РуханиятТұлға

Рамазанның жұлдызы

Жан досым Рамазанның өмірден өткеніне де міне, бір мүшел толыпты-ау! …Сені жерлеп келген күні түнімен көз ілмедім. Өз қолыммен топырақ салып келсем де сене алар емеспін. Төсекте тыпыршып жата алмай, бөлменің жарығын жақпастан кітапханама барып кішкене креслоға шалқая кеттім. Байыз таппай терезе алдына келіп, қара бұлт көшкен аспанға қарап тұрмын. Қатты жел қуалаған қалың бұлт сенімен қимай қоштасқан қарағандылықтар сияқты қара жамылып тұрғандай. Құйып өткен жаңбыр қайғырғандардың көз жасындай, бірде ашылып, бірде сорғалап, енді бірде тоқтаусыз нөсерлетіп, бұлттар көшіп барады… Көз алдымнан кетер емессің…

Бас режиссер М.Қамбаров Б.Майлиннің «Жалбыр» драмасын қойғанда музыка училищесінің оркестрімен келіп сүйемелдегенде алғаш танысқанбыз. Ол кезде театрда Қапиза Сағынаева, Қарлығаш Асқарова, сол жылы келген Сердеш Қажымұратов, мен – төртеуіміз өзіңе барып танысқанбыз. Училищеде оқыған Қарлығаш өзіңмен таныстырған еді. Сол 1971 жылы басталған таныстығымыз ұлы достыққа айналып, отбасымызбен араласып, туған бауырдай болып кетіп едік-ау! Сыйластығымыз сондай, екі жас үлкендігімді алға салып, кетер-кеткенше төрді маған беріп, «аға, сіз шығыңыз» деп өттің-ау, шіркін!

Аспанда көшкен бұлтқа қарап тұрып көзімнен жас сорғалай жөнелді. Бірін-бірі қуалаған қалың бұлттың сиреген арасынан ашылыңқырап, аспаннан жұлдыз жарқ етті. «Рамазанның жұлдызы» деп айтып үлгердім. «Иә, иә, менің жан досым – Рамазанның жұлдызы!». Рас, көп әртістерде бола бермейтін жұлдызды шақтар сенде молынан болды. Жарқырап, көрермендерді ерекше қуанышқа бөлеген сәттерің қанша?! Өйткені, сені Алла Тағала табиғи дарынмен шомылдырып, талант рухына бөледі. Сен сұңғыла едің! Қаллеки (Қалибек Қуанышбаев) атаң, Шәкен (Шәкен Айманов) ағаң сияқты арнайы білімің болмаса да, өнердің шыңына табиғи талантыңмен жеткен жігерлі де ізденімпаз, нағыз сахнаның серісі едің-ау, жан досым! Сенің талантыңды алғаш ашқан режиссер Жақаң (Жақып Омаров) еді. Екеуімізді екі жағына ертіп алып өмірде де, сахнада да баптап тәрбиелеген ұстазымыз ғой. Еркелететін, керек кезінде «сойып та» алатын-ды. Біздерді академик Е.Бөкетов, жазушы Ж.Бектұров, А.Сейдімбеков секілді қазақтың біртуар азаматтарымен таныстырып, табыстырған, ұлттық тәрбиенің жолына салып, руханият әлемінің биік шыңын бағындыруға бағыт сілтеп, адаспайтын жолды көрсеткен тұлғалармен орталарына алып тәрбиелеген. Біздерден, көп үміт күткен. Сенген. Сен сол ағалардың сенімін ақтадың. Салған әніңді ұнатушы еді. Естайдың «Қоштасуын» тыңдағанда академик Е.Бөкетов көзіне жас алған. Ақселеу аға басын шайқап отырып, қатты күрсінген. Ж.Бектұров тамсанып отырып, жүрегі езіле кемсеңдеген. Иманжүсіптің әнін Ерментау өңірінен жазып әкеліп, алғаш Қазақ радиосынан сол кемеңгер ағалардың қолдауымен 1973 жылы елге таратқан едің. Сенің жұлдызды сәттерің екен. Алматыдағы гастрольдік сапарымызда (1975) С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдеріндегі» Қасым бейнесімен сахна өнеріне жарқыраған жаңа есім келгеніне ел куә болды. Сахнаның белді қайраткерлері профессор А.Тоқпановтан бастап сыншылар Б.Құндақбаев, Ә.Сығай, Қ.Уәлиевтер тұла бойы тұнған өнер талантының кәусар қойнаурына кезіккендей бұлақ көзін ашуға қамқорлық жасауға жағдай тудырды. Саған Ж.Омаровтан бастап әйгілі режиссерлер арнайы спектакльдер қоюды, өзіңмен сахнада жұмыс жасауды мақсат тұтты. Әсіресе, әлем сахнасында аты жайылған, актерлік шеберліктің академигі Н.Жантөринмен шабыттана ойнаған Шекспирдің «Макбет» трагедиясындағы Банко бейнесі қандай еді?! Академик Е.Бөкетов аударған, Ж.Омаров қойған трагедия қазақ сахнасындағы құбылыс болып, Қарағанды театры тарихында қатталып қалды.

