған бағдарламалардың сапасы мен мүмкіндігі кеңейген.

Оның айтуынша, грантқа қол жеткізудің басты шарты – сапалы дайындалған бизнес-жоспар.

– Мемлекеттік грантқа қатысу үшін идеяның болуы жеткіліксіз. Жобаның тиімділігін дәлелдейтін нақты бизнес-жоспар қажет. Оны арнайы комиссия алдында қорғау керек. Грант жеңіп алғаннан кейін де жауапкершілік артады. Комиссия мүшелері жыл сайын келіп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексереді. Сондықтан, мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдалану маңызды, – дейді Гүлмира Түсіпбек.

Оның пікірінше, бүгінде әйел­дерге арналған қолдау тетіктері айтарлықтай кеңейген. Жеңілдетілген несиелер, қайтарымсыз гранттар, оқыту бағдарламалары мен тәлімгерлік жобалар көптеген әйелдердің кәсіпкерлікке келуіне жол ашты.

– Әйелдер бизнестен тарты­нып, оны жатсынбауы керек. Әрбір жетістік алғашқы қадамнан басталады. Кәсіпкерлік – тек табыс табудың жолы емес, ол қоғамға пайда әкелудің, жаңа жұмыс орындарын құрудың және өз әлеуетіңді жүзеге асырудың мүмкіндігі. Әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы өңір экономикасының өсуіне ғана емес, қоғам әл-ауқатының артуына да ықпал етеді, – деп түйін­дейді кәсіпкер.

Осындай нақты мысалдар Қа­рағанды облысында әйелдер кә­сіпкерлігінің әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, сауда және әлеуметтік кәсіпкерлік салаларында еңбек етіп, өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Қазақ қоғамында әйел әрдайым отбасының берекесі мен ұрпақ тәрбиесінің негізі саналған.

Бүгінгі бұрымдылар бизнестің жаңа келбетін қалыптастыруда. Олар батылдық пен жауапкершіліктің, табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісі. Қарағанды облысындағы кәсіпкер әйелдердің жетістігі – соның жарқын дәлелі. Мемлекет қолдауы, қоғам сенімі және әйелдердің өз күшіне деген сенімі үйлесім тапқан кезде кез келген идеяның табысты жобаға айналатыны анық.

Диляра ЖАНБЫРБАЕВА,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button