Облыс әкімінің есебі қарсаңында

Ішкі саяси тұрақтылық – қоғамның үйлесімді даму негізі

Ішкі саясат басқармасының қызметі 2021 жылы өңірдің ішкі саяси тұрақтылығын нығайтуға, ел басшылығы қойған міндеттерді шешу үшін облыстың барлық қоғамдық күштерін біріктіруге бағытталды. Есепті жылдың барлық іс-шаралары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтті. Сондай-ақ, оқиғалар қатарында Ә.Бөкейхановтың 155 жылдығы, Ә.Ермековтің 130 жылдығы, Қ. Аманжоловтың 110 жылдығы сынды белгілі тарихи тұлғалардың айтулы мерейтойлары бар.

2021 жылы облыс бойынша барлығы 6000-нан астам қоғамдық-маңызды іс-шаралар өтті десек, халықаралық деңгейде – 8, республикалық деңгейде – 22, облыстық деңгейде – 228, қалалар мен аудандар деңгейінде – 5,7 мыңнан астам іс-шара өткізілді.

Басқарма 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған облыс әкімінің салтанатты қабылдауын, Қазақстан халқының бірлігі күніне, Мемлекеттік рәміздер күніне, Конституция күніне, Тұңғыш Президент күніне арналған іс-шараларды, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиналысты және тағы басқа осындай шараларды ұйымдастыруға мұрындық болды.

Жалпы, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлауға тоқталсақ, мерейтойды атап өту жөніндегі республикалық кеңсе мониторингінің нәтижелері бойынша жыл бойы облысымыз барлық көрсеткіштер бойынша (іс-шаралар саны, мазмұны, қамтылуы, БАҚ-та жариялануы және т.б.) алдыңғы қатардағы үштіктен көрінді.

Осы бағыттағы тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік рәміздердің дұрыс қолданылуын насихаттау және бақылау. Біз – Мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдану жөніндегі комиссияның жұмыс органымыз.

Биыл аталған комиссияның 2 отырысы өтті. Жұмыс тобы қалалар мен аудандарда болып, 78 нысанда мемлекеттік рәміздерді қолдану ережелерінің сақталуын тексерді. «Мемлекеттік рәміздерді насихаттаудың нысандары мен әдістері» тақырыбына семинар өткізіліп, 2000 дана көлемінде материалдар шығарылды. Мемлекеттік Елтаңба авторы, Мемлекет және қоғам қайраткері Жандарбек Мәлібекұлының қатысуымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбынды, Туымен тұғырлы» атты онлайн «дөңгелек үстел» өткізілді.

Облыста басты бағдарламалық құжаттарды, мемлекеттік бағдарламаларды және Президенттің Қазақстан халқына Жолдауларын түсіндіру бойынша облыстық басқармалардың басшылары, облыстық мәслихаттың депутаттары, ғалымдар, спикерлер, қоғам қайраткерлерінен құралған 561 насихаттаушы 19 ақпараттық-насихаттау тобында жұмыс істейді.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, бұл топтар ZOOM режимінде 157 000 адам қатысқан 1 000- нан астам кездесу өткізді.

Жыл сайын ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері үшін әдістемелік ұсынымдар шығарылады. Биыл олардың таралымы 1300 данаға жетті.

Ішкі саясат басқармасы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. 2021 жылы өңірде бағдарламаның 6 бағыты, 17 арнайы жобасы аясында шамамен 1,5 млн. адам қамтылған 2500-ге жуық іс-шара/ жоба іске асырылды.

Сонымен қатар, республикалық «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында жыл басынан 4114 іс-шара жүзеге асырылып, 30832 мұқтаж жан көмек алды.

Жалпы, «Қайырымды істер марафоны» қорытындылары бойынша облысымыз «Ең мейірімді өңір» номинациясында 3 орынды иеленді. Ал «Ең мейірімді ЖОО» номинациясында академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жеңіске жетті. Қарағандылықтар сондай-ақ, республикалық «Жомарт жүрек» байқауының да жеңімпаздары. «Туған өлке» номинациясы бойынша Нұрлан Қалтаев, «Жыл меценаты» номинациясы бойынша Сапар Ибкеев, «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша Бақтыбай Жүнісов үздік деп танылды. Осындай еңбектері еленген азаматтар облысымыздың мерейін асқақтатары сөзсіз!

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан өңірлерінде іске асырылып жатқан үздік жобалар қатарында «Менің атам, менің әжем» және «Жетістік формуласы» жобалары бар.

Әрине, аталмыш бағдарлама жобаларының ең маңыздысы – «Қасым үйінің» ашылуы. Үйдің салтанатты ашылуы есепті жылдың соңында өтті.

