Бас тақырып

“5-10-20”: Баспана нарығын не күтіп тұр?

Тұрғын үй бағасы шарықтап тұр. Қаладан пәтер алу үшін жылдар бойы жинаған қорыңыз болуы керек немесе несиеге арқа сүйейсіз. Әйтсе де, сол ипотекалық несиенің өзіне көп адамның қолы жетпейді. Алғашқы жарнасы мен пайыздық мөлшерлемесі – қымбат. Осыдан келіп, пәтер жағалаған халықтың саны өсті. Баспанасы жоқ тұрғынның тұрмыс деңгейі төмендеді. Осыны ескере отырып, Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Үкіметке «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырды.

«Экономиканың өсімі мен жұмыспен қамтудың және әлеуметтік қолдаудың қуатты стимулы – қолжетімді тұрғын үй құрылысы болуы керек. Елбасы бастаған «7-20-25» бағдарламасы тұрғын үй құрылысы бойынша ипотекалық несиелеуге үлкен серпін берді. Кезекте тұрған адамдарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырамын. Бұл мақсатта дағдарысқа қарсы қаражат аясында 390 млрд. теңге бөлінеді» – деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ негізінде «Отбасы банкі» даму мен қолдау институтын құру жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, тұрғындарға өздерінің баспана мәселесін шешу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуға рұқсат беру мәселесін де көтерді. Бұл бойынша Үкімет биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін нақты қадамдарды анықтап, шешім қабылдауы тиіс.

Сонымен, жаңа ипотекалық бағдарламаға кімдер қатысып, баспаналы бола алады? Ұсынатын шарттары қандай? Бұл мәселеге қатысты «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова түсініктеме берді. Оның айтуынша, бағдарламаға бөлінген 390 млрд. теңгенің 210 млрд. теңгесін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» игереді. Бұл қаражат бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін, баспанасы жоқ азаматтарды пәтермен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Ал, қалған 180 млрд. теңге облыс әкімдіктеріне үлестіріліп, аймақтарда жаңа тұрғын үйлер бой көтереді.

– Бұл бағдарлама бойынша ең алдымен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қамтылады. 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, елімізде 540 мың адам кезекте тұр. Осыдан соң, мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік сала мамандары назарға алынады. Олардың жалпы саны – 212 мың адам. Бұдан бөлек, толық емес отбасылар, көпбалалы аналар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған азаматтар да бағдарламаға қатысып, баспаналы бола алады, – дейді Ләззат Ибрагимова.

Бағдарламаға қатысып, баспаналы болғысы келген азамат жергілікті әкімдіктің арнайы бағамен салған тұрғын үйлерінен пәтер таңдайды. Оның шаршы метрге шаққандағы бағасы бекітілген сомадан аспауы тиіс. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласында – 240 мың теңгеден, Алматы қаласында – 220 мың теңгеден, Атырау мен Ақтауда – 200 мың теңгеден, ал өзге аймақтардың барлығында 160 мың теңгеден аспауы керек. Бұдан бөлек, тұрғындардың таңдауына қарай жеке құрылыс компанияларынан да пәтер сатып алуға мүмкіндік берілмек. Қазір оның бағасы нақтылануда. Әйтсе де, болжам бойынша Қарағанды облысы үшін шекті баға шамамен 15 млн. теңге көлемінде болады.

Қазіргі таңда «5-10-20» бағдарламасының шарттары әзірлену үстінде. Мамандар тұрғындардың талап-тілегі толық ескерілетінін айтып отыр. Бүгінде баспана алуға үмітті азаматтарға қойылатын негізгі талаптар белгілі болды. Олар:

 – Азаматтың өзінің басында баспана болмауы керек;

 – Азамат баспана кезегінде тұруы шарт;

– ТҮҚЖБ-дегі депозитіңізде пәтер құнының 10 пайызы көлемінде жинақ болуы тиіс;

 – Тұтынушының несие алған мерзімінде берешек 5 пайыз үстемақымен өтеледі;

– Қарызды қайтару уақыты 20 жылға дейін есептеледі.

Тұрғын үй бағдарламасының шарттарын ел Үкіметі бекітеді. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасының бір тармағы ретінде жүзеге асады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button