Аймақ мәдениеті өркендеуде

Қашан да өткен тарихынан сабақ алып, болашаққа нық сеніммен қарау өсер елдің белгісі екенін тарих дәлелдеген. Біз де елдігіміздің 30 жылдығына тарихи өлшеммен қарасақ, санаулы ғана сәт сияқты. Бірақ, бұл кезең біз үшін ертеңгі күнге деген көзқарасымызды қалыптастырып, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінуімізге жеткілікті уақыт. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ айтқандай «Егеменді елдік дегеніміз – жалынды ұран мен жалаң сөз ғана емес». Ол – әр салада атқарылып жатқан істердің баянды болуы, өз нәтижесін беруі.

Өркениеттің көші жылжып, жаһандану белең алған осынау тұста қазақ мәдениетінің дамуы бір сәт те тоқтамауы тиіс. Ел мәдениетінің қамбасына қосып жатқан қазынасы мол өңірдің бірі – Қарағанды облысы.

«Өткеннің ізі, көненің көзі» демекші әуелгі сөзімізді қасиетті орындарымыз бен киелі нысандарымыз, елеулі ескерткіштеріміз бен тарихи тағылымы мол жерлерімізден бастасақ. 2021 жылы NurOtan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы Жол картасының тармақтарын орындау шегінде 60 мәдениет нысанына жалпы сомасы 728,6 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Осакаров және Бұқар жырау аудандарында 2 мәдениет нысаны жөнделді. Тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында 7 археологиялық зерттеу, 17 реставрациялау жұмыстары және мәдени мұраны насихаттау бойынша 6 әлеуметтік маңызы бар жоба жүргізілді. Оған облыстық бюджеттен 234 млн. 539 мың теңге бөлінді. Ерекше қамқорлық пен қолдаудың нәтижесінде сыры өшіп, сыны кетіп тұрған мәдени нысандарымызға өң кірді. Олардың қатарында «Степлаг» кешенін (Жезқазған қ.) қайта жаңарту және абаттандыру, Қарқаралы қаласындағы халқымыздың заңғар тұлғасы Абай тоқтаған үйді қалпына келтіру, Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Нүркен Әбдіровтің ескерткішіне жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Аймақ мәдениеті үшін айтулы жаңалықтардың бірі «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің ашылуы болды. Ұлт ұясы – Ұлытау өңіріндегі тамырлы тарихымызды жаһанға таныта түсуді мақсат еткен жобаның бастамашысы да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болатын. Әлем назарын Сарыарқа төріндегі әйгілі Жошы хан мазарына аудару арқылы туризмге жаңаша серпін беруді көздеген «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені ханға арналған кесенеден, мұражайдан, Жошы хан ескерткіші, жорық шатыры және қонақ үйден тұрады. Заманауи технологиялық мүмкіндіктер мен қордағы құнды жәдігерлерді пайдалану арқылы жасалған жобаға қазірдің өзінде жұрттың қызығушылығы зор. Бұдан өзге де туризмді дамыту бойынша Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы және Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі ашық аспан астында орналасқан «Талды тарихи-археологиялық паркі» туристік бағытының таныстырылымын өткізді. Қалпына келтіру жұмыстары 2019 жылы басталған бұл жоба – облысымыздың тарихи-мәдени мұрасын сақтау, әрі көпшілікке насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың бірі.

2021 жыл жетістіктерге толы болды деп айтуымызға негіз бар. Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің арасында төртінші мәрте ұйымдастырылған «Рухани қазына – 2021» республикалық фестивалінде облысымыздың мәдениет, өнер саласының қызметкерлері 2020 жылғы нәтижелерін қайталап, жеңістің биік тұғырынан көрінді. Қазақ елінің түкпір-түкпірінен қатысқан сала майталмандары арасында озық болған қарағандылықтар 2021 жылдың мәдени орталығы болып танылған киелі Көкшетау жерінен 7 аталым бойынша жүлдемен оралды. Олардың қатарында Үздік облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы аталымы бойынша – Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы, Үздік музейлік онлайн жоба аталымында – Долинка кентіндегі ҚарЛАГ саяси репрессия және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі, ал, музей ісі саласындағы «Мәдениет жанашыры» аталымы бойынша лайықты деп танылған Жезқазған қалалық тарихи-археологиялық музейінің ғылыми қызметкері Мухамедина Эльвира бар.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында аймағымыздағы музейлер де белсенді жұмыс істеді. Атап айтқанда, Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде «Құндылықтар сөйлейді: 20 000-шы жәдігер!» тақырыбында тағылымды кездесу өткізілді. Музей қорына 20 000-шы жәдігерді тіркеу рәсімі тарихи-мәдени білім беруге арналған музейлік жобаларды таныстыруымен ерекшеленді. Ал, Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы дүниеге келіп, 30 жылдықта өсіп-өнген, ел өмірінің әр саласына кірпіш болып қаланған жастардың басын қосып «Тәуелсіздік құрдастары» жобасын өткізді. Бұл жұмыс 2021 жылдың қаңтарынан басталып, желтоқсан айында мәресіне жеткен бейне-сұхбат форматында жасалды. Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында ауыл шаруашылығы саласының майталманы, еңбек ардагері Жұмаділда Қасымбековке арналған «Елінің елеулі азаматы: ұрпаққа үлгі» көрмесі ұйымдастырылды. «Елінің елеулі азаматы: ұрпаққа үлгі» жобасының ерекшелігі – Ұлытау-Жезқазған өңірінің дамуына және оның қалыптасуына үлестерін қосқан киелі мекеннің ұландарын еске алу және олардың өнегелі өмір жолдарын насихаттау болып саналады. Жезқазған жеріндегі басты музейде өткен тағы бір тағылымды шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай антиядролық қозғалыстың белсендісі, АТОМ жобасының Құрметті елшісі және Нобель сыйлығының номинанты, суретші Кәріпбек Күйіковтің «Қылқалам ұшындағы құдірет» атты көрмесінің ашылуы болды.

