Облыс әкімінің есебі қарсаңында

Мемлекеттік сатып алу – ашықтық кепілі

Мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуы саласында, оның ішінде, оларды өткізуді орталықтандыру арқылы, оған отандық бизнестің толыққанды қолжетімділігін қамтамасыз ету, тиімділік пен ашықтықты арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністерін төмендету мақсатында заңнаманы және құқыққолдану практикасын жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау Қазақстан Республикасы Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарды іске асыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқаруда.

Мәселен, 2021 жылғы 15 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды.

Осы Заң, жекелеген ережелерді қоспағанда, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Заңның негізгі новеллалары «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға келесі түзетулер болып табылады:

Біріншіден, бір көзден сатып алудың 52 негізінен 4 жағдай алынып тасталады:

8) жаңарту тәртібімен шығарылатын мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сатып алуға құқығы бар;

19) жеке тұлғалар үшін мемлекеттік білім беру тапсырысына байланысты көрсетілетін қызметтерді сатып алу (егер жеке тұлға білім беру ұйымын өз бетінше таңдаған жағдайда);

37) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тұлғадан мүлікті сенімгерлік басқару бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

42) 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, сондай-ақ 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен қызметтерді сатып алу.

Екіншіден, тапсырыс берушінің сатып алудың бәсекелестік тәсілдерін басым жүзеге асыруы туралы норма көзделеді. Осы тетікті пайдалану мүмкін болмаған жағдайда ғана (интернетке қолжетімділік, жеткізу мүмкін еместігі және басқасы) бір көзден сатып алу жүзеге асырылатын болады.

Бұл ретте, бір көзден сатып алу бойынша Тапсырыс берушінің бірінші басшысының дербес жауапкершілігі туралы норма көзделеді. Бұл бір көзден сатып алуды қысқартуға мүмкіндік береді.

Рәсімдерді оңайлату мақсатында негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі. Бұл әдісті орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шеңберінде бірыңғай ұйымдастырушылар қолданатын болады.

Бірінші кезеңде негіздемелік келісім жасалатын белгіленген талаптарға сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілер іріктелетін болады. Екінші кезеңде тапсырыс берушілер мұндай өнім берушілерге тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға өтінімдер жіберетін болады. Шарт ең жақсы ұсынысты ұсынған жеткізушілермен жасалады.

Сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өмірлік циклінің құнын есептеуді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі.

Сапалы және инновациялық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ынталандыру мақсатында өнім берушілерді сатып алу бағасының негізінде емес, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бүкіл қызмет ету мерзімінің құны негізінде таңдау ұсынылады (осы норма 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).

Дауларды сотқа дейін реттеу шеңберінде тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган ретінде «келісу комиссиясын» енгізу көзделеді. Келісу комиссиясы шарт жасасудан жалтарған және мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілердің өтініштерін қарау үшін тапсырыс берушілердің базасында құрылатын болады.

Аукционға қатысушылар арасындағы сөз байласуды болдырмау мақсатында аукционды өткізу дәйектілігі қайта қаралды. Енді, бірінші кезеңде аукционға қатысушылар арасында өткізілетін есімдері жасырын болады. Бұл олардың арасындағы қастандық фактілерін жояды. Екінші кезеңде, бағасы ең төмен болып табылатын аукционға қатысушының өтінімі қаралатын болады. Оның өтінімі сатып алу талаптарына сәйкес келген жағдайда аукцион қорытындылары аукционға қатысушылардың басқа өтінімдерін ашпай бірден қалыптастырылады.

Сондай-ақ, рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізілуде. Бұл әдіс мемлекеттік сатып алу процесіне адамның қатысуын болдырмау мақсатында енгізіледі.

Мемлекеттік сатып алудың электрондық жүйесін кеңінен интеграциялау арқылы веб-портал әлеуетті өнім берушілерге автоматты түрде тиісті рейтинг беретін болады. Бұл баға мен сапа критерийлерін біріктіре отырып, жеткізушіні автоматты таңдауға көшуге мүмкіндік береді.

Бір көзден 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды және 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстарды, қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру мүмкіндігінің болмауына байланысты электрондық дүкен түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі.

Бұл тәсіл жеткізушілерді таңдаудың объективті және ашық өлшемдерін пайдаланатын болады және онлайн режимде сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, мемлекеттік сатып алу жөніндегі қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесінің заңнама деңгейінде елеулі өзгерістерге ұшырайтынын дәлелдейді және Үкіметтің осы жүйені жаңғыртуға деген бұлжымас ұмтылысын көрсетеді.

