Саран қаласында «Таза Қазақстаным, таза Атамекенім!» республикалық челленджі аясында ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Игі бастамаға 100-ден астам адам қатысып, қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына атсалысты. Облыстың кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, экологиялық акция кәсіпкерлерді, қоғам белсенділерін және тұрғындарды ортақ мақсатқа біріктірді.

Челлендждің бастамашысы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Бастаманы облыс кәсіпкерлері белсенді түрде қолдап, өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға өз үлесін қосты.
Акция барысында қатысушылар қоғамдық орындардың бірін тазалап, аумақты ретке келтірді. Сондай-ақ, жаңа ағаш көшеттері отырғызылып, қаланың жасыл желегін көбейтуге көңіл бөлінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, тұрғындардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.
– Бүгін кәсіпкерлермен және қала тұрғындарымен бірге Саранды жасыл желекке бөленген, таза әрі өмір сүруге қолайлы қала етуге үлес қосып жатырмыз. Осындай бастамалар бизнесті де, қоғамды да ортақ мақсат – туған жерге қамқорлық жасау және балаларымыздың болашағын ойлау жолында біріктіреді, – деді Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы, «A.V. Group» ЖШС-нің бас директоры Владимир Алескеров.
Акция барысында қатысушылар табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы туралы пікір алмасты. Қоғамдық белсенділер мұндай акциялар, әсіресе, жастарды экологиялық жауапкершілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Экологиялық эстафетаны енді Балқаш қаласының кәсіпкерлері қабылдап алды. Олар да өз қалаларында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Осылайша «Таза Қазақстаным, таза Атамекенім!» челленджі өңірлерді біріктірген игі бастамаға айналып келеді.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