Қарағанды облысының кітапханалар жүйесіне кіретін 315 кітапхананың қызметін тек 2021 жылдың өзінде 358 111 оқырман пайдаланды. Оқырман санының жыл сайын артуы байқалады. Кітап қоры 5 млн. 554 мың 254 сақтау бірлігін құрайды, оның ішінде ауылдық жерде 2 млн. 693 мың 833 бірлік, кітап беру көрсеткіші – 5 млн. 895 мың 920 дана. Облыс кітапханалары қазіргі уақытта 1259 компьютермен жабдықталған, оның 255 кітапхана интернет желісіне қосылған. Бұл жұмыс алдағы жылы да өз жалғасын табады.

2021 жылдың мамыр айынан бастап, республикада 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді мемлекеттік шығармашылық тапсырыс арқылы үйірмелермен қамту жобасы іске асырылуда. Шығармашылық тапсырысты іске асыру аясында 2021 жылға жергілікті бюджеттен 200 млн. 235 мың теңге бөлінді. Бүгінгі күні мемлекеттік шығармашылық тапсырыс арқылы 4877 баланы қамтитын 111 үйірме жұмыс істейді.

Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2020-2025 жылдарға арналған «Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары бойынша 2021 жылы да бірқатар шаруа атқарылды. Архивтік анықтамаларды, архив құжаттарының көшірмелерін немесе архивтік үзінділерді беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету аясында облысымыздағы 20 мемлекеттік архивте бір жылдың ішінде 70880 архивтік анықтама берілді, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы – 13614, «Электрондық үкімет порталы» арқылы – 33763, көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы (қағаз нысанда) – 23503.

2021 жыл бойы театрларымыз бен концерттік бірлестіктеріміз көптеген облыстық онлайн-байқаулар өткізді: облыс тұрғындары арасында «Сарыарқаның жаңа есімдері» атты көркемөнерпаздар шығармашылық конкурсы, 20-45 жас аралығындағы жас санаттары арасында Наурыз символы – қызғалдақ суреттері мен қолөнерінің қалалық конкурсы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ардагерлер ән салады», «Жан шуағы» облыстық фестивальдері, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғыры» патриоттық әндерінің балалар фестивалі, Алғыс айту күніне, Наурыз мейрамына, Қазақстан халқының бірлігі күніне, Отан қорғаушылар күніне, Жеңіс күніне онлайн-іс-шаралар өткізілді.

Даңқты жерлесіміз, күміс көмей әнші Мейірхан Адамбековке көрсетілген құрмет ретінде Қарағандыдағы «Жұлдыздар аллеясында» Мейірхан Адамбеков жұлдызы ашылды. Салтанатты іс-шараға талантты әншінің өнердегі әріптестері Рамазан Стамғазиев, Аманжол Әлтаевтар қатысты.

Офлайн режимінде ұйымдастырылған тағылымды шаралар да көп болды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманың 70-жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысы арқа жұртын жырға бөлеген тамаша оқиға болды. Дүбірлі сөз додасына алты алашқа танымал ақындар келіп қатысып, Асанәлі Әшімов, Алтынбек Қоразбаев, Ұлықбек Есдәулет, жерлестеріміз Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай сияқты өнер, әдебиет алыптары айтысқа өз төрелігін жасады. Бұдан өзге де облыстық жас ақындар айтыстары ұйымдастырылды.

«Үздік ауылдық мәдениет үйі» және «Үздік ауылдық клуб» номинациялары бойынша «Қарағанды облысының үздік клубтық ұйымы» облыстық байқау-конкурсы өткізілді, «Керемет» балалар телевизиялық жобасының және «Бенефис шоу» телевизиялық жобасының түсірілімдері жүзеге асырылды.

Кенді өңірдің орталығы Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әндер орындаушыларының конкурсы өткенін де мақтанышпен айтуға болады. Конкурста Қарағанды облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Семей өңірлерінен келген жас орындаушылар халық әндері мен дәстүрлі әндерден бақ сынады.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына, Серке Қожамқұловтың 125 жылдығына, Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына, Манарбек Ержановтың 120 жылдығына, Мақат Рымжановтың 100 жылдығына, Софы Сматаевтың 80 жылдығына арналған іс-шаралар, Украина, Ресей, Қазақстан елдерінің қатысуымен «Кукляндия» қуыршақ фестивалі, «ДосStar», «Әуенді Сарыарқа» оперетта және мюзикл фестивалі, Ж.Хаджиев атындағы республикалық театр фестиваль-форумы, Тәттімбет атындағы VIII республикалық байқауы, Ә.Сығай атындағы республикалық театр фестивалі, шығармашылық ұжымдардың жақын және алыс шетелдерге (Түркия, Моңғолия т.б) гастрольдері, республикалық және халықаралық театр фестивальдеріне қатысуы сияқты елеулі оқиғалар болды. Бұдан бөлек ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ сияқты беделді халықаралық ұйымдардың жұмысы бойынша да облысымызда бірқатар іс-шара өтті.

Қойнауына құт қонып, ырысы артып, халқының ынтымағы жарасқан кенді аймақ қашан да тарих пен мәдениеттің, әдебиет пен өнердің қазынасы іспеттес. Өңірдегі мәдениет ұйымдарының жұмысын одан әрі дамыта түсу үшін атқарылатын жұмыстар легі әлі де көп. Есіктен еніп жатқан барыс жылы да басталған жұмыстарымыз жалғасын табады.

Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВ,

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.