Балқаш қаласындағы Әлихан Ермеков атындағы №17 мектеп-лицейінде күн энергиясымен жұмыс істейтін және автоматтандырылған суару жүйесімен жабдықталған заманауи «ақылды» жылыжай іске қосылды. Ерекшелігі – сол жобаның жұмысын оқушылар өздері бақылап, датчиктерді баптап, құрылғыларды құрастыруында. Бүгінде жылыжай қарапайым тәжірибе алаңынан толыққанды STEAM зертханасына айналған.

Мектептегі жылыжай бұған дейін де жұмыс істегенімен, онда негізінен сәндік гүлдер өсірілген. Алайда, Балқаш өңіріне тән құрғақ климат пен жаз мезгілінде тұрақты күтімнің болмауы өсімдіктердің ұзақ уақыт бойы қалыпты гүлдеуіне кедергі келтірген. Әсіресе, демалыс кезінде мектеп қызметкерлерінің көпшілігі жұмыста болмағандықтан, жылыжайды тұрақты бақылау қиынға соққан.
Жылыжайды жаңғырту идеясы мектептің Balkhash STEAM Serpini жобасына қатысуынан кейін пайда болды. №17 мектеп-лицейі байқауда үздік шыққан бес білім беру ұйымының қатарына еніп, «Автономды күн электрмен жабдықтау жүйесі және тамшылатып суару элементтері бар Smart-жылыжай» жобасын жүзеге асыруға 1,5 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алған.
– Бұл жоба ең алдымен оқушылар үшін ерекше маңызды, өйткені, жылыжай шынайы STEAM зертханасына айналды. Ал, педагогтер үшін заманауи оқу-тәжірибелік алаң, мектеп үшін жаңа форматтағы білім беру кеңістігі. Сондай-ақ, үдерістерді автоматтандыру су мен электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді STEM бағытының жетекшісі Валерия Подшивалова.
Грант қаражаты есебінен жылыжайға күн панельдері, фитолампалар және температура көтерілген кезде автоматты түрде ашылатын желдету жүйесі орнатылған. Қазіргі уақытта 200 құмыраға арналған тамшылатып суару жүйесі де іске қосылу сатысында. Жүйенің жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы сорғы алынған. Барлық деректерді жинау, өңдеу және сақтау Raspberry Pi микрокомпьютері арқылы жүзеге асырылады.
Жобаны іске асыруға мұғалімдермен қатар оқушылар да белсенді қатысып келеді. Физика пәнінің мұғалімі Евгения Ким энергетика және қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетсе, колледж студенті Арсений Подшивалов датчиктерді баптауға көмектесуде.
10-сынып оқушысы Леонид Зайцев құрылғыларды құрастыру және орнату жұмыстарымен айналысады. Жобаның дизайн және визуалдық шешімдерін Каролина Ковальчук әзірлеген. Зерттеу бағытын 8-сынып оқушысы Ксения Оралбекова жүргізіп жүр.
– Біз балаларды жылыжай әлемімен бірінші сыныптан бастап таныстырамыз. Олар мұнда экскурсияға келіп тұрады. Қазіргі таңда негізгі жұмысты 9-10-сынып оқушылары атқарып жатыр. Биыл 6-7-сыныптарды да жобаға тартуды жоспарлаудамыз. Алдағы уақытта автоматтандыру деңгейін одан әрі арттырып, түрлі байқауларға қатысуды көздеп отырмыз, – деді Валерия Подшивалова.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



