Тарих

Қара суды сапырғанмен май шықпайды

Басқаны былай қойып, жалпы, қазақтың жүрген жолына жай ғана көз тастаған адам не нәрсенің түбіне ұраншылдық жеткенін көреді. Тарихшы емеспіз. Зерттеуші де емен. Қарапайым оқырман ретінде көптеген жазбалардан осындай ой түюге мәжбүр екенбіз. Әсіре сілтеу мен байыбына бармаған бос ұран не заттың да қадірін алып, қасиетін кемітеді. Мұны мынау уақыт деген төренің өзі дәлелдеді. Бұл жаман әдет кейде құнды дүниені арзандатып жіберетінін ұғынуға тиіспіз.

 

Биыл – Ата Заң қабылданғанына 25 жыл. Осы күні Конституция туралы бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай қайталама жазбалар өте-мөте көп. Ашық ресурстарды ашып қалсаңыз, табақтай компьютердің бетіне сыймай, ақтарылып түседі. Бәрі егіз қозыдай бір-бірінен аумайтын, одан қалса көшірген, ұрланған, бұған дейін де мың мәрте айтылған, жазылған дүние. «Ата Заң пәленбай баптан, түгенбай тармақтан тұрады, түгенінші жылы, сондай да сондай референдумда қабылданған. Сонда ел бүйткенде, сөйткен» сипатындағы жазбалар жыртылып айырылады. Бірдеңе білетін де айтады. Білмеген де соны көкиді. Бірақ, солардың Ата Заңның алтыннан ардақты, күмістен салмақты болуына тигізер әсері шамалы. Не десек те, бұл жөнінде ғалым, зерттеушілерден асырып, жеріне жеткізе айта алмаймыз. Жаза да алмаймыз. Бұрын айтылғанды шиырлаудан әрі ұзамаймыз. Сондықтан, бүгін біз Конституция дегенде таным көкжиегімізді кеңіткен 1911 жылы Барлыбек Сырттановтың жазған «Қазақ елінің уставына»* зейін аудардық. Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен дайындалған бұл Конституциямен қазіргі Ата Заң өте үндес. Кейінгі уақытта ашық ресурстарда бар. Десек те, бұл құжат профессор Мәмбет Қойгелді айтатын сол кезеңдегі легитимді жалғыз билік – Алашорда арысының тапсырмасы негізінде жазылғандығымен аса құнды.

Осы арада профессордың мына бір дуалы дәлеліне назар аударған артық етпейді. Бұдан бірнеше жыл бұрын БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мәмбет Қойгелді «Қазақстанда патшалық билік легитимді болған жоқ. Оны күшпен алып, ысырып тастаған Совет билігі де легитимді болған жоқ. Ол кезде жалғыз легитимді билік болды. Ол – 1917 жылы желтоқсанда Орынборда құрылған Алашорда үкіметі. Міне, сол заңды билік болатын. Қай тұрғыдан алсақ та, ол сол кездегі жалғыз заңды билік болатын.

Алашорда қазақ қоғамында орта ғасырдан қалыптасқан саяси дәстүр ретінде шақырылған ІІ-ші жалпықазақ съезінде құрылды. Ол съезді ешкім заңсыз деп айта алмайды. Оны тек Совет тарихнамасы, идеологиясы заңсыз, бұзық секілді көрсетті. Ал, шын мәнінде, заң тұрғысынан, тарих тұрғысынан барлығын зерттеп, нақты бағасын берсек, ол сол кездегі заңды үкімет болатын.

Қазақ жерінде ұлттың игі жақсылары, үлкендері, дуалы ауыздары бас қосатын құрылтай бүкіл ұлттың атынан шешім қабылдайды. Ол саяси немесе басқа шешім бола ма, оны қазақ қоғамы мойындайды, соны орындайды. Сондықтан, І-ші, одан соң ІІ-ші жалпықазақ съезі де осы дәстүр бойынша шақырылды. Осы құрылтай съезі жабық түрде Алашорда үкіметін сайлады. Жабық түрде оның төрағасын сайлады. Ал Алаш партиясы шешімін бүкіл қазақ халқы мойындады.

