IT ұстаздың жеңісі
Қарағанды облысының мұғалімі республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрінді. Осакаров ауданындағы №9 гимназия базасындағы тірек мектептің информатика пәні мұғалімі Юрий Федоров CPFED Uzdik IT Ustaz спорттық бағдарламалау бойынша республикалық олимпиадасында қола жүлдеге ие болды. Елордада өткен білім бәйгесіне Қазақстанның 17 өңірінен 34 педагог қатысқан.

Облыстың намысын бұл додада екі ұстаз қорғады. Олардың қатарында Бұқар жырау ауданындағы Токарев тірек мектебінің мұғалімі Андрей Арцыбашев пен Осакаров ауданындағы педагог Юрий Федоров болды. Ол жүлделі үшінші орыннан көрініп, өңір абыройын асқақтатты.
Бүгінде IT саласы қарқынды дамып, бағдарламалау мен цифрлық сауаттылық замана талабының біріне айналды. Мұндай кезеңде оқушыларға тек теория үйретіп қана қоймай, оларды олимпиадалық деңгейдегі ойлау жүйесіне бейімдеу – үлкен еңбекті қажет етеді. Юрий Федоров осы бағытта бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келеді.
Педагогтің айтуынша, ол бағдарламалауға қызығушылығы бар оқушыларды арнайы іріктеп, тереңдетілген дайындық жүргізеді.
– Мектепте алты жылдан бері жұмыс істеп келемін және өз мамандығымды шын жақсы көремін. Өз бастамаммен дарынды оқушыларды жинап, бағдарламалауды тереңдетіп оқытамын. Шәкірттерімнің арасында өте мықты балалар бар, – дейді Юрий Федоров.
Олимпиадаға дайындық барысында мұғалім оқушыларымен бірге күрделі алгоритмдік тапсырмаларды талдап, түрлі деңгейдегі есептерді шешуге машықтанған. Бұл педагогтің тек өз нәтижесіне емес, шәкірттерінің де дамуына ерекше көңіл бөлетінін аңғартады.
– Олимпиада аяқталған соң балалар бірден хабарласып, қандай тапсырмалар болғанын сұрай бастады. Олармен бірге есептерді талдау өте қызық. Еңбегімнің бағаланғаны қуантады. Әсіресе, биыл қатысушылар деңгейі өте жоғары, – дейді ұстаз.
Юрий Федоров бұл олимпиадада алғаш рет топ жарып отырған жоқ. Өткен жылы да дәл осы республикалық додада қола жүлдегер атанған. Бұл – оның кәсіби деңгейінің тұрақты екенін көрсетеді.
Қазір педагог жаңа оқу жылына дайындықты бастап кеткен. Алда оқушыларымен бірге тағы да республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр.
Өз тілшімізден