Біз мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға ерекше назар аударамыз.

Қарағанды облысы республика көлеміндегі бұқаралық ақпарат құралдарында жиі аталатын өңірдің бірі және Қазақстандағы БАҚ саны бойынша үшінші орында. Қазір облыста 206 БАҚ тіркелген.

Маңызды қоғамдық іс-шараларды жария ету және стратегиялық мемлекеттік құжаттарды түсіндіру бойынша біз 15 медиа-жоспар әзірлеп, іске асырдық.

ӨКҚ алаңы жұмыс істейді. Алаңда қалалар мен аудандар әкімдерінің, облыстық басқармалар, департаменттер, комитеттер басшыларының брифингтері өтеді. Жыл басынан бері өткені – 141.

Осынау күрделі кезеңді ескере отырып, біз әлеуметтік желілердегі жұмысты реттеу үшін белсенді шаралар қабылдаудамыз. Осылайша, Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының әкімдері халықпен тікелей байланыс орнату үшін әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, Twitter) дербес аккаунттар ашты.

Ай сайын 14.07.2020 жылдан қалалар мен аудандардың әкімдері әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында «Әкім сағатын» өткізіп, онда 107364 адам қамтылды, ал, әкімдерге келіп түскен сұрақтардың жалпы саны – 32500.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін мемлекеттік қолдау мақсатында 2006 жылдан 14 жыл қатарынан Қарағанды облысы әкімінің «Алтын Сұңқар» сыйлығына байқау жарияланады. Биыл 11 БАҚ өкілі сыйлық иегері болды десек, 2006 жылдан 212 журналист пен 8 БАҚ ұжымы марапатқа ие болғанын айту керек.

Басқарма өткен жылы баспасөз қызметінің мамандары, БАҚ өкілдері үшін 5 семинар ұйымдастырды. Бұл семинарлардың басты мақсаты – БАҚ өкілдері мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жолға қою.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында азаматтық-саяси сектор ерекше рөл атқарады.

Қазіргі уақытта облыста саяси партиялардың 6 филиалы жұмыс істейді. Олар: «Nur Otan», «Ақ жол» ҚДП, ҚХП, «Ауыл» ХДПП, «Адал», ЖСДП. Үкіметтік емес секторға келетін болсақ, облыста 1157 үкіметтік емес ұйым тіркелген (2021 жылы – 1300, 2020 жылы – 1283).

Үкіметтік емес ұйымдарды халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге тарту үшін мемлекеттік органдар әлеуметтік тапсырыс қалыптастырады (МОӘТ). Ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жөніндегі облыстық және өңірлік кеңестер жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда Басқарма 13 әлеуметтік, оның ішінде ұзақ мерзімді (2020-2022 жылдар) 9 жобаны іске асырады. Олар қоғамдық келісімді нығайтуға, жаңа қазақстандық патриотизм құндылықтарын дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың ақпараттық орталығы жұмыс істейді.

Бірқатар жобалар (7 жоба) «Ұлттық Рухани жаңғыру» бағдарламасына енгізілді, бұл оны тиімді іске асыруға ықпал етпек.

Жалпы, облыста 200-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда, олардың жалпы құны шамамен 3 млрд. 22 млн. теңге.

Үкіметтік емес ұйымдар «Ұлттық Рухани жаңғыру» ұлттық жобасын іске асыруда маңызды орын алады. Олар әлеуметтік маңызы бар «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» сияқты кіші жобаларды іске асырады.

Әлеуметтік зерттеулердің деректері бойынша сауалнамаға қатысқандардың 74,5%-ы азаматтық қоғам институттарының облыс өміріне әсер бар деп санайтындықтарын көрсеткен. Респонденттер заманауи үкіметтік емес ұйымдарды өз ісінің маманы ретінде сипаттайды.

Биылғы жылы біз әлеуметтік тапсырыс ресурстарын, өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер сияқты диалогтық алаңдарды пайдалана отырып, ҮЕҰ әлеуетін дамытуды жалғастырамыз. Кейіннен нақ осы үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік өзгерістердің агенттері болуы тиіс.

Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті мен белсенді өмірлік ұстанымы болашаққа деген осындай батыл жоспарлар жасауға мүмкіндік береді деген ойдамыз.

Азаматтық қоғам институттары мен этномәдени бірлестіктердің өзара іс-қимылын кеңейтуге ерекше мән беріледі.

Этносаралық қатынастар саласындағы жұмыс Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз қарым-қатынаста құрылған.