Жалпы Қарағанды облысы бойынша 2021 жылы жалпы сомасы 216,5 млрд.теңгеге 4 422 конкурс/аукцион өткізілді. Өткізілген сатып алулардан шартты үнемдеу 23,0 млрд. теңгені құрады.

Мемлекеттік сатып алу басқармасы 2021 жылы мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы ретінде 151,5 млрд. теңге сомасына 267 конкурс/аукцион өткізді. Өткізілген сатып алулардан шартты үнемдеу 13,1 млрд. теңгені құрады.

Өткен жылдардың тәжірибесі жеткілікті бәсекелестік орта құру үнемдеу үлесін арттыратынын көрсетеді. Орташа алғанда, бұл бір көзден сатып алуларға қарағанда 4-5 есе көп.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында отандық тауар өндірушілерді қолдау және мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық қамтуды ұлғайту міндеті қойылғанын атап өткім келеді.

2021 жылдың қорытындысы бойынша «қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде нысаналы индикаторларға өнеркәсіптің барлық салалары бойынша қол жеткізілді. Өнеркәсіптің 8 саласы бойынша жергілікті қамтудың орташа үлесі 62,1%-ды немесе 9,6 млрд. теңгені, сатып алу фактісі кезінде 15,4 млрд. теңгені құрады. Анықтама. 8 сала бойынша жергілікті қамтудың үлесі:

жиһаз өнеркәсібі бойынша – 81,8% немесе 393 млн. теңге (жоспар – 66,3%);

жеңіл өнеркәсіп бойынша – 82% немесе 1 млрд. 137 млн. теңге (жоспар – 65,5%);

құрылыс материалдары бойынша – 83,2% немесе 235 млн. теңге (жоспар – 67,1%);

тамақ өнеркәсібі-92,5% немесе 2 млрд. 75 млн. теңге (жоспар – 48%);

машина жасау бойынша – 35,4% немесе 2 млрд. 10 млн. теңге (жоспар-20,3%);

химия өнеркәсібі бойынша – 65,4% немесе 1 млрд. 404 млн. теңге (жоспар – 36,2%);

фармацевтика өнеркәсібі бойынша – 45% немесе 254 млн. теңге (жоспар – 32,3%);

целлюлоза-қағаз өнеркәсібі бойынша – 77,9% немесе 2 млрд. 104 млн. теңге (жоспар – 53,7%).

Деректердің дұрыстығы есептілікті жинау процесін автоматтандыру есебінен қамтамасыз етілді.

ҚР Премьер-Министрінің 27.03.2020 жылы өкіміне сәйкес Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру шарттарының бірі өндірушілерден инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға көзделген қаражаттың жалпы көлемінің отандық тауарлар жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуда кемінде 90% қамтамасыз ету болып табылады. Қарағанды облысы осы өкімді толық орындады. Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру шеңберінде жалпы облыс бойынша жергілікті қамтудың үлесі 93,4%-ды немесе 2 628 млн. теңгені құрады, материалдарды сатып алу фактісі кезінде 2 813 млн. теңге сомасында.

Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде 2021 жылы жалпы сомасы 8 млрд. 765 млн. теңгеге 9 жоба іске асырылды.

Бұл үрдіс отандық тауар өндірушілерді қолдауға оң әсерін тигізді.

Басқарма тарапынан тұрақты негізде мемлекеттік сатып алу процесін заңнамалық реттеу мәселелері бойынша талдау жүргізу жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне заңнаманы жетілдіру жөнінде тиісті ұсыныстар жасалынып отырылады.

2022 жылы Мемлекеттік сатып алу басқармасының жұмысы облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, аудандардың/қалалардың және квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік сатып алуға талдау ұйымдастыруына және жүргізуіне, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамтуды ұлғайту жолымен отандық тауар өндірушілерді қолдауға және 2021 жылға белгіленген нысаналы индикаторларды орындауға бағытталатын болады.

Қорытындылай келе, біздің басқарма әрдайым ашық және мемлекеттік сатып алу саласындағы қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша қажетті кеңес беруге дайын екенін атап өткім келеді.

Нұрлан ӘЛІМЖАНОВ, Қарағанды облысы мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button