Сенің ұлттық сахна өнерінің айдынында шығармашылықтың шарықтау биігіне көтеріліп таңдай қақтырған кезеңің 1980 жыл мен өміріңнің соңына дейінгі аралық. Сен сол шақтарда бас режиссер Е.Тәпенов қойған спектакльдерде әлем классиктері Еврепид, Шекспир, Гоголь, Ғ.Мүсірепов драмаларында жасындай жарқырап көріндің. Профессор А.Тоқпанов, көрнекті әдебиет сыншысы, жазушы-драматург А.Сүлейменов, театр сыншылары Ә.Сығай, Б.Құндақбаев, Қ.Уәлиев, тағы басқалары сені құттықтап жатқанын көргенбіз. Көріп тұрып өзіңдей сұңғыла қайраткердің Қарағанды театрында болғанына мақтанып қуанғанбыз. Өйткені, сенің ұлттық сахна өнерінің мақтанышына айналғандығыңды көру – теңдессіз қуаныш еді. Сол 1986 жылғы Алматы гастролінен кейін сен актерлік шеберлігіңнің шарықтау шегіне жетіп, Қазақ сахна өнерінде айтулы тұлға Рамазан Баймағанбетов бар екенін мойындаттың. Нағыз шеберліктің үлгісін көрсеттің…

Қазақстанның Халық әртісі М.Байсеркенов қойған Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» драмасындағы Есенейің қандай еді! Тура Ұлы Даланың көкжал қолбасшыларындай кесек тұлға етіп, граниттен қашалғандай көрнекті болып шықты ғой.

Сен сомдаған рольдер жүзден асады. Бәрі де жақсы дайындалған, өзіңе ғана тән қолтаңбамен көрермендерге жетіп, жақсы қабылданды. Мен тек солардың ішінде жұлдыздай жарқыраған, елді тамсандырған, биік шеберлікпен сомдаған кейіпкерлерді ғана атап отырмын. Әсіресе, өзіңнің досың, театрымыздың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Оразбеков қойған Ш.Айтматов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Г.Горин, Ж.Ануи, Д.Исабеков, Ә.Тарази драматургияларында сен сомдаған кейіпкерлер күні бүгінге дейін ел аузында. Талай шетелдерде халықаралық театрлар фестивальдерінде сенің қатысуыңмен жоғары бағаға ие болып еді-ау. Қай фестиваль болсын, алдымен сенің талантыңды бағалап, сенің дарыныңа қол соғып, қошемет көрсететін. Көптеген фестивальдерде Гран-при, жүлделі орындар алуымыз шынында да сенің шеберлігіңмен байланысты еді-ау!

…Міне, сенің өмірден өткеніңе де – 12 жыл. 70 жылдығыңды сенсіз атап өтеміз. Сені қарағандылықтар ұмытқан жоқ, ұмытпайды да.

Жұлдызың жоғары!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

Басқа материалдар

Back to top button