Бүгінде өңірдегі ҚХА құрылымында 216 Қоғамдық келісім кеңесі, 189 Аналар кеңесі, жастардың 19 этномәдени ұйымы, Ғылыми-сараптамалық топ, Журналистер мен сарапшылар клубы, Қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер клубы, жастардың «Ассамблея жастары» қозғалысы, ҚХА кәсіпкерлері қауымдастығы, «Aibyn-Arqa» әскери-патриоттық клубы, «Еріктілер лигасы» ұйымы және тағы да басқа ұйымдар жұмыс атқарып келеді.

Облыстың 4 жетекші жоғары оқу орындарының базасында ҚХА кафедралары ашылып, табысты жұмыс істеуде.

Облыс бойынша 5 Достық үйі жұмыс істейді.

Өңірдің мәдени өміріне этномәдени бірлестіктердің 100 шығармашылық ұжымы үлестерін қосуда. 287 медиатор жұмыс істейді. ҚХА қызметінің бағыттары жайлы айтар болсақ, олар төрт базалық жобада көрініс тапқан, атап айтсақ:

– Жалпыазаматтық бірегейлікті қалыптастыру;

– Қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени дәріптеу;

– Полиэтникалық Қазақстан: этномәдени генезис;

– Этносаралық ортадағы ықтимал қақтығыс көріністерін қабылдамауға бағытталған әлеуметтік ұстанымдарды қалыптастыру арқылы медиация институтын дамыту.

Есепті 2021 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдарының қатысуымен 90 мыңнан астам адам қамтылған 400-ге жуық түрлі форматтағы іс-шаралар (дөңгелек үстелдер, фестивальдар, конкурстар, оның ішінде онлайн форматтағы іс-шаралар) өткізілді. Облыстың этномәдени бірлестіктері мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді меңгеруге, үйренуге елеулі үлес қосуда. Достық үйлерінің жанынан қазақ халық шығармашылығын дәріптеу, мемлекеттік тілді үйрену орталықтары құрылған. Мәселен, «Күй-керуен» орталығын, «Арқаның ақындар мектебі», «Қазақтану» кабинетін айтуға болады. Есеп беру кезеңінде 80 адам оқытылған «Мәміле» жағдаяттық ауызекі қазақ тілі клубы табысты жұмыс жасағанын айту керек.

ШОБ саласында мемлекеттік тілді өзектілендіру үшін ұйымдастырылған «Мен қазақ тілінде қызмет көрсете аламын» және «Мен қазақша сөйлей аламын» конкурстары өңір жұртшылығы тарапынан көптеген оң пікірлер мен қолдауға ие болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелері, облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады, ел басшылығының өңір алдына қойған міндеттерін шешуге елеулі үлес қосады.

Жалпы, ішкі саясат саласында қабылданатын шаралар кешені өңірдегі тұрақты қоғамдық-саяси ахуал туралы айтуға мүмкіндік береді.

2022 жылдың басы барлық қазақстандықтар үшін «қайғылы қаңтар» оқиғаларымен белгілі. Биылғы жылы басқарманың қызметі, ең алдымен, Мемлекет басшысының «Қайғылы қаңтар» сабақтары: қоғам бірлігі – Тәуелсіздік кепілі» атты баяндамасында қойылған міндеттерді іске асыруға бағытталады. «Қайғылы қаңтар» сабағы жайлы айтқанда ішкі саяси тұрақтылықтың аса маңызды екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті.

2022 жылғы оқиғалар қатарына Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы, ҰҚШҰ құрылғанына 30 жыл, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл сияқты атаулы күндер енді.

Сондай-ақ, биыл С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 90 жылдығы атап өтілетінін айта кеткен жөн.

Биыл Қазыбек биге 355 жыл, Ғабиден Мұстафинге 120 жыл, жерлесіміз Шолпан Жандарбековаға 100 жыл және Ақселеу Сейдімбековке 80 жыл.

Өткен жыл бәріміз үшін оңай болған жоқ. Коронавирус пандемиясы жоспарларға көптеген түзетулер енгізді.

Биылғы жыл өте мазмұнды және өте жауапты жыл болмақ.

Белсенді азаматтық ұстаныммен алға қойылған міндеттерді шешуде біздің сенімді серіктесіміз болған, барлық іс-әрекеттерімізді бағалай отырып, өз көзқарасын білдірген, сол арқылы қызметімізге дұрыс бағыт берген өңір жұртшылығына алғысымызды білдіреміз.

Баршаңызды Президентіміз Қ.Тоқаевтың төңірегінде топтасып, оның алға қойған міндеттерін шешу үшін бар күш-жігерді жұмсауға шақырамыз. Біздің күшіміз – бірлікте!

Ерлан ҚҰСАЙЫНОВ, Ішкі саясат басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button