Ал Совет Үкіметін қазақ қоғамы шақырған жоқ, Совет Үкіметіне қазақ қоғамы ашық түгілі жабық түрде де дауыс берген жоқ. Референдум, сайлау өтті ме? Жоқ. Сондықтан зерттеуші ретінде, менің түсінігім бойынша, Совет үкіметі легитимді емес» деді.

Ал, алаштықтар уставында не бар еді? Устав бүй дейді…

«І. Қазақ елі Республикасының жеке болуы турасында

  1. Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел.
  2. Қазақ елінің жеке туы бар. Ту жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің Исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары – қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі.
  3. Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни, доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады.
  4. Қазақ елінде ең басты орын – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды.
  5. Бір Президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.
  6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.
  7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.
  8. Қазақ елі Президентінің орынбасары – Вице-Президент. Ол президент жоқ болғанда орнын басады, бар кезде оның айтқанымен жұмыс істейді.
  9. Қазақ жерінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады.

ІІ. Адам баласының хұқы туралы

  1. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм Құдай алдында жауап береді.
  2. Қазақ елінде адам балалары бостандықта, теңдікте һәм бақытты өмір сүруге хұқы бар.
  3. Қазақ елінде ер адам мен әйел теңдігі. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады.
  4. Қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруға һәм партияларға кіруіне тыйым жоқ.
  5. Нәсілдерді бір-біріне қарсы итеретін ұйымның, партияның, адам баласының істеріне тыйым салынады. Кінәлілер законға жауапты.
  6. Қазақ елінде соттың рұқсатынсыз адам баласы ұсталмайды, абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатта хұкім беруі шарт, болмаса, қамаудан босатылады. Законды бұзумен қамаған сот алдында сазайын тартады.
  7. Қазақ елінде адам баласының хат-хабарын ашуға рұқсат жоқ. Рұқсат беру – соттың мойнында.
  8. Адам баласының мүліктің барлық түріне ие болуға хұқы бар. Мүлікке ие болу, пайдалану һәм билеуден адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлік хұқынан ауыру законмен, құнын төлеу арқылы болады.

ІІІ. Қазақ жері турасында

  1. Қазақ жері оның меншігінде болады.
  2. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, Құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты.
  3. Жердің кені, орман, суы, көлі һәм тауарлары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұқсатымен болады.
  4. Сот турасында
  5. Сот билігі өз еркімен іске асады.
  6. Соттың хүкімі законға һәм сот ережелеріне жүгінеді.
  7. Судьялар дау шешкенде хүкметке, яки, адам баласына бағынбай, закон һәм сот ережелеріне сүйеніп хүкім шығарулары шарт. Судьяларға әсер жасағандарға соттың хүкімі кесіледі.
  8. Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады.
  9. Орнынан алуды адам баласының арызы негізінде һәм Қазақ елі сотының Председателінің хүкімімен Ұлт мәжілісінде көп дауыспен растайды. Олай болмаса, судья өз атына қайтарылады.
  10. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар.
  11. Присяжный соты ауыр қылмыстарды шешуге хұқылы. Присяжный саны –7 адам.
  12. Сот орнында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айырылады. Жасырын мүше болса, орнынан алады».

Қазбаласақ, 1995 жылғы Ата Заңның өзегінде де осы – тұр емес пе? Конституцияның негізіне демократиясы дамыған Францияның Ата Заңы алынды деген күннің өзінде, мұнан Алаш арыстары дайындаған құжаттың иісі аңқиды.

Сол себепті, Ата Заң туралы сөз қозғағанда елге бейтаныс қалтарыстарына үңілген жөн. Сол арқылы ғана Ата Заңға құрметті күшейте аламыз. Әйтпесе, қара суды сапыра бергенмен одан май шықпайтыны аян ғой. Біз бүгін соны мақсат тұттық.

*1912 жылы жазылған тұңғыш Қазақ Конституциясынан үзінді Сәкен Өзбекұлының «Барлыбек Сырттанов» атты еңбегінен алынды дейді интернеттегі дереккөздер.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button