Балабақшаға сұраныс баршылық
Балаларды қорғау күнінде Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие, сапалы білім беріп, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіру – баршаға ортақ парыз. Мемлекет балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасай береді. Әрбір бүлдіршіннің балалық шағы бақытты, болашағы баянды болсын!» деп атап өтті. Осы ұстаным мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі негізгі саясаттың бағытын айқындап отыр. Қазақстанда соңғы жылдары балабақша инфрақұрылымын кеңейту, мемлекеттік тапсырыс механизмін дамыту және жекеменшік секторды тарту арқылы орын тапшылығын азайту өзекті. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде соңғы алты жылмен бағамдасақ, көптеген жұмыстар атқарылды. Алайда, Қарағандыдағы балабақша кезегін күткен 6 мыңға жуық баланың өтінішін ескерсек, мәселе толық шешімін таппаған.

Мектепке дейінгі білім қолжетімді
Өңірлік статистикалық деректерге сүйенсек, 2024-2026 жылдар аралығында балабақша инфрақұрылымы біртіндеп ұлғайып, сұраныс деңгейі де соған сай өсіп келеді. Бүгінде өңірде шамамен 410-420 аралығында мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде, мемлекеттік секторға қарасты балабақшалар мен шағын орталықтардың үлесі 200-ден астам, ал, жекеменшік балабақшалар саны 101-110 аралығында. Бұл құрылым соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыс арқылы жеке секторды тарту есебінен кеңейіп келеді. Сондықтан, облыста балабақшаға баратындар саны шамамен 38-40 мың баланы құрайды. Ресми есептер бүгінде баланы балабақшамен қамту деңгейі 90,9 пайызды құрағанын айтады.
Соңғы екі жылда екі мыңнан астам жаңа орын ашылды. Бұл жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев өткен жылды қорытындылаған есебінде атап өтті.
– Мектепке дейінгі білім беру саласында екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 90,9 пайызды құрады. Жыл ішінде қосымша орындар енгізіліп, жаңа мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. Бұл қолданыстағы желіге түсетін жүктемені ішінара азайтуға мүмкіндік берді. Қарағанды қаласында мемлекеттік және жекеменшік секторды қамтыған мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруды енгізу басталды. Бұл тетік қаржыландырудың ашықтығын арттыру және ата-аналар үшін қолайлылықты қамтамасыз ету құралы ретінде пайдаланылуда және 2026 жылдан бастап, облыс аумағында кезең-кезеңімен кеңейту жоспарлануда, – деді Дулат Жекебаев.
Алайда, мамандар бұл көрсеткіштің ішіне әртүрлі форматтағы топтар, қысқа мерзімді орталықтар мен аралас топтар кіретінін де растайды. Сондықтан, баланы балабақшадағы орынмен нақты толық қамту деңгейі өңірлік контексте әркелкі бағаланады.

Аймақтың білім басқармасы ұсынған 2025 жылғы деректерге сүйенсек, сол жылы да мектепке дейінгі білім беру жүйесінде бірқатар жаңашылдықтар жүзеге асты. Балаларды есепке алу және мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру Бірыңғай республикалық деректер базасына көшірілді. Дерекқорда кезекте тұрған жолдамалар ата-аналардың қатысуынсыз министрлік арқылы автоматты түрде берілді. Кезек әр балабақша үшін жеке қалыптасты. Әр ата-ананың төрт балабақшаны таңдай алуға мүмкіндігі болды. Өткен жылы республикада алғаш рет бұл жоба Шахтинск қаласында сәтті сыналды.
Сондай-ақ, бірқатар жаңашылдықтар жүзеге асқан сол жылы Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Бұқар жырау ауданында 1206 орындық балабақшалардың ашылуы – мектепке дейінгі білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз етті. Мемлекет тарапынан ұсынылған мүмкіндіктер жаңа жұмыс орындарын құрып, бір жағынан балалары көп отбасыларға қолдау білдірді.
Бұрынғы емхана ғимаратын қайта жаңғырту арқылы Бұқар жырау ауданы, Новоузенка ауылында 140 орындық жеке балабақша салынды. Балқаштағы 280 орындық мемлекеттік балабақша мәселесінің шешілгені балқаштықтар үшін тиімді болды. Приозерск қаласында 320 орындық, Пришахтинск қаласында 320 орындық мемлекеттік балабақша салу мәселесінің күн тәртібіне қойылуы – өңірдегі мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталды.
Жалпы, 2024 жылғы деректерге көз жүгіртсек, облыста балабақша жүйесі негізінен қолданыстағы инфрақұрылымды кеңейту және жекеменшік секторды қолдау арқылы дамыған.

