Сахна саңлағы ел есінде
Биыл облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының актрисасы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің, бірнеше медальдардың иегері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Қайныкен Әлімбаеваның 100 жылдығы. Мерейтойға орай бекзада өнердің өңірдегі қарашаңырағында еске алу кеші өтті. Кеште актрисаның өмір жолын баяндаған шағын театрлық қойылым қойылды.

Еске алу кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының құрметті азаматы Рымбала Омарбекова мен театр өнерінің саңлағы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков сөз алып, актрисаның аруағына тағзым етті, оның театр өнеріндегі аласармас биігін айшықтады.
– Өнерге өмірін арнаған адал жандар ғана өнерсүйер қасиетті халықтың жүрегінде қалады. Қайныкен Әлімбаева – сондай тұлғаның бірі. Бүгінде шалқар дарын иесін еске алып, ұлықтап жатырмыз. Халқының өнеріне ғұмырын арнаған таланттарды құрметтеу – әр саналы азаматтың борышы деп білемін, – деді Рымбала Омарбекова.
Кеңес Жұмабеков мұндай тұлғалардың ғұмыр жолы соңындағы жас өнерпаздарға өнермен өмір сүрудің озық үлгісін көрсететінін айтты.
– Өнер халыққа керек. Өйткені, адамның жүрегіндегі махаббат пен ізгіліктің, мейірімнің, кеңдіктің алауын осы өнермен ғана жағуға болады. Қайныкен Әлімбаева сол жолда талмай еңбек еткен адам. Театрдың дарынды перзенті әрдайым халықтың жадында, жүрегінде сақталатынына сенемін, – деді Кеңес Жұмабеков.
Еске алу кешінен кейін Қайныкен Әлімбаеваның балалары ас беріп, ананың рухына құран бағыштады.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»