Ал, 2025 жылға қарай өңірде мемлекеттік және жеке балабақшалар іске қосылып, жалпы орын саны көбейе бастады.
Алайда, 2026 жылы да бұл үрдіс жалғасқанымен, жаңа ашылған нысандар демографиялық өсім мен көші-қон есебінен пайда болған сұранысты толық жаба алмауда. Бүгінде аймақта балабақшаның саны өссе де, кезектің қысқармай отырғаны – қаладағы ішкі көші-қон және жаңа тұрғын үй массивтерінің көбеюінен де болуы мүмкін.
– Қарағанды дамып келеді, жаңа тұрғын кешендер мен толық микроаудандар пайда болуда, оларға инфрақұрылым қажет. Қазіргі уақытта ең үлкен кезек дәл облыс орталығында сақталып отыр, – деді облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлдана Нұрсұлтан.
Ресми дерек пен шынайы сұраныс
Ресми деректер бойынша, тек Қарағанды қаласының өзінде балабақша кезегіне 6 мыңға жуық бала тіркелген. Бұл дерекке әртүрлі себеппен балабақша кезегіне тіркелмеген немесе балама күтім формасын таңдаған отбасылар кірмейді.
Мамандардың айтуынша, нақты сұраныс бұдан жоғары болуы мүмкін, себебі, кей ата-аналар кезекті ұзақ күтуіне байланысты электронды базаға ертерек тіркелмейді. Баласы үшін арнайы жеке күтушінің қызметін пайдаланатындар да бар.
Білім саласындағы сарапшылардың пікірінше, басты мәселе балабақша санының жетіспеушілігінде ғана емес, олардың географиялық жағынан түрі аймақта орналасуында. Мысалы, қала орталықтарында жүктеме жоғары болса, кей ауылдық аймақтарда бос қалған орындар бар.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жаңа орындардың ашылуы және мектепке дейінгі ұйымдардың құрылысы саласын дамыту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Білім басқармасы тарапынан мемлекеттік балабақшалар салу, жекеменшік секторды мемлекеттік тапсырыс арқылы қолдау, цифрлық кезек жүйесін жетілдіру мәселесі негізгі бағыт ретінде көрсетілуде. Дегенмен, ата-аналар арасында балабақшаға орналасу мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе, ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан аудандарда орын тапшылығы сезіледі. Өңір тұрғындарының айтуынша, соңғы жылдары жаңа балабақшалар ашылғанымен, сұраныс көлемі азаймаған. Көпбалалы отбасылар мен жас ата-аналар үшін кезек мәселесі күнделікті қиындыққа айналған. Кей жағдайда ата- аналар балабақша кезегін бірнеше ай емес, бірнеше жыл күтуге мәжбүр болады.
– Қағаз жүзінде балабақша бар. Бірақ нақты орын алу үшін кезекті ұзақ күту керек. Кезек реті келмесе, бала басқа аумақтағы балабақшаға жіберіледі. Ол жер үйден алыс болса, күнделікті қатынау қиын. Кей ата-ананың жұмысы ерте басталады, тасып үлгеру де оңай емес. Сондықтан, көп адам амалсыздан жұмысын кейінге шегереді немесе туыстарының көмегіне сүйенеді, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Айдана есімді ана.
Ата-аналардың сөзінше, цифрлық кезек жүйесі енгізілгенімен, оның ашықтығына қатысты сұрақтар әлі де кездеседі. Кейбір тұрғындар кезектің баяу жылжитынын, ал, бос орындар туралы ақпараттың уақытылы шықпайтынын да айтады.
Тағы бір әке жекеменшік сектор мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, мемлекеттік тапсырыс берілген жекеменшік балабақшалардың өзі барлық отбасы үшін қолжетімді емес.
– Жеке балабақша бар. Бірақ, оның бағасы барлық отбасы үшін қолжетімді емес. Әсіресе бірнеше баласы бар отбасылар үшін ай сайынғы төлем ауыр. Кей жерде қосымша төлемдер сұралады. Сондықтан, мемлекеттік балабақшаға кезекте тұруға мәжбүрміз. Бірақ, бұл жүйеде кезек бірден келмейді. Бала өсіп кетеді, ал, ата-ана жұмысқа шығу мәселесін шеше алмай жүреді, – дейді Данияр есімді әке.
Тұрғындардың пікірінше, мәселе тек орын тапшылығымен шектелмейді. Кей аудандарда жаңа тұрғын үйлер саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым соған сай дамымай тұр. Соның салдарынан бір балабақшаға бірнеше шағынауданнан кезек қалыптасады. Осы орайда мамандар балабақшаға орын алудың тиімді жолын да ұсынады.
Орынды ерте алу мәселесін қалай шешкен дұрыс?
Білім басқармасының мамандары балабақшаға орын алудың бірнеше нақты тәжірибелік тәсілі бар екенін айтады.
Біріншіден, ата-аналар электронды кезек жүйесіне баланы мүмкіндігінше ерте тіркеуі керек. Себебі көптеген балабақшада орын бөлінуі жас ерекшелігі мен тіркелу уақытына тікелей байланысты.
Екіншіден, тек бір балабақшаға ғана емес, бірнеше балама балабақшаға қатар өтініш беру тәжірибесі орын алу мүмкіндігін арттырады.
Үшіншіден, жекеменшік балабақшаларды уақытша кезең ретінде пайдалану мемлекеттік орын босауын күтуде практикалық шешім бола алады.
Төртіншіден, кей жағдайда бала үшін жақын маңдағы ықшамаудандардан балабақша қарастыру да кезектің тезірек жылжуына әсер етеді. Себебі, әр ауданның жүктемесі әртүрлі.
Балабақша кезегі әлі де күн тәртібінде
2025-2026 оқу жылы үшін балабақшалардағы топтарды қалыптастыру науқаны биыл 31 тамызға дейін жалғасады. Қарағанды облысында ваучерлер (балабақшаға жолдама) бөлу кезегі 1 шілдеден басталуы мүмкін.
Өңірде қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны артқан. Алайда, бұл өсім сұраныс қарқынына теңеспей тұр.
Аймақта мектепке дейінгі білім беру жүйесі тек сандарға толы сұранысқа жауап «модель үлгісі» ретінде жұмыс істеп тұр. Ал, басты сұрақ сол күйі жауапсыз қалды. Соған қарағанда биыл да балабақша кезегін «сарғайып» күтетіндердің қатары азаятынға ұқсамайды